Макс Боқаевқа тағы қауіп төнді: Полиция шектеу қоюды ұсынды

0
1282
Фото: Dixinews.kz

17 ақпанда Атырау қаласы №2 сотында белсенді Макс Боқаевқа үш жылға (2016 жылғы Жер митингісінен соң 5 жылға сотталып, 4 ақпанда қамаудан шыққан) әкімшілік қадағалау енгізу туралы екінші ұсыныс бойынша сот отырысы өтті. Бұл жолы Боқаевты әкімшілік қадағалау енгізуді Атырау қаласы полиция департаменті ұсынған.

Бұған дейін Атыраудағы сот Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өтініші бойынша Боқаевқа үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындаған.

Атырау қаласы полиция департаменті соттан Боқаевқа жеті шектеу сұрайды. Департамент Боқаев демалыс және мереке күндері үйінен мүлде шықпауды талап етеді. Полиция талабына сай, белсенді жай күндері кешкі 22.00-ден таңғы 6-ға дейін болуы тиіс, егер бір жерге баратын болса, полициядан жазбаша рұқсат алуы керек.

Полицейлер Боқаевқа Атырау қаласынан да рұқсатсыз шыққанын қаламайды. Шектеу талабында белсендіні қоғамдық шаралар кезінде көшеге, алаңға, бақтар мен скверлерге, кафе-ресторандарға, қоғамдық орындарға баруға тыйым салу да бар. Одан бөлек, шектеулер белсендіге полицияға белгіленген уақыт сайын тіркеліп тұруды міндеттемек.

Полиция Макс Боқаевқа кәмелет жасына толмағандармен олардың ата-анасы не заңды өкілінің рұқсатынсыз араласуға, телефонмен сөйлесуге тыйым салуды да ұсынды.

Сотта сөз алған Боқаев бұл шектеу туыстарымен сөйлесу құқығынан айыратынын айтып, полицейден бұл шектеудің қаншалықты қажет екенін сұрады. Департамент атынан сотқа қатысқан майор Нұржан Сахметов «бұл жасөспірімдерді митингіге шақырмас үшін» деп жауап берді.

Боқаев майордан «бұған дейін жасөспірімдерді митингіге шақырғаным жайында дәлел бар ма?» деген сұрақ қойды. Ол бұл сауалға жауап бере алмады. Полиция Боқаевтың түрмеден алған мінездемесін оқып, оның бірнеше рет ескерту алғанын айтты. Адвокат Жанар Сүндетқалиева полиция қолындағы мінездеменің шындыққа жанаспайтынын, керісінше, түрмеде Боқаевқа тиянақты, жауапты адам ретінде мінездеме берілгенін айтып, оны оқып берді.

Сотта Боқаев бұл шектеулер қойылса, талаптарды бұзатынын айтты. Ол «жазықсыз сотталса да, жаза өтеп шыққанын», одан кейінгі әкімшілік қадағалау орнатудың заңсыз екенін айтты.

– Төрт жыл тоғыз ай заңсыз қамалып, ол жазаны өтеп шықтым. Түрмеде отырғанда қылмыстық атқару-жүйесі комитетінің өкілдері бостандыққа шыққан соң қоғамға бейімделуге жағдай жасайтынын айтқан. Ал мына әкімшілік шеткеулер мені демалыс, мереке күндері үйге қамамақ. Мені әлеуметтік қажетті байланыстардан аластатпақ. Бұл бір жағынан құқық қорғау органдарының жұмысын ізгілендіруге де қайшы, – деді ол.

Отырыс соңында прокурор Үмбеталин полиция ұсынған шектеудің орынды екенін айтты. Тараптарды тыңдаған судья Дәуренбек Даумов сот отырысын 18 ақпанға қалдырады.

Белсенді Макс Боқаев 2016 жылы болған жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталды. Құқық қорғаушылар оған «саяси тұтқын» деп таныған.

4 ақпанда бостандыққа шыққан азаматтық белсенді Макс Боқаев бірден Атырау қаласындағы Исатай – Махамбет атындағы орталық алаңға барып, өзінің 28 ақпан – 28 наурыз аралығында Қазақстан Конституциясын өзгертуді, билікті «ұлттық диалог» құруға шақыратын митингіге шығатынын мәлімдеген.

Азаттық