Тозған Қазақстан. Сапарбаев һәм Ахметов
«Бәріміз де бір дәуірдің жастары едік» деген әдемі әннің ырғағы қазір «Бәріміз де бір дәуірдің қарттары едік» деген ырғаққа ауысқандай әсер қалдырады. Әсіресе Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің кейбір кездейсоқ жағдайларына куә болған кезде… Жалпы, басқа өңірді қайдам, жасы қатарлас, жастығы ортақ өткен бұл екі әкімнің арасында бәсекелестікке шақыратын бір тылсым бар. Жыл сайын болмаса да, ара-тұра саясат сахнасына екеуі қатар шыға келетін, әлдебір тосын жағдайлар шығып тұрады.
Баршаға белгілі, өткен аптада Бердібек Сапарбаев жамбылдықтар алдында есеп беру жиынын өткізіп тұрған кезде трибунаға жапсырылған (шын мәнінде ілініп тұрған) елтаңба еденге құлап, елдің көзін шарасынан шығарды. Сапарбаев сасқан жоқ: «Алсаңдаршы ананы…» деп салғаны сол сәтте-ақ отыз тістен шыққан сөзден бұрын, әлеуметтік желі арқылы тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған мемлекетке лезде тарап кетті.
Қызығы сол, дәл осы күні (19 ақпан) Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те Сапарбаевтай қатарласынан қалмайын демесе де, сапарының сәті келіп, Семей қаласына қарасты Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылына аяқастынан аспаннан түсе қалды. Әрине, білдей бір өңір басшысына Өскеменнен 600 шақырым жерге машинамен барып не көрініпті, тікұшақпен түсе салатыны түсінікті. Осы жолы да солай болды.
Сонымен, Д.Ахметов қалай келді, ауруханаға да бара салуға бірден назар аударды. Бұған дейін Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тағайындалғанына, оның алдында Қараөлең ауылдық округінің әкімі Дәулет Әсембаевтың оның алдында есеп бергеніне, артынша облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев бастаған шенеуніктердің келіп қайтқанына он күн өтіп үлгермеген болатын. Әйтеуір, жергілікті жұртшылықтың білгені «Ахметовтің пәрменімен Қайнар ауылы көркейеді, спорт модулі салынып, өркендейді» деген сыңайдағы оң көзқарастағы әңгімелер жиірек естіле бастаған еді.
Шкаф емес, «Американы ашқандай» болды
Даниал Кенжетайұлы осы келісінде жергілікті ауруханаға бет бұрғаны сол еді, бас дәрігер Әкімбай Шақантаевтан да маза кетті. Ала жаздай қала мен ауыл арасында «дәрі іздеп» шапқылап жүретін Әкімбай Боранбайұлы ауруханадағы қызметтік бөлмелердегі жиһаздың қаусап тұратын күйге жеткеніне де мән беруге мұршасы болмапты. Облысты басқарғанына алты жылдан асқанда Абыралы өңіріне алғаш рет келген Ахметов аурухана ғимаратындағы шкаф есігін емес, «Американы ашқандай» болды. Мейірбикенің қолымен көлегейлегеніне қарамай, екінші есікті өз қолымен тартып қалғаны сол – еденге сылқ ете түсті. Бұл, әрине, өзінің мінінен бұрын, өзгенің әрекетінен ілік іздеп жүретін облыс әкіміне «құдай бере салған» тосын көрініс болды. Артынша ескірген электроқалқан, суы жоқ қолжуғыш – бәрі де бас дәрігердің кезінде назар аудармаған кінәсі болып шықты. Бас дәрігерге жалт қарап, «Айналайын…» деп тұрған сәтіндегі видеодан елжіреп тұрғаны шамалы екенін көруге болады.
Әрине, облыс әкімінің бас дәрігер Ә.Шақантаевқа шүйлігіп шала бүлінуі орынсыз дей алмаспыз. Аурухананы басқарғанына 30 жылдың жүзі болған басшы аурухананың өзекті мәселесін жиі көтеріп, осы уақыт аралығында облыстың пәрменімен бюджеттен қаражат бөлдіртіп, күрделі жөндеуден өту жайын шешіп үлгергенде ұятқа қалмас па еді, кім білсін?! Алайда облысты басқарғанына биыл жетінші жылдың жүзі болатын Даниал Ахметовтің бұған дейін абыралылықтармен бір рет те кездеспегенін айтпай кетуге болмас. Тәтті түсінен шошып оянғандай кейіпте келіп, Абыралы өңірінің орталығына енді ғана алаңдай бастаған әрекеті «ештен кеш жақсы» екенін ұқтырғандай.
Автор: Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
«Жас Алаш»