Сайрамдық балабақша қызметкерлері басшылардың бар былығын жайып салды

0

Ал шенеуніктер түрлі сылтау айтып, балабақша ашуға құлықсыз екен. Соның слдарынан «бала азайды» деген желеумен жалақымен қоса, жұмысшыларды да қысқартпақшы. Осыған өкпелі тәрбиешілер аудандағы басшылардың бар былығын жайып салды.

Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылындағы «Күншуақ» балабақшасы былтырғы наурыздан бері карантинге байланысты жабық тұр. Аудандағы 100 мекеменің бәрі жұмыс істеп тұрса да, бұл орталық түрлі сылтаумен ашылмай келеді. Соның салдарынан 280 тәрбиеленушінің тең жартысы балабақшадан шығып кеткен. Тиісінше, жұмысшылардың жалақысы да қысқарып қалған.   Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

 

Гүлнар Құралова, тәрбиеші:

— Балабақшамыздың қашан ашылатынын басшыларымыз айта алмайды. Бірақ бала аз болса, жалақы қысқарады деді. Ал ол жабық болған соң, ата-аналар баласын жекеменшік балабақшаларға әкетіп жатыр. Соның салдарынан 70 мың жалақы алып жүргендер 38-40 мыңға дейін қысқарды. Сонда біздің кінәміз не?

«Шегінерге жол жоқ» деген жұмысшылар балабақшадағы былықтың бәрін жайып салды. Айтуларынша, соңғы 10 жылда мектепке дейінгі мекемеге бюджеттен ойыншық түгілі, сабын, ыдыс пен киім жууға арналған ұнтаққа көк тиын бөлінбеген. Бояу мен әкті ата-аналар есебінен алып, жұмысқа өзімізді жегеді дейді. Тіпті бірнеше айдан бері зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына деп ақша ұсталғанымен, жарналары  есепшоттарына түспей жатыр екен.

— Біз қаңтар, ақпан, наурызда тағы медсақтандырусыз, зейнетақысы жарнасынсыз қалып отырмыз. Ал оған кім жауапты? Сіздер заң бұзып  отырсыздар. Біздің меңгерушіміз 3 миллион 700 мыңды қағазда тура құжатты шұқып көрсетті. Осы нәрсе құйылмай тұр. Желтоқсан айының. ол сіздерге өтіп кеткен.

Балабақша қызметкерлерінің айқайын естіген білім бөлімі мен аудан басшылары бірден келді. Айтуларынша, карантиннен енді ес жиып, ашпақ болып жатқанда екінші қабаттағы құбыр жарылып, 5 тонна су балабақшаны бүлдірген. «Енді күрделі жөндеуден өтпейінше, тіпті ашылмайды» — дейді шенеуніктер.

Құралай Шадиева, Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

— Толық жөндеу біткенше, ата-аналар баламызды балабақшаға береміз десе, біздің Ақсукенттің ортасында балабақша жеткілікті. Бізде балабақшамен бала 100 пайыз қамтылған. Осы жерде қалаған үй жанындағы балабақшаға бере береді.

Күрделі жөндеудің қашан өтерін ауданда айтар басшы жоқ. Ал бірнеше ай түспей қалған жарна мен жылдар бойы ата-анадан ақша жиналып келгенін ешкім айта алмады. Себебі, жаңа жылға дейін Күншуақ балабақшасы ауылдық әкімдікке қараған. Ал ол әкім зейнетке шығып кетіпті. Бұрынғы меңгеруші мен бас есепші жемқорлық бабымен сотталып кетіпті.