Білім министрлігі ақтөбелік студентке заңсыз берген грантын тартып алмақшы

0

Ақтөбеде дәрігер болуды армандаған студентті медициналық университеттің басшылары полициямен қуып жүр. «Жалпы медицина» мамандығы бойынша грант жеңіп алған Рүстем Оңғарбаевтың басы бәлеге қалған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Оралман статусымен ақысыз білімге қол жеткізген студенттің грант иеленуге құқысы жоқ болып шықты.

Алайда Қазақстанға 18 жыл бұрын көшіп келген студент оралман саналмайды.

Құжат тапсырған түлектің оралман екенін тексермей-ақ оқу орны ақысыз грант бере салған. Білім министрлігі енді берген грантын қайтып алмақшы.

Енді университет қателігінен 1 курс студенті оқудан қуылып жатыр. Оқу орнының мәлімдеуінше, министрліктің берген гранты заңсыз болып шықты.

«Мен өткен жылы медициналық университеттің «Қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы» бойынша ақылы бөліміне түстім. Бір жылға 630 мың теңге төлеп оқыдым. Кешенді тестілеу арқылы қайтадан грантқа құжат тапсыруға болатынын естіп, жаз айында бағымды сынап көрдім. Одан 122 балл жинадым.

Осы кезде бұрынғы оқуымнан шығып «Жалпы медицина» бөліміне грантқа тапсырдым. Анкета толтыру жерінде оралман не мүгедектікті көрсететін категориялар тұрды. Олардың ешқайсысына жатпайтындықтан ол жерлерді толтырмай қалдырдым.

Мен тек Өзбекстан елінде туғанымды жаздым. Осылай маған ақысыз оқуға грант берілді. 27 тамыз күні университеттен хабарласып: «Саған грант қателікпен берілген. Тез арада келіп, өз еркіңмен бас тартуың керек» деді. Отбасыммен ақылдасып, арыз жаза алмайтынымды айттым», — дейді басы дауға қалған Рүстем Оңғарбаев.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Грантқа түскен құжатын алған студент сабақтан қалмