Қазақ қызы: Жездем мен шал зорламақ болғанын анама айтып ем, «үндеме, ұят болады» деді
Қазақстандық психоаналитик Анна Құдиярова лесбиян қыздың жанайқайын бөлісті.
«Сәлеметсіз бе, Анна ханым. Қиын болса да, сізге алғыс айтқым келіп отыр. Негізі сіздің инстаграмды оқымаймын, видеоларыңызды көрмеймін десем де, жанымның жарасы сыздап, тығырыққа тірелдім дегенде парақшаңызды ашып, бір шолып шығамын.
Кейбір посттарыңыз, видеоларыңыз мені өткен шаққа апарып сілкіп алады, сол кезде сізді жек көремін. Бірақ сәлден соң, бұл менің іріңдеп, солқылдап тұрған жарама зеленка шығар деп ойлаймын. Өйткені сізді оқып, видеоларыңызды қарап, бір маңызды нәрсені түсіндім.
⠀
Мен осы жасқа дейін ата-анамды жақсы көремін, сыйлаймын деп ойлап келсем, оларға өкпем қара қазандай, жек көреді екенмін. Бұл масқараны мойындамаймын, олай емес десем де, мойындауға тура келді. Өйткені жек көруімнің себебі бар. Оны да көзім ашылды.
⠀
Мен лесбиянкамын. Неліктен ондай болғанымды мүлдем түсінбеген едім. Генетикалық тұрғыдан ақау шығар деп ойлағам. Бірақ сіздің барлық тікелей эфирлеріңізді көріп келе түсіндім, әке-шешемнің тәрбиесінің осындай болуыма ықпалы зор болыпты.
⠀
Ең алдымен айтып кетейін дегенім, менің әке-шешеме қатысты көзге көрінбейтін бір үлкен бөгет бар. Мен ол бөгетті аттап өтіп, ата-анаммен өзімді еркін сезінуді өмір бойы аңсап келемін, бірақ бөгет жылдан-жылға ұлғаймаса, азаяр емес. Ал сол бөгеттің туындау тарихы біле-білсем, сонау, 5-6 жасымда иттен қашып, әрең құтылған естелік…
Сонда есімде анам алып-ұшып мені қоғаудың орнына, терезінің ар жағында тұрып жәй ғана «байқа, ит қабаған» деген ғана сөзі. Жалпы осы оқиға менің алғашқы естелігім, өзімді-өзім еске алуым. Және сондай негативті. Қазір ойласам, жылағым келеді.
⠀
Кейін 5-класс кезімде анамның жездесі мені зорламақ болып, мен әрең құтылдым. Сол оқиғаны анама айтып, қолдау күтсем, анам ешкімге айтпа, ұят болады деп күйдірген еді.
⠀
Мен 17 жасымда намаз оқып бастадым. Оның себебі өзімді бір-түрлі сезінетін болдым. Өзім қыз болсам да, қыздар жағына қарайтынымды түсінбедім. Намаз құтқарар деп, намазға жығылып едім, әкем де, шешем де қатты қарсылық танытты. Қарсы болғаны сонша, анам оқтаумен өлімші етіп сабап тастады. Әкемнен қолдау күтіп едім, ол да менімен бір дастарханның басында отырмаймын деп тас қараңғы бөлмеге қамап тастаған еді. Сондағысы, маған сеніп, менің ішімде не болып жатқанын түсініп көрудің орнына үстімнен жала жауып, ол дұрыс емес сектада жүр деген тәтеме сенді. Мен тағы да жер болдым…
⠀
Төртінші рет 23 жасымда, жұмыста бір туысқан шал маған тиісіп, анама тағы айттым. Сол кезде де дәл баяғы тас жүрек мамам, ешкімге айтпа, ана атадан ұят болады деп, мені тура қара жерге көме салған еді. Сол кезден бастап менің жаным өшіп қалған сияқты. Жер бетінде жансыз құр денем жүргендей…» — деп хат жазған ару.