Макс Боқаев Тоқаевтың реформалары туралы: Жоқ, бұл реформа емес, көзбояушылық

0

4 ақпанда Атырауда белсенді Макс Боқаев түрмеден босап шықты. 2016 жылғы жер митингісінен кейін 5 жылға сотталған белсендіні ондаған адам қарсы алды. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Макс Боқаев билікті Конституциялық құрылтай шақыруға көндіру туралы айтты.

Азаттық: Қазақстанға жаңа Конституция қажет деп айттыңыз. Ол Конституция қандай болуы керек? Жобасын кім әзірлеп, ұсынуы, кім талқылауы керек?

Макс Боқаев: Конституция жобасы Ұлттық құрылтайда әзірленуі керек. Аға буынның есінде шығар, 1989 жылы СССР халық депутаттары съезінде академик Андрей Сахаров сынды ақылды адамдардың айтқанын сол кезде Михаил Горбачевтің өзі тыңдамады, «сен не білесің» деп. Біз де ондай азаматтарға кенде емеспіз. Жаңа өзіңіз көрген Рысбек Сәрсенбай, Жанболат Мамай, мен құралыптастар, шетелде жүрген Мұхтар Әблязов, Әкежан Қажыгелдин және басқа азаматтар бар. Оларды кінәлі десе, елге келсін, олардың істерін әділ сотта қарасын, ақ-қарасына көз жеткізсін деп бұған дейін де айтқанмын.

Түрмеден шыққан соң Исатай-Махамбет алаңына барған Макс Боқаев Қазақстанның әр өңірінен келген адамдармен суретке түсіп тұр. Атырау, 4 ақпан 2021 жыл.
Түрмеден шыққан соң Исатай-Махамбет алаңына барған Макс Боқаев Қазақстанның әр өңірінен келген адамдармен суретке түсіп тұр. Атырау, 4 ақпан 2021 жыл.

Бізге ұлттық ымыра керек, оның құралы – Конституциялық құрылтай. Ол құрылтайға бүкіл ел өз өкілдерін сайлауы керек. Сондай жиын алдымен осы Атыраудан басталғанын қалаймын. Тоқаев қалай болса да қазір әйтеуір Қазақстан президенті болып отыр ғой, сол құрылтайды ашып, өткізсе деген ұсынысты бұған дейін де айтқанмын.

Ақтөбеде түрмеде отырғанымда кездесуге келген әріптестеріме Польшада 1988-89 жылдары болған Ұлттық диалогты мысалға келтірген едім. Сол кездегі Польша президенті Войцех Ярузельский өзі коммунист, Совет одағы қолшоқпар қылып ұстаған адам болса да, ұлт мүддесін жоғары қойып, елдегі барлық күштерді дөңгелек үстелдің басына жинап, өзара келісімге келіп, кейін әділ сайлау өткізіп, содан соң билікті тапсырып кетті. Тоқаевты біреу қолдаса, біреу қолдамайды қазір, жаңа айтқанымдай ол көзбояушылықпен айналысып жүр. Бірақ егер ол ұлттық ымыраға ұйытқы боламын, Конституциялық құрылтай шақырамын, халықтың айтқанына құлақ түремін десе, Тоқаев тарихта адал адам болып қалады.

Макс Боқаевтың белсенділік жолы

Белсенді Макс Боқаевтың белсенділік жолы
 

Азаттық: Конституция жобасын кім әзірлеп, ұсынуы, кім талқылауы керек?

Макс Боқаев: Есіңізде болса, қолданыстағы Конституция референдум арқылы қабылданған, оның алдында қоғам талқылауы болды. Қазір ол кездегідей емес, телекоммуникация жағдайы анағұрлым жақсы. Бұрын тек газет, радио, телевидение арқылы ғана талқыласа, қазір әлеуметтік желі дамыды, интернет бар. Және Конституцияны қайта қабылдайтын бірінші ел біз емеспіз. Көбі біздің саяси жүйемізді Францияныкіне ұқсатады, ал Францияны қазір бесінші республика деп те атайды. Сол бес республиканың басты құжаттары да болған. Бізде Конституция жобасын әзірлей алатын мүйізі қарағайдай заңгерлер бар, мүмкін азаматтық батылдығы жетпейтін шығар, бірақ өте білімді, әлем деңгейінде жұмыс істей алатын заңгерлер бар.

«РЕФОРМА ЖОҚ, КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ БАР»

Азаттық: Тікелей эфирдегі бұл сұхбатымызды дәл қазір мың жарым адам қарап отыр, мына бір оқырманымыз «Шетелде жүрген Мұхтар Әблязов елге келсін дейсіз, оны өлтіріп тастамай ма?» деп сұрақ қойыпты.

Макс Боқаев: Мен білмеймін, [Ресейде] кеше ғана Алексей Навальныйды улап, дәрігерлер оны ажал аузынан алып қалды ғой. Бірақ екі миллион адам тұратын Алматыда, айталық он бес мың адам әуежайға барып, не қала орталығына жиналып, «Әблязовқа тимеңдер!» деп талап қойса тимейді деп ойлаймын. Халық интернетте отырмай, көшеге шығып талап қоя білу керек.

Азаттық: Президент Тоқаев түрлі реформалар туралы айтып жүр. Мұны реформа деуге бола ма?

Макс Боқаев: Жоқ, бұл реформа емес, көзбояушылық. Реформа – қазіргі сайлау заңын өзгерту, әділ сайлау өткізу. Онсыз бұл көзбояушылық.

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.