«Намаз оқығаны үшін жазалайтын». Макс Боқаев түрмедегі өмірі туралы айтып берді

0

4 ақпанда Атырауда белсенді Макс Боқаев түрмеден босап шықты. 2016 жылғы жер митингісінен кейін 5 жылға сотталған белсендіні ондаған адам қарсы алды. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Макс Боқаев билікті Конституциялық құрылтай шақыруға көндіру туралы айтты.

«ЖАҒДАЙ НАШАРЛАЙ ТҮСТІ»

Азаттық: Сіз Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезде түрмеге қамалып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында бостандыққа шықтыңыз. Осы уақыт аралығында жүйе өзгерді ме, қалай өзгерді?

Макс Боқаев: Жаман жағына қарай өзгерді, жағдай одан сайын нашарлап кетті. Мысалы, мен қамауға алынған 2016 жылы Қазақстан азаматы мәслихат депутаттығына кандидат етіп өзін өзі ұсына алатын. Ал қазір өзін өзі ұсына алмайды. Осы бір мысалдан-ақ жағдайдың нашарлағанына көз жеткізуге болады. Бұрын мен Тоқаев жайлы білімді, Еуропада жұмыс істеген және Назарбаевқа қарағанда біраз болсын жас адам ғой, жаңаша жұмыс істейтін шығар деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады, жағдай нашарлап кетті. Бұған экономикалық дағдарыс, пандемияның салдары қосылды. Түрмеде отырған адамға ол алдымен сезіледі. Қазір амнистия болады деп жатыр ғой, бюджетте ақша болмаған соң жасап жатыр оны, әйтпесе түрмеде отырғандарды аяп отырған ешкім жоқ.

Азаттық: Қазіргі билік «еститін үкімет қалыптастырып, қоғаммен байланыс орнатып жатырмыз» деп айтады. Сіз бұған қандай баға бересіз?

Макс Боқаев: Саяси реформа жасау үшін дөңгелекті қайта ойлап табудың қажеті жоқ. Барлығы бұрыннан бар – әділ сайлау өткізу, билік бөлінісі, сөз еркіндігі, бейбіт жиын өткізу бостандығы, үкіметтің қоғам алдындағы жауапкершілігі. Тым болмағанда осы қарапайым бесеуін іске асыратын болса, елімізде жемқорлық деңгейі азаяр еді, ал жемқорлық азайса, онда мұндай дағдарыс болмайды. Атышулы LRT, Expo және басқасын айтпағанда, Covid пандемиясы кезінде бюджеттен ауруханаға бөлінген ақшаны «жеп қойғаны» туралы барлығымыз естіп жатырмыз. Бұдан кейін қайдағы «еститін» мемлекет? Бұлар – тоймайтын мемлекеттік қызметкерлер. Тоқаев сол жемқор, тойымсыз, ұятсыз шенеуніктерге тоқтау салудың орнына көзбояушылықпен айналысып жүр.

Азаттық: Сот үкімі шыққаннан кейін бірнеше өңірдегі қамау мекемелерінде отырдыңыз. Түрмеде өзіңіз кездескен ең үлкен қиындық не болды?

Макс Боқаев: Балалар үйінде тәрбиеленген азаматтармен қарым-қатынас орнату қиын болды. Себебі, егер құқық қызметкері заңға қайшы әрекетке барса, оның үстінен шағымдана аласың. Сол сияқты өзің тәрізді жазасын өтеп жатқандар теріс қылық жасаса, онымен де сөйлесіп, жөнге салуға болады. Ал енді жастайынан ата-ананың қамқорлығын, жылуын көрмеген, ешкім дұрыс тәрбие де бермеген жаңағыдай жастармен қарым-қатынас орнату өте қиын. Әрине, түрменің аты түрме. Бірақ қатты қиыншылық көрдім, я болмаса мені қинады, сабады деп айта алмаймын. Бәлкім, мінезім болғандықтан шығар, бірақ жеке басым бәлендей қиыншылық көрген жоқпын.

Азаттық: Әйткенмен сіз бүгін түрмеден босап шыққан кезде «егер халықтың қолдауы болмаса мені жоқ қылып жіберетін еді. Сүйегімді таба алмайтын едіңдер» дедіңіз. Мұнымен не айтқыңыз келді? 2016 жылғы митингіден соң қамауға алынғаннан кейін қандай да бір қысым көрдіңіз бе, өміріңізге қауіп-қатер төнген сәттер болды ма?

Макс Боқаев: Біздегі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) кезіндегі ГУЛАГ-тан (Сталин билігі тұсында құрылған Совет одағының бас лагерьлер басқармасы – ред.) шыққан, ал бірақ өн бойында сол ГУЛАГ қалып қойған деп бұған дейін де бірнеше рет айтқан едім. «Шағым жазып, айқай-шу көтереді» деп ойласа керек, маған тиіспеді. Ал жазасын өтеп жатқан өзге адамдардың жағдайы басқаша болды. Мысалы, жазған шағымы сол қамау мекемесінен сыртқа шықпаған кездер болған. Тіпті жазған шағымы арнайы прокуратураға жеткен күннің өзінде прокурордың өзі келіп, арыз-өтінішін тыңдайды, бірақ ештеңе істемейді. «Қаншама жыл бойы талай рет жапа шектік, қатты қысым көрдік» деп маған солардың өздері айтты.

«Қытайда қазақтарға күн бермей, қысым көрсетіп, құқығын шектеп жатыр» деп айтып жүр ғой, ал Қазақстан «зоналарында» (сот жазасын өтейтін мекемені айтады – ред.) осыдан 4-5 жыл бұрын болған жайттарды естісеңіз төбе шашыңыз тік тұрады. Мені сабаған жоқ және өзім қамауда болған 4 түзеу колониясы мен 6 түрмеде болған кезде оның қызметкерлеріне егер адамды ұрып-соққандарыңды көрсем, үнсіз қарап отырмаймын, шағым жазамын, жұртқа жеткіземін деп ескертетінмін. Сондықтан менің көзімше ешкімге қол көтеріп тиіскен жоқ. Бірақ талай сұмдық нәрсені, тіпті Қытайдан да асып кеткені туралы естідім. Мысалы, намаз оқығаны үшін жазалайтын. Бірге отырған жігіттер «Мәке, біз намаз оқып алайық, есікті ұстай тұршы, мұнымызды көріп қойса бізге сөгіс жариялап, жазалайды» деп өтініш айтқан жағдай да болған. Егер халықтың, әріптестерімнің, белсенділердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, шетелдік азаматтардың, халықаралық ұйымдардың қолдауы болмағанда Талғат Аян екеумізді жоқ қылып, әйтпесе мүгедек қылып шығаратын еді. Мысалы, оншақты жыл бұрын ба, түрмеде отырған Арон Атабектің аяғын сындырып қойды ғой.

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.