Жамбыл Жабаев және фольклор

0

Аннотация. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған, 100 жылда бір туатын өз заманының құбылысы болған «Феномен-Феникс» — Жамбыл Жабаевтың биыл туғанына 175 жыл толуына байланысты мақалада жыр алыбы Жамбыл мұраларындағы фольклорлық сарындарға шолу жасалады. Жамбыл Жабаев шығармашылығындағы қазақ халық ауыз әдебиетінің рөлі пайымдалады. Жамбыл Жабаевтың жыршылық, жыраулық өнеріне баса назар аударылады. Халық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің алтын көпірі болған Жамбылдың жыр-дастаншылдық, айтыскерлік және күйшілік өнері жеке-жеке қарастырылады. Ұлы ақын Абаймен түйдей құрдас болған Жамбыл ақынның шығармашылығындағы фольклордың алатын рөлі бағамдалады. Мақалада Жамбыл поэзиясындағы азатшыл рухқа ерекше назар аударылады. Жырдың қызыл жолбарысы Жамбыл мұраларынының болашақта зерттелу жайына пайым жасалады.

Тірек сөздер: Жамбыл, фольклор, жыр, дастан, күй, жоқтау, аңыз, арнау, айтыс, эпос, қазақ халық ауыз әдебиеті.

Өмірінің 90-жылдарынан бастап шығармашылығының шарықтау шегіне жеткен адам дүниеде біреу болса, ол – жыр алыбы Жамбыл. Көне заманның сарқыншағы болған жырау, жыршы, суырыпсалма, айтыскер ақын Жамбыл бабамыз қарға тамырлы қазақ халқының жоқшысы, жыршысы, отты өлеңдерімен туған еліне рух сыйлаған алып тұлға еді. «Жамбыл менің – жай атым, Халық менің – шын атым» деп жырлаған Жамбылдың жырларында қазақ халық ауыз әдебиетінің жақұт-маржандары молынан кезігеді. Өлеңдерінің бірталайы халық арасына ауыз-ауыздан тарауына байланысты тұңғыш жамбылтанушылардың бірі Сәкен Сейфуллинннің мына сөзі есімізге оралады: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз».  Осы азаматтық борышын өтегендердің қатарына Шамғали Сарыбаев, Сапарғали Бегалин, Ғали Орманов, Сәбит Мұқанов, Нысанбай Төреқұлов, Сұлтанғали Садырбаев сынды ғалымдарды жатқызуға болады.

Жамбыл Жабаев ертеден тамыры үзілмей келе жатқан жыр-дастандардың кезекті жалғастырушысы ретінде «Алпамыс батыр», «Ер Төстік», «Шаһнама», «Ерназар мен Бекет», «Көрұғлы», «Манас», «Шора батыр» сынды ұзақ дастандарын өзінше жырлап, тұралап қалған халқының рухын қайта күшейту үшін «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр», «Саурық», «Жапар»  дастандарын жаңаша жырлап, халық поэзиясы мен жазба әдебиетін ұштастыра білген алтын көпір іспетті. Бұл жөнінде Сейіт Қасқабасов Жамбыл Жабаевқа үлкен баға береді: «Қазақ поэзиясында жырау, жыршы, ақын деген үш атау талант иелерінің үш сипатын, әдебиетіміздің әр дәуіріне сәйкес үш түрін, дәлірек айтқанда үш кезеңін көрсетеді. Бұлар – импровизаторлық өнердің ғана үш өкілі емес, сонымен қатар ауыз әдебиетінің өмірді, ел тағдырын, қоғам тіршілігін бейнелейтін үш тәсілдің иелері десе де болады. Жырау – қазақ мемлекетінің бас идеологі ретінде толғанса, жыршы елдің ерлерін негізгі тақырыпқа айналдырады, ал ақын адамның тіршілігі мен сезімін суреттейді. Демек, үшеуі – сөз өнеріміздің ауызша түрінен жазбашаға қарай дамуындағы үш саты. Сол себепті бұл үш өнер бір кісінің бойынан табыла бермейді, ол тек ілуде бір, ұлы таланттарда ғана кездеседі. Сондай адамдардың бірі, бірі ғана емес, бірегейі – Жамбыл». [1.280]

Жамбылтануда ақын мұрасындағы фольклорлық сарындарды арнайы зерттеу объектісі ретінде алған зерттеулер қатарына Ш.Сарыбаевтың «Фольклордың білгірі», М.Әуезовтің «Джамбул и народные акыны», «Джамбул и народная поэзия», «Жамбылдың айтыстағы өнері», «Халықтың ғасырлық жыры», С.Садырбаевтың «Жамбыл және фольклор», Н.Төреқұлов «Жамбыл күйлері», С.Негимов «Суырыпсалмалық саңлағы» мақалаларын және т.б. жатқызуымызға болады.

Әдебиеттің бар саласын бес саусағындай еркін меңгерген халқымыздың ұлы жазушысы, ғалымы, ұстазы Мұхтар Әуезов Жамбылды «Ол фольклорды белгісіз, құпия (анонимные) ақындардың ғана творчестволық еншісі деп менсінбей, енжар қарауға бағытталған буржуазиялық үйреншікті ұғымды қиратып отыр. Ол сондай-ақ ауызша және жазбаша, индивидуалдық поэзия деп әдеттегідей тарихи-әдеби бөлушілікті де қиратып отыр. Бұл ғылымның индивидуалдық ақынға деген үйрншікті нормасы Жамбылға дәл келмейді, өйткені ол жазбайды, әндетіп ауызекі орындайды. Екінші жағынан, ол сырт қарағанда, синкретизмдік өнердің атам заманғы (архаический) түрінің көрінісі тәрізді. Оның ақындық өндіріс құралы – домбыраны әнге қосылтып отыруында, театр оқиғаларының элементтері де бар. Ал осының бәрімен қоса, ең бастысы, ол – Жамбыл, біздің ұлы заманымыздың жоғары сапалы көркем саяси поэзиясын жасаушы» деп өзінің «Джамбул и народные акыны» атты мақаласында Жамбыл Жабаевтың дарынын жоғары бағалап, тың ой тастайды. [2.41]  Сонымен қатар кеңестік идеологияның фольклорды тек «сөз өнерінің ауызша формасы» ретінде қарастыратын ноқтасына Жамбыл атамыздың шығармалары сыя алмағанын айтқысы келгенін айта кетуіміз керек.

Жалпы Жамбыл шығармашылығындағы фольклорлық сарындарды жыршылық-дастаншылдық, айтыскерлік және күйшілік деп бөліп қарастыруымызға болады.

Жыршылық-дастаншылдыққа ақынның күллі «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы батыр», «Алатай-Жапарқұл», «Манас», «Шора», т.б. жыр-дастарын жатқызамыз. Есте жоқ ескі замандардан ел есінде сақталып келген ауыз әдебиетінің бар нәрін бойына сіңірген Жамбыл жыршы өз заманына сай қазақ-жоңғар батырларын жыр-дастандарында жырлап ХХ ғасырдың ұлы жырауы атанды. Ғасырлар бойы жинақалған өмірлік тәжірибелерді меңгере отырып ақын эпосты ел аузынан құр жаттап қана қойып орындамай оны өзінше жырлап имправизаторлықтың асқан шеберлігін танытты.

Жамбылдың «Өтеген батыр» жырында әйгілі Асан Қайғының сарынын байқаймыз. Жамбыл нұсқасындағы жырдың соңында батырдың туған халқын, ел-жұртын орыс отаршылдарынан аман сақтап қалу үшін шұрайлы қоныс іздеуі былайша суреттеледі:

Елім жаңа қонысқа,

Қонса ұшырап ырысқа.

Күткен өмір жайнауын,

Құмырсқа да илеуін.

