Антик дәуірінің ғұлама ойшылы — Ибн Сина

0

Антикалық философия дегенде көз алдымызға бірден кішкентайымыздан барлығымыз сүйсініп білетін түрлі грек өрнектері елестейді. Б.з.д. VII ғ. соңында VI ғ. басында пайда болып, б.з. V ғ. қамтыған жылдарда әлем, жаратылыс, Құдай туралы ой қозғаған антик философтары Лукреций Кар, Пифагор, Фалес, Платон сияқты ірі ойшылдардың аты дүниежүзіне мәлім бола бастады. Мәлім болғаны соншалық олардың бес-алты сөзден тұратын цитаталарын көмейімізден шығармай, керек десек, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда жазуға үйір боламыз.

Күн, ауа, топырақ, жалпы қоршаған ортанының қалайша пайда болғанын материя мен абстракт жағынан қарастырған философтардың тың ойлары мыңдаған жылдар өткен сонау заманда да, мына біз өмір сүріп отырған қоғамда да жалғасуда. Түрлі діни ағымдардың өмір сүріп тұрған кезеңінде, адамзат баласының барлығы бір арнада жүрмейтіндігіне, әр адамның өзіне тән тұлғалық қасиеті, бірдей ойлайтын, бірдей мінезі бар екі адамның бола алмайтындығына көзіміз жетеді. Осынау терең ғұламалық ойлар қазіргі техника мен ғылым дамыған заманда да өзіндік қолданысқа ие.

Мәселен, антика философиясы осынау ірі тақырыпты жан-жақты зерттеп келгеніне қарамастан, біз жас ұрпақ әлі де сол көптеген сұраққа жауап іздеудеміз. Пифагоршылар, Элеаттар, атомшылар  (Левкипп, Демокрит), софистер (Горгий, Гиппий, Протогор, т.б.), Эпикур мен Эпикуршiлер ( Лукреций Кар), Стоиктер (Зенон, Луций Анней Сенека, Марк Аврелий), скептиктер (Пиррон, Секст Эмпирик), кинктер (Антисфен, Диоген Синопский), неоплатонизм (Плотин, Прокл, Янвлих)  сияқты ойшылдардың ғарыштық логоцентризм турасындағы ойлары, физика ғылымындағы әр заттың ең кіші бөлшегі атомнан тұрады деген асқақ ойлары сол кездің өзінде елдер арасында дау тудырғаны сөзсіз. Көне грекияның атақты философы Фалестің барлық тіршіліктің иесі су, су буға айналады, ал бу ауаны түзеді деген ерекше ойлары әлем жаратылысының қаншалықты құпиялы, керемет екеніне үңілтті.

Медицина саласына келер болсақ, діни шектеулердің талаптарына сәйкес адамды тек сыртқы келбеті бойынша, яғни пышақ астына алмай, оның ішкі құрылысының жағдайы ескерілмей емдік шаралары өткізілді. Адам қатты ауруға шалдыққан кезде қан жіберу сияқты дәстүрлі әрекеттер кең орын алған болатын. Сол заманның осындай тыйымдарына қарамастан, өзінің пәлсапалық дарындылығы арқасында тек медицина емес, өзге ғылым салалары бойынша да аты әлемге әйгілі болған Ибн Сина (Авиценна) есімі философия назарында елеулі орын алады. Оны дәрігер, философ, математик, музыкант, ақын, ұлы ғалым, жиырма тоғыз ғылым саласында еңбектері жарық көрген адам ретінде дүние жұртшылығы таниды.

Инб Сина Гален және Гиппократпен салыстыруға болатын керемет дәрігер, Галилей деңгейіндегі көрнекті натуралист, математик, физик, химик, тіпті жануарлар физиологиясының маманы болған. Ол музыка теориясымен де айналысқан және оның бұл туралы білімі Қайта өрлеу ренессанс дәуірінде пайдалы болғаны да сөзсіз.

Ибн Синаның ең тамаша оқулығы «Дәрігерлік ғылым» деп аталады. Өмір сүріп отырған дәуірінде емдік саласына қалдырған осыншама еңбегінің адамзат тарихы үшін маңызы зор. Бірақ басқа да еңбектері тарихқа түегейлі енді және классикаға айналды. Мәселен, «Құтқару кітабы», «Білім кітабы», «Нұсқаулар мен ескертулер кітабы», » Әділ сот ісі кітабы» сияқты еңбектерінің маңызы мен әр жазылған сөзі құнды дүние. Бұл жерде біз ғұламаның қай сала болмасын жан-жақты, қырағы, көп ізденіп, көп білген адам болғанын анық байқаймыз.

Ибн Сина, сондай-ақ, гуманизмнің жаршысы болды, өйткені оның адам туралы ілімі – бұл дене мен жанның бірлігі туралы ілім. Осы жерде Ибн Сина өз еңбектерін араб тілінде жазғанымен, бұл оның араб мәдениетіне тиесілі екендігін білдірмейді. Оның еңбектері барлық өркениеттердің меншігіне айналғандықтан, ол дүниеге келгеннен бастап бүкіл әлемге тиесілі болды деп айта аламыз. Туған жері Түркістан, Өзбекстан, Түркия деген болжамдарға сәйкес бұл елдердің бәрі Авиценнаны өздерінің меншігі деп санайды. Түркияда өткен «Ибн Сина – Ұлы түрік ғалымы» монографиясы жарық көрді. Парсылар жауап ретінде: «Ол біздікі. Ол бізде жерленген. Ол әмірлердің соттарында болды» деген даулы сөздерін келтірген болатын.

Ибн Сина тек шығыс елдеріне ғана емес еуропалық мәдениетте де сезіледі. Түрлі батыстық фильм, очерктердегі Авиценна көрініс табатын кадрларда оның ірі ғұлама кейпіндегі образы керемет сомдалып келеді. Мәселен, 2013 жылы ағылшындар түсірген «Лекарь: Ученик Авиценны» көркем фильміндегі ғұламаның образынан кейін ойшылдың ұлылығына одан әрі тамсана түсесің. Оның дәуірінде өмір сүргің келіп, жаңалық ашқан кездегі күйін кешкің келіп кетеді.

Жиырма жасының өзінде көпшілікке ғалым ретінде танылған Ибн Синаның жеке өмірі туралы деректер жоқтың қасы екен. Әйтсе де оның әйел сұлулығына арналып жазылған өлеңдері мәлім. Аты шулы емшінің атағы дүйім елге жайылғаны сонша, көптеген билеушілер оның өз жанынан табылғанын да қалаған екен. Тіпті Газневий сұлтананың негізін қалаушы сұлтан Махмуд Газневи өз сарайына ең мықтыларды бұйрықпен алдыртқан кезде, Ибн Сина оның басқыншылығына көнбей елден қашқан әрекеті де болған екен.

Өмірінің ақыры соғыс майданында өзінің билеушісі Алла Аддаул жанында өтеді. Дәрігер ретінде 57 жасқа жеткен кезінде, ішкі құрылыстарының тозып әлсірегенін де сезеді. Өзінің шәкірттеріне емделудің қажеті жоқ екенін білдіріп, өмірден: «Біз толық санада өлеміз және бір ғана нәрсені алып жүреміз: біздің ештеңе білмей кеткенімізді білеміз» деген сөздермен өмірден өткен екен. Мұны бүкіл өмірін, энергиясын, жастығын және денсаулығын білімге арнаған адам айтқан екен.

Гүлдана СОФИЕВА

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қазақ филологиясының магистранты,

Данат ЖАНАТАЕВ

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент