Қайнар Олжай: Нұртілеу Иманғалиұлы намыстан талай таяқ жеді (видео)

0

Қазақ журналистикасының мэтрі Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден озды. Иісі қазақтың бай әрі қуатты болуын тілеумен өткен арда азаматтың ақтық демі 70-ке таяған шағында үзілді. Нұртілеу аға журналистикадағы жолын қатардағы тілші ретінде бастап, корпорация төрағасы лауазымына дейін түрлі қызметтер атқарған. Замандастары кәсібилігінен бөлек, азаматтығы да бір төбе еді деп қимастықпен еске алады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Телевизия менің бүкіл ғұмырым. Осы уақытқа дейінгі бүкіл жүріс-тұрысымның діңгегі. Негізгі қайнар бұлағы, күйініш-сүйінішімнің тұмары. Әрі қырағы, ара-тұра сыңары болған көрерменнің, тыныс-тіршілігімнің бөлінбес бөлшегі, көрінбес өлшемі».

45 жыл. Қазақ телевизиясына осынша ғұмырын сарп еткен асыл аға екі сөзінің біріне қалың көрерменін қосып сөйлейтін. Қырағы сыңарым, тілеулес тұмарым деп тұла бойының бір бөлшегіндей көрді. Оның паң тұлғасын, ерекше имиджін қалыптастарған да сол  көк жәшіктің ар жағындағы ағайын. Өзге емес, өзі солай дейтін…

«Мені көрермен тәрбиеледі. Көрермен алғашқы эфирден көргеннен бастап, көшеде танығаны былай тұрсын, менің имиджімді қалыптастырып, алдыма қойды. Енді саналы азамат ретінде, білімді азамат ретінде жаңағы көрерменнің қойған имиджінен қалмауым керек болды. Соны қуып жету керек болды. Ол қуып жеткізбейді. Мен қуып жеткенде тағы озып кетеді».

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы Алматы облысы,  Діңгек ауылында дүниеге келген. Үйдегі 12 баланың сүт кенжесі. Атасы Қалиасқар Нұртілеу ағаны «сарым» деп еркелетсе, өзгелері «шалдың баласы» деген ат қойған.

«Ал кейін өздеріңіз, яғни, патша көңілді көрермен, «Құрдастар» деп те атады. «Ақиқат», «Көкпар», «Бетпе-бет», «Көршілер, тіпті «Діңгек» деп те атадыңыздар. Қазір сыртымнан «Заң сөйлесін» дегенді де естіп жүрмін. Бұл  баға!».

Арғы атасы атақты Молықбай қобызшы, бергі бабасы Ілияс Жансүгіровтің інісі, одан қалды, әкесі Иманғали да қара сөздің қадірін білген ақсақал. Нұртілеу аға да өзі мұрындық болған бастамаларында ұлтының жоғын жоқтап, қаймана қазағының мүддесін әуелгі орынға қойып келді. Содан болар, журналисті ұлттық сана алаңдатпаса, бұл салаға жуымасын деп шорт кесті.

«Журналист экранның бірінші алды болудағы міндеті  ұлттық санаға әсер ету. Ол ұлттық сананы не аспандатады, не құлдыратады. Осыны жән-тәнімен түсінбей журналистикаға келу, ол  қателік».

Ағаның сөзі қандай ірі болса, пайым-парасаты да нардай еді. Сыртқы сымбатының өзі асқақ болатын. Күні кеше ғана елпілдесіп жүрген орта буын ағалар осылай деп бүгін егіле еске алуда.

ҚАЙНАР ОЛЖАЙ, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ:
«Бұл кісі намыстың адамы еді, намыс үшін талай рет таяқ жеді. Намыс үшін кейде жолы бөгелді. Бірақ, сөйте тұра қайырылған қылыш секілді намыстан қайтпайтын. Нар тұлғалы азамат еді, жан нәзік азамат еді. Көрген-білгені көп еді, арына-намысына кір түсірмей өмірден өтті» .

Нұртілеу Иманғалиұлы телевизия табалдырығын қатардағы тілші ретінде аттап, корпорация төрағасы лауазымына дейін көтерілді. Президент әкімшілігінде де жауапты қызметтер атқарды. Тұңғыш Президентпен шетел асып, ондағы келіссөздер жайлы хабарлар әзірлеген тұңғыш қазақ журналисі екенін де көпшілік біле бермейді. Тілші ретінде ғана топ жарып қоймай, тастаяқ ойнаудан да таланты ерекше-тұғын.

СЕРІК ЖАНБОЛАТ, ЖУРНАЛИСТ, НҰРТІЛЕУ ИМАНҒАЛИҰЛЫНЫҢ ШӘКІРТІ:
«Хоббилерін айтатын болсақ, қызық мен сізге айтайын: етті бар ғой, кәдімгі ет дайындаудың шебері болатын. Бильярд өз алдына бір бөлек, Эфирдегі сұсты көзқарасымен, өткір-өткір сөздерімен өмірде де сондай шығар деп ойлайды. Бір көрген адам шынында да солай қабылдайды. Ал бірақ оның жүрегі қылдай нәзік екенін жақын араласқан адамдары ғана біледі. Ол кісі өлең жазатын, ақындығы бар болатын Әңгімешілдігі өз алдына бір бөлек».

Нұртілеу аға біраз уақыт «Еуразия» бірінші арнасындағы «Заң сөйлесін» бағдарламасының да тізгінін ұстады. Әділетсіздіктен жапа шеккен азаматтарға араша бола білген хабар 2017 жылы телевизиялық «Тұмар бәйгесінде» топ жарған.

ДӘНЕШ АСҚАРБЕКҰЛЫ, «ЗАҢ СӨЙЛЕСІН» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
«Ол кісімен бірге иық тіресіп, «Заң сөйлесін» бағдарламасында  жұмыс істеу бағы бұйырыпты деп санаймын.   Баласынбай, іні демей, бәрімізге ағалық ақылын үйрете білді. Бауырмалдығын көрсете білді.   Қазақ телевизиясы ғана емес, қазақ халқының да көңілінің төрінде қалады».

Иә, Нұртілеу аға қазағының бай әрі қуатты болғанын бар болмысымен қалап өтті. Әр жүргізген хабарын осындай тілекпен түйіндейтін. Амал не, қазақ журналистикасының қара нары жайлы енді өткен шақта айтуға мәжбүрміз. Рухыңыз пейіште шалқысын, жақсы аға!

Бәріміз бай-қуатты болайық.