Шегіртке де жырасын,

Іздемей ме жайлы орын.

Бозторғай да ұясын.

Әркім жайды көздеген,

Балық та су іздеген.

Халқым үшін мен қалай,

Сұлу жерді іздемен?! [3.184]

Жырда Өтегеннің бейнесі тек батыр, жаужүрек ретінде ғана емес ХV ғасырдағы Асан Қайғы секілді дана, сәуегөй, кемеңгер сипаттарында көркем суреттеледі. Осы тұрғыдан алғанда ертегілік, мифтік, аңыздық кейіпкерлердің сипаты батыр бойынан табылып отырады.

Жамбыл жыр-дастандарды жырлағанда тек жыршы ретінде емес, өзін ақын ретінде де танытып отырады. Жамбыл жырларының дәстүрлі эпостан айырмашылығы бары туралы С.Қасқабасов мына пікірді келтіреді: «Жәкең жырлаған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы» дастандарында ежелгі эпостық дәстүрдің көп белгілерімен бірге біраз өзгешеліктер бар. Әсіресе, ондай айырмашылық қаһармандардың күйінген сәттерін беруде, сондай-ақ эпоста мүлде жоқ табиғат суреттерін бейнелеуде және ескі батырлар жырына тән кейбір байырғы мотивтерді түрлендіруде көрініс береді», — деп Жамбылдың жыршылық өнерін арнайы қарастыру маңызды екенін атап өтеді.[1.289]

Сонымен қатар Жамбыл ел қорғаны болған батырларды тек жыр-дастарында ғана емес, өзінің әйгілі айтыстарында да жырлап отырған. Жамбыл айтыстары туралы әңгіме де үлкен еңбекке арқау болары сөзсіз.

Сүйінбайды өзінің ұстазы һәм пірі санаған Жамбылдың айтыскерлік дарыны бір төбе. Өз айтыстарына құдай берген дарынын толықтай көрсете біліп, өзінің тапқырлық-шешендігін, суырыпсалмалығын танытып, имправизаторлықтың биік деңгейіне шықты. Жамбыл ақынның айтыстарын тізіп айтар болсақ: Сайқал қызбен, Бұрыммен, Құлмамбетпен, Жаныс ақынмен, Досмағамбетпен, Сарыбаспен, Майкөтпен, Бақтыбаймен, Сары ақынмен, Бөлтірікпен, Айкүміспен, Жүнісбаймен, Шашубаймен, Бөлектің қызымен айтыстары айтыс тарихында һәм халық жадында мәңгі тұрақтап қалды.

Жамбыл айтыстарында әзілмен шымшып алар ащы мысқыл да, өлеңмен тұқырту да, қарсыласын еріксіз жеңіліске тап қылатын тапқырлық пен шешендік те өте көркем түрде кездеседі. Бұл отты сөздері халық рухымен, мұңымен, салт-дәстүрімен, тарихымен, дүниетанымымен бірге сіңісіп кеткен еді. Ол сонау «қайым айтыстан» бастап, сүре айтысқа дейінгі деңгейге жеткен.

Жамбыл өз айтыстарында елге қорған болған Сұраншы, Саурық, Қарасай сынды батырларды айтыстарына қосып, олардың қаһармандық ерліктерін жырлап отырған. Мысалы, Сарыбаспен айтысында халық батырлары Сұраншы, Саурықты жырлап, халық рухын асқақтады:

Саурық шыққан басынан

Көк шыбықтай иіліп,

Ерлік қылған жасынан.

Батыр Саурық дегенде,

Күндік жерден дұшпанын

Дабылымен қашырған.

Ал, ол Саурық дегенде,

Қалтырамады қандай жау.

Қарсыласып келгеннің,

Қайтқаны бар ма аман-сау?![3.119]

Жамбылдың Досмағамбетпен айтысында қара қылды қақ жарған мына бір жолдар: «Шын қызсам, сөзім – жалын, домбырам – найза», «Құйындап көкке шапқан мен бір пырақ», «Мен – қорғасын сақамын, сен – ұтылғыш кенейсің», «Мен бір соққан дауылпаз», «Өткір қылыш алмаспын», «Ағып жатқан селдеймін» деген ауыстырулар ақын тілінің қуатын һәм ақындығының бағасын анықтап тұрғандай.

Жамбыл Жабаевтың айтыстағы ұлылығы халық фольлорын оның ішінде айтыстың деңгейін Алатаудың шыңына бірақ шығарғандай болды.

Бірнеше өнерді бойына жиған Жырдың қызыл жолбарысы Жамбыл бабамыздың күйшілік өнері де талайды тамсантқан деседі. Ақын репертуарында қазақтың атақты күйлері: «Бозінген зары», «Көрұғлы сұлтан», «Сұрмерген», «Шортанбай күйі», «Едігенің терісқақпайы», «Есім Сержан», «Абылай шайқасы», «Ботаның зары», «Басшылбай», «Күйшілбай», «Ыңғайтөк», «Ұран», «Батыр Қалша және төрт жігіт» және т.б. күйлерді өте шеберлікпен орындап, тыңдаушыларын қорғасындай балқытқан.

Жамбылға күйшілік өнер анасы Ұлданның нағашысы айтулы күйші-қобызшы, домбырашы Қанадан бақсыдан дарыған дейді. Қанадан күй шерткенде бала Жамбыл ұйып тыңдап отырады екен.  Күйшінің сарынын есінде сақтап, нағашысы сияқты күйші болғысы келген екен. Жанына қобызды серік етпесе де, 10 жасынан бастап Жамбыл қолына домбыра алған деседі.

Жамбыл күйлері де поэзиясы сияқты арнау, тарихи, аңыздық, өмірбаяндық және тартыс күйлері болып жіктеледі. Арнау күйлерге «Басшылбай-Күйшілбай», «Қайсабек күйі», «Есім-Саржан», «Нәрікбайдың зары»; тарихи күйлерге «Абылай шайқамасы», «Керзаман», «Ұлы Отанға»; аңыз күйлерге «Ерке атан», «Сұрмерген», «Боз інген»; өмірбаяндық күйлерге «Қайырсыз», «Қайырлы», «Өтті-ау дәурен»; тартыс күйлерге «Жамбылдың қырғыз Мұраталы күйшімен тартысы», «Сәтина қызбен күй тартысы» жатады. Бүгінде Жетісудың күйшілік дәстүрінде Жамбылдың өзіндік орны қалыптасқан.

Қорытындылай келе ХХ ғасыр Гомері – Жамбылдың құдай берген талантында өзіне дейінгі халқының ән-күйі, дастан-жырлары қаймағы бұзылмай сақталған ба дерсің. Әр ақын – өз заманының айнасы. Жамбыл жырларынан біз сол заманның мұң-зарын, қуаныш-күйінішін, қайғысын көреміз. Осыған сәйкес бүгінгі жамбылтанудың алдында тұрған міндеттер жетерлік. Солардың бірі Жамбылдың шығармашылық бастауынан соңына дейінгі әр мұрасының халық қазынасымен байланысын бағамдау. Тәуелсіздік жастарына Жамбылды кеңестік идеологияның сойылын соққан ақын деп емес, халқының бар рухани мұрасын бойына жиған азатшыл поэзияның өкілі деп танытуымыз қажет.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1 Қасқабасов С. Мифология. Фольклор. Әдебиет. 2 т. – Астана: Фолиант, 2014. – 344 б.

2 Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 13 т. – Алматы: Жібек жолы, 2014. – 440 б.

3 Жабаев Ж. Екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы. 1 т. – Алматы: Ғылым, 1996. – 312 б.

Аяулым АНЕРБАЙ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қазақ филологиясының магистранты,

Данат ЖАНАТАЕВ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент