Жезқазғанда полицей марқұм жүргізушінің телефонын ұрлап, жалақысын өзіне аударып алған

0

Жезқазған қалалық соты ұрлық, алаяқтық және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған жергілікті полиция басқармасының екі қызметкеріне үкім шығарды.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталушылар полиция басқармасында криминалистер болып жұмыс істеген. Олардың бірі лейтенант, ал екіншісі полиция аға лейтенанты.

Тергеу мәліметінше, өткен жылдың 25 наурызы күні лейтенант жедел-тергеу тобының құрамымен Жезқазған-Сәтбаев трассасындағы жол апаты болған жерге барады. Сол жерден лейтенант өлген жүргізушінің ұялы телефонын тауып алып, ол туралы әріптестеріне айтудың орнына қалған дәлелдер тұрған пакетке салады.

Кейін жұмыста жүріп марқұм жүргізушінің телефонын иемденеді. 26 наурыз күні ол бұл туралы өзінің әріптесіне айтып, олар смартфон арқылы үш кішігірім қарыз алады. Осылайша олар шағын-қаржылық ұйымнан жалпы сомасы 100 мың теңге алып, өзара бөліседі.

31 наурыз күні марқұмның жалақысы түскені туралы хабар келеді. Мұны көрген лейтенант ақшаны танысының шотына аударады.

Көп ұзамай олардың бұл қылмысы белгілі болды. Жезқазған қалалық соты оларды кінәлі деп танып, 3,6 жылға бас бостандықтарын шектеді.