«Қашан тоқтайды осындай тірлік?». Актриса Азамат Сатыбалдының Түркістандағы театр басшылығына келгеніне шүйлікті

0

Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актрисасы Жадыра Сейдахметова Түркістан қаласында жаңадан ашылғалы жатқан театр басшылығына Азамат Сатыбалдының келгеніне шүйлікті. Оған қоса, өнер иесі мен оның әріптестері жаңа өнер ошағына Райымьек Сейтметовтың есімі берілмей, онда өздерін шақырмай қойғанына күйінді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Театр қайраткері Райымбек Сейтметовтың шәкірттері оның еңбегі еленбей қалғанын алға тартып, өз өкпе-назын жеткізді. Олар Түркістанда жаңадан ашылатын театрға өнерден ойып тұрып орын алатын ұстаздың есімі берілмегеніне қапалы.

Оның үстіне, аталмыш ошаққа актер Азамат Сатыбалдының тағайындалуы да олардың көңілінен шықпаған. Ескі ғимаратта орналасқан Райымбек Сейтметовтың атындағы сазды-драма театрының актрисасы Жадыра Сейдахметова бұл оқиғаға қатысты бар өз шындығымен бөлісті. Өнер иесі жан сырын «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында ақтарды.

«Қашан тоқтайды осындай тірлік? Дайын асқа тік қасық. Біздің ұлағатты ұстазымыз Райымбек Сейтметов жоқ жерден, тақыр жерден театр ашты. Бұл қандай еңбекпен келген нәрсе. 21 жылдық тарихы бар театр болған кезде бізге келіп, «сіздер жаңа театрға көшесіздер, сіздердің болашақтарыңыз алда» деп үміттендірген кезде осылай болып қалды. «Сіздердің өсулеріңізге мына театр кішкене кедергі жасап жатыр» деді ғой. Содан кейін «сіздер көшпейтін болдыңыздар, сіздер жасөспірімдер театры болатын болдыңыздар, осында қаласыздар» деді.

Бізге жоғары жақтан Азамат Сатыбалды келеді деген болатын. Өзінің труппасымен ба, онысын білмедік. Бірақ, бұл нәрсе ақиқат. Instagram-ға жарияланған. «Азамат Сатыбалды келеді, көркемдік жетекші болады» деп. Неге Азамат Сатыбалды? Неге біз емес? Неге сонау аты шыққан, Қазақстанға еңбегі сіңген халық әртісі, профессор Райымбек ағайдың труппасы бармай, сол кісінің аты бармай, енді дайын асқа тік қасық болып Азамат Сатыбалды мырза келеді? Азамат Сатыбалды кім? Еңбек қайда? Өнерге балта шабу деген нәрсе қашан тоқталады? Еңбек неге бағаланбайды? Ащы шындық сол», — деп күйінді Жадыра Сейдахметова.