Алматы облысында миллиардқа салынған мектеп пен амбулаторияны жөндеуге тағы миллиондар бөлінген

0

Желге ұшқан миллиондар. Алматы облысының Қаратал ауылында жаңа мектеп жарамсыз күйге түсті. Жарты миллиардтай бюджеттен ақша бөлінген білім ордасының едені опырылған, қабырғасы қақыраған соң есігіне амалсыз құлып салынды. Соған жапсарлас орналасқан жаңа амбулатория да қазір жабық. Қыруар қаржыға салынған ғимарат қазір қаңырап бос тұр, деп жазды КТК арнасы.

Ал әкімдіктегілер әдеттегідей, болған жайға мердігер компанияларды кінәлады. Жарты миллиардқа салынып, жарамай қалған нысандарды тілшіміз көріп келді.

Сырты бүтін көрінген, іші бүлінген бұл мектеп былтыр желтоқсаннан бері жабық. 2014 жылы бюджеттің 430 млн теңгесіне соғылған ғимараттың қазіргі сиқы осы. Қақыраған қабырға мен  қисық еденге қарағанда жер сілкінісі болғандай. Жаңа спортзалда асыр салған оқушылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Небәрі төрт жылдан кейін едені опырылып ортасына түсті. Дөңгелене, иіріле жатқан ағаштардың сұрқына қарап, тақтай емес, құдды қағаз ба дерсің.

Қараталдағы ескі мектеп қасынан ашылған жаңа ғимаратта спортзал, асхана мен бастауыш сыныптардың оқытатын кабинеттер орналасқан. Алайда бар-жоғы бірнеше жыл істеген мектеп қазір жарамсыз.

Ғалия Мақыпбекова, мектеп директоры:

— Қолданысқа бергеннен бастап, бірінші жылдан бастап жарылыс ақырындап-ақырындап пайда болды. Бірақ оны енді бірінші жылы болғандықтан, өздері келіп, құрылыс жұмысын «ПроЭксГрупп» деген компания жасады, олар өздері келіп барлық жағдайларды түзетіп кеткен. Ал, бірақ сол жарықтар жылда-жылда пайда бола берді.

Бір қызығы, едені шіріп, қабырғасы жарылып жатқаны жайында 2018 жылдан бері айтылғанмен, мектепті әлі апатты деп танымаған. Техникалық жағдайын анықтайтын сараптамаға өтінім берілгенімен, үш жылдан бері әлі қорытындысы шықпапты. Құрылысқа тапсырыс беруші Ескелді ауданы әкімдігінің Құрылыс басқармасы. Бірақ осы жайтқа жауап берер не басшысы, не орынбасарын жұмыс орнынан таппадық. Тек мектепті балансқа алған білім бөлімі ғана үн қатты.

Шолпан Жақанова, Ескелді ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

— Аудандық прокуратура ұсынысымен, Ескелді аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар бұл істі барлығы біледі.

Барлығы білгенмен, бітіріп жатқаны шамалы. Бақандай үш жыл өтсе де, кінәлісі жазасын алмаған мектептің ендігі жайына қатысты шешім әлі жоқ. Білім ордасының қасынан 2014 жылы ашылған жаңа амбулатория да осындай күйде. 164 млн. қазына қаржысы жұмсалған медициналық мекеменің іші азынап тұр. Небәрі төрт жылда іргетасы қисайып, 2018 жылы амалсыз жабылған.

— 2015 жылдың аяғында, наурыз, сәуір айларында кішкене жырақ пайда болды.

2015 те сөгіле бастаған қабырға, ақыры 500 шаршы метр ғимараттың түбіне жетті. Республикаға ауыз толтыра мақтаған амбулатория аз уақытта апатты ғимараттардың тізімін толықтырды.

Жаңа ғимаратта науқас қабылдап жұмыс істеу қауіпке айналған соң, 2018 жылы жапсарлас орналасқан бұрынғы амбулаторияға көшірілді. Бірақ, бұл ғимараттың бой көтергеніне 90 жылдан асып кеткен.

Ауылдың жалғыз дәрігері Бағдат Құттыбаеваның Гиппократ антын бергеніне 34 жылдан асқан. Содан бері осы ауылда, осы саланың тізгінін ұстаған. Жаңа амбулатория ашылғанда қатты қуанған көңілі, ескі ғимаратқа қайта көшкенде су сепкендей басылды.

Бағдат Құттыбаева, Қаратал емдеу амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері:

— Енді бұдан кейін де салынатын болса, шынында соның ішінде жұмысымызды жақсылап атқарып, ештеңеден қорықпайтындай болып, «ертең құламай ма?» демейтіндей салынса, ол халыққа да, бізге де жақсы болар еді.

Мекеменің апатты деп танылғанына екі жылдан асты. «Сапасыз салынған құрылыс» бабымен іс те қозғалған. Алайда тергеу екі жылдан бері сағызша созылып бітер емес. Тіптен сараптама қорытындысы да әлі шықпаған.

Марат Нүсіпбаев, Алматы облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

— Сарапшыларға байланысты. Топырақтан сынама алады. Үш-төрт айдың ішінде қорытындысы шығады деген ойдамыз. Негізі амбулаторияны жөндеуге болады. Мердігер компания кінәлі деп табылса сол жөндеу жұмысының ақшасын өтейді.

Бір ғана Қаратал ауылында қатар тұрған қос ғимарат құрылыс сапасының қандай құрдымға кеткенін көрсететін ескерткіштей. Жаңа мектеп жабылған соң, былтыр ескісін күрделі жөндеуден өткізуге қазынадан тағы да 436 миллион бөлінген.

15-ақпанда оқушылар жаңарған білім ордасының табалдырығын аттады. Бірақ бір апта өтпей, есік жақтауларының сылағы түскеніне қарағанда, жөндеу жөнді жүргізілмеген секілді.