Lexus алған, пәтерін жөндеу жүргізген: Ақтөбелік әкімнің орынбасары 90 млн жымқырған
Ақтөбе әкімінің бұрынғы орынбасары сот алдында Ақтөбе қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары сот алдында жауап бере бастады. Жангелді Әубәкіровке қарамағындағы бөлім басшысымен бірігіп қазына қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған. Бұл туралы КТК жазды.
Шаһар басшысының 42 жастағы экс-орынбасары жаңа жыл алдында қаланы безендіруге бөлген 100 миллион теңгені өз қажетіне жұмсап жіберген көрінеді. Тергеу мәліметтеріне сай, бұрынғы шенеунік өзіне су жаңа «Лексус» көлігін, пәтерінің жөндеуіне қажет құрылыс материалдары мен былғары кресло сатып алған. Бюджеттің қомақты қаражатын қолды қылуға тұрғын үй комуналдық шаруашылық бөлімін басқарған Нұрлан Досов көмек берген. Жангелді Әубәкіровтің «КДС-Астана» деген компаниясымен тікелей шарт жасап, ақша аударады. Ал компанияға шенеуніктер сыбайластарының бірінің баласын директор етіп тағайындаған.
Ең қызығы, сотталушылар қазына ақшасын өздері иемденіп, қаланы безендіруге демеушілер көмегіне жүгінген. Жангелді Әубәкіров Ақтөбеге дейін Ақтау қаласының әкіміне де орынбасар болған. Сот ашық болғанымен, карантин шектеулеріне байланысты онлайн өтіп жатыр. Ал сотталушылар әзірге қолхатпен бостандықта жүр.
Махаббат Ешімова, Ақтөбе қалалық сотының баспасөз хатшысы:
— Адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, жаңажылдық шараларды өткізуге жалған шарт жасасу арқылы және заңсыз мемлекеттік сатып алуды жүргізіп, кейін іс жүзінде орындалмаған жұмысқа мемлекеттік бюджеттен бөлінген аса ірі мөлшерде қаражаты иемденіп, талан-таражға салды деп айыпталуда.