Қызметкері парамен ұсталған басшының отставкаға арыз жазып, орнында қалуы «көзбояу» ма?
Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің орынбасары Бақтияр Мәкен отставкаға кетуге өтініш жазды. Оның мұндай шешім қабылдауына қарамағындағы қызметкері – мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықовтың пара алған деген айыппен сотталғаны себеп болған. Бірақ қала әкімі Алтай Көлгінов орынбасары Мәкеннің өтінішін қабылдамай, оған қатаң сөгіс жариялаумен шектелді. Азаттық сөйлескен әкім орынбасары заңға сай отставкаға кету туралы арыз жазып, заңға сай қызметінде қалғанын айтады. Ал сарапшылар мұны «көзбояу» деп бағалайды, деп хабарлайды «Азаттық Радиосы» сайты.
«ӘР ҚЫЗМЕТКЕРДІ ҚАДАҒАЛАП ОТЫРА АЛМАЙСЫҢ ҒОЙ»
Биыл қаңтарда Нұр-Сұлтан соты қалалық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықов 2020 жылы Наурыз мерекесін ұйымдастырушыдан 10 миллион теңге пара алған деп тауып, бес жылға соттады.
2019 жылғы қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Жемқорлықпен күрес туралы» заңдарға өзгерту енгізіп, қызметкері парамен ұсталған басшыны отставкаға арыз жазуға міндеттейтін ережені бекіткен.
Нұрс-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. 20 қыркүйек 2019 жыл.
Парамен ұсталған экс-шенеунікке сот шешімі шыққан соң Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен отставкаға кету туралы арыз жазған. Бірақ әкім Алтай Көлгінов орынбасарын «жақсы жұмыс істейді» деп, өтінішін қанағаттандырмай, тек қатаң сөгіс жариялайды.
Мәкеннің өзі заңға сай арыз жазғанын және заңға сай қызметінде қалғанын айтады. Азаттық тілшісі мен әкім орынбасары Мәкеннің арасындағы диалог былай өрбіді:
– Қазір қоғамда «Мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес туралы өзгерген заң әлі шикі, басшылық кететін болса бірден кетуі керек еді» деген пікір бар. Бұған не дейсіз?
– Бұл сұрақты маған қоймай-ақ қойыңыз. Анау депутат, мемлекеттік орган, [жемқорлыққа қарсы] агенттікке қойыңыз.
– Жалпы бұл пікір сіздің жағдайыңыздан кейін шығып жатыр ғой.
– Маған қатысты болғанда мыңдаған адамға қатысты ғой. Заң өзгертуіне менің қандай қатысым бар? Заңда қайшылықтар болса өзгерту керек. Қаншама ескертпелер бар сол жерде. Біреу былай, біреу олай айтады. Сондықтан оны заң шеңберінде жан-жақты қарау керек. Адамдардың әрқайсысының ойы басқаша болады.
– Өз пікіріңіз қандай?
Заңда «шешімді бірінші басшы өзі қабылдайды» деген бап бар. Сол бап бойынша біз нұсқауды толық орындадық.
– [Отставкаға кетуге арыз жазу] менің парызым болды. Қарауымдағы адам солай істеген соң мен заңға сәйкес арызымды жаздым. Оны жоғары басшылар қабылдаған жоқ. Сондай шешім қабылданды. Заңда «шешімді бірінші басшы өзі қабылдайды» деген бап бар. Сол бап бойынша біз нұсқауды толық орындадық.
– Кей сарапшының пікірінше, жемқорлықпен бұлай күресу мүмкін емес. Сіз қалай ойлайсыз?
– Енді оның жан-жақты… кейбір қайшылықтары бар шығар. Бірақ енді заң сондай болған ғой. Бір жағынан менің ойымша, сен бір адамға жауапты емессің ғой. Бір мекемеде 28 адам істесе, әрқайсысын қадағалап отыра алмайсың ғой. Менің ойымша, әр азамат өзіне жауап беруі керек. Қателік істеді ме, заң тұрғысынан болсын, қылмыстық болсын бәріне өзі жеке жауап беруі керек. Ал біреудің ісіне біреу жауапкершілік алуы да дұрыс емес.
ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
Президент Тоқаев қол қойған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 60-бабы 3-тармағына сай, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімінің орынбасары отставкаға кетуге арыз жазуы тиіс.
Осы баптың 2-тармағында «отставканы мемлекеттiк қызметкерді осы мемлекеттiк лауазымға тағайындаған мемлекеттiк орган не лауазымды адам қабылдайды не уәжді түрде бас тартады» деп жазылған.
Жемқорлық тақырыбына карикатура.
Бұған қоса, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 44-бабында қоластындағы қызметкері жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың алдын алмаса «тәртіптік теріс қылық» деп саналады. Ал «теріс қылығы» үшін ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, лауазымын төмендету я жұмыстан шығару секілді жаза қолданылатыны жазылған.
«Шенеунік парамен ұсталса, басшысы жауап беру керек пе?»
«ЗАҢДЫ ӘДЕМІЛЕП ЖАЗҒАННАН НӘТИЖЕ ШЫҚПАЙДЫ»
Азаттық сөйлескен сарапшылар заңның қарама-қайшы тұсы көп деп санайды.
Бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсар Қазақстанда парақорлық пен жемқорлық мәселесін шешуге арналған заңдар тиісті дәрежесінде жұмыс істемейтінін айтады.
Уәлихан Қайсар.
– [Заң] көзбояу ғой. Бәрібір заң емес, басшы шешеді. Орынбасарының отставкасын қабылдай ма, қабылдамай ма, оны өзі біледі. Бұл жерде заңның еш қажеті жоқ. Заңға емес, бәрібір жеке адамның пікіріне байланысты. Заңда нақты қандай шара қолданылатыны айтылу керек.
Президент сыбайлас жемқорлықты жойғысы келсе, қолында барлық құзырет бар. Тек қана оған рухы жетпей отыр.
Ал мұндай заң болушы ма еді? Жемқорлықпен күресуге жоғары жақтың саяси ниеті жоқ болып тұр. Өйткені жемқорлықпен күресемін деген адам нақты шара қолдануы керек. Егер президент сыбайлас жемқорлықты жойғысы келсе, қолында барлық құзырет бар. Тек қана оған рухы жетпей отыр. Ал егер президент оны істемейтін болса, онда президентті алып тастау керек. Қазақстанда жемқорлықпен күреске арналған түрлі бағдарлама, заң мен ереже бар. Соған қарамастан Қазақстан әлемде жемқорлық көрсеткіші бойынша алда тұр. Бұл заңдардың жұмыс істемейтінін көрсетеді, – дейді ол.
Құқық қорғаушы Маржан Аспандиарова «қазіргі жүйеде заңды қанша әдемілеп жазса да, жемқорлықпен күрес нәтижесіз болады» деп пайымдайды.
Маржан Аспандиарова.
Қоластындағы қызметкер заңсыз іс-әрекет жасаса, бастығы қызметтен кету керек.
– Кез келген әкім, кез келген министр өзі қай қызметке ауысса, командасын қоса сүйреп жүреді. Бұл – Қазақстанда қалыптасқан жағдай. Олар жұмысқа лайық па, қабілетті ме, көп мән берілмейді. Бірінші кезекте өзіне сенімді, айтқанынан шықпайтын адамдарды көмекші қылып тағайындайды. Жалпы, қоластындағы қызметкер заңсыз іс-әрекет жасаса, бастығы қызметтен кету керек. Бірақ [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаев я [қазіргі президент Қасым-Жомарт] Тоқаев мың жерден айтса да жүзеге аспай жатыр. Бұл – жемқорлықпен күрес жолы емес. Елге конституциялық реформа, демократиялық өзгерістер, саяси реформа керек. Сонда ғана жемқорлыққа қарсы қадамдардан бір нәтиже шығады деп ойлаймын. Ал қазіргі жағдайда заңдарды қанша жерден әдемі қылып жазса да, айтарлықтай нәтиже шықпайды. Жемқорлықпен күресудің бірінші үлгісін үкімет, мемлекет басшылығында отырғандардан бастау керек. Содан кейін, әрине, жаза қатаң болуы керек, – дейді құқық қорғаушы.
Арман Евниев.
Бірнеше жыл бұрын жүйені сынап, Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен Арман Евниев заң дұрыс қабылданған деген пікірде. Ол қоластындағы қызметкер пара алып, ұсталса басшысы жауап беруі керек дегенмен келіседі. Бірақ отставка туралы шешім қабылдарда параның көлемі және басқа да жайттар ескерілуі тиіс деп санайды.
– Күнделікті жұмыс барысында жемқорлықтың қылмыс екенін түсіндіріп отыруы керек. Ол – кез келген басшының міндеті. Қоластындағы адамдарға жауап беруі керек. Өйткені басшы жауап бермегенде кім жауап береді? Меніңше, өте дұрыс заң. Бірақ мұны қатаң сұрау керек немесе заңда бәрі нақты айтылуы керек, – дейді бұрынғы вице-министр.
Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы қызметкер заңсыз іс-әрекет жасаса, ол үшін орынбасар емес, негізгі басшы жауап беруі тиіс деп санайды.
– Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасы басшысын Бақтияр Мәкен емес, қала әкімі [Алтай Көлгінов] тағайындады. Отставка туралы өтінішті президентке Көлгінов беруі керек. Мұндай мәселе министрлікке де байланысты. Министр департамент, басқарма басшыларын өзі тағайындайды. Егер сол басқарма басшысы не департамент директоры қылмысқа барып, онысы дәлелденсе, онда министр отставкаға кетуге өтініш жазуы керек. Өтінішті президент қабылдса да, қабылдамаса да кетуі тиіс. Өкінішке қарай, Еуропа елдері бізді демократия мәселесі бойынша қатты сынайды. Біз жақсылап заң қабылдаймыз, бірақ кей жағдайда оны орындамаймыз, – дейді сенат депутаты.
Қазақстан билігі кейінгі жылдары жемқорлықпен күресті күшейткендей көрінгенімен елде парамен ұсталатындар саны азаймай тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, 2020 жылдың тоғыз айында елде 2140 жемқорлық қылмысы тіркелген. Ауыр қылмыс саны былтырғымен салыстырғанда 15 пайызға көбейген. Республика деңгейіндегі 34, облыс деңгейіндегі 72, қала мен аудан деңгейіндегі 89 басшы қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған.
Елде парамен ұсталғандар қатарында премьер-министр, түрлі саладағы министр, әкім, судья және басқа да лауазым иелері бар. Сарапшылар жемқорлық айыбымен сотталған бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің қамаудан мерзімінен ерте шығып кететіні немесе айыппұл төлеп құтылатыны коррупциямен күресті мәнсіз етіп отырғанын айтады.
Transparency International ұйымының биыл 28 қаңтарда жариялаған жемқорлық рейтингінде Қазақстан «парақорлық көрсеткіші жоғары елдердің» қатарына еніп, 180 елдің ішінде 94-орында тұр.
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.