«Футболды құрттың, енді хоккей қалды ма?»: Павлодар тұрғыны облыс әкімін ұятқа қалдырды
Павлодарлықтар футболдан Қазақстан Бірінші лигасында облыс намысын кім қорғайды деп алаңдайды. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың тікелей эфирдегі баяндамасы барысында Павлодар қаласының тұрғыны мынадай сұрақ қойды: «Сқақов, сен ұялмайсың ба, футболды құрттың, енді хоккейдің кезегі ме?». Бұл туралы Іnbusiness.kz сайты жазды.
Мәселе мынада, былтыр бес дүркін еліміздің бес дүркін чемпионы, «Ертіс» футбол клубы қаржылық себептермен ел чемпионатына қатыспады. Аудиторлық тексеру қаржылық және әкімшілік бұзушылықтарды анықтады. Тек екі жыл ішінде төленбеген салық сомасы шамамен 1 млрд теңгені құрады. Келесі маусымда Павлодар облысының намысын бірінші лигада басқа екі кәсіби клуб – «Екібастұз» және «Ақсу» қорғайды.
Ал қаңтарда «Ертіс» хоккей клубы да осындай проблемаға тап болды. Қаржыландыру көлемінің қысқаруынан легионерлер командадан кетті. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде бұқаралық спорт түрлеріне басымдық берілген.
«Бұқаралық спорт — салауатты өмір салтының негізі. Футбол өмір сүреді: балалар жаттығады, Ақсу және Екібастұз командалары түрлі чемпионаттарға қатысады. Сондықтан, футбол өлді деп айтуға болмайды. Жай ғана босаған ресурстарды алып, оларды бұқаралық спортты дамытуға бағыттадық. Бүгінде онымен жүйелі түрде тек 31% тұрғындар айналысады. Мен қаржы ресурстарын кәсіби спортшылар миллиондаған жалақы алатын таңдаулыларға емес, бұқаралық спортты дамытуға бағыттағанымыз дұрыс деп ойлаймын», – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.
Айта кетейік, қаңтар айының соңында облыс әкіміне Алматы қаласында тұратын бастамашыл топтың өкілі Ерлан Сәрсембаев жүгінді. Ол шілдеде Румынияда тарихи ортағасырлық семсерлесу бойынша «Ұлттар шайқасы» халықаралық турнирі өтетінін айтты. ҚР құрамасы жүз адамнан тұрады, олардың арасында павлодарлықтар да бар – «Северная башня» (Солтүстік мұнара) клубы. Өтініш авторының айтуынша, олар мұндай жарыстарға алғаш рет қатысады.
Ал өңірдің дене шынықтыру және спортты дамыту басқармасы ортағасырлық тарихи жекпе-жек қазіргі спорт түрлерінің тізіміне енгізілмегенін мәлімдеді. Осының негізінде мұндай іс-шараларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мүмкін емес. Бұл ретте «Северная башня» (Солтүстік мұнара) клубы қаладағы барлық бұқаралық іс-шараларға қатысады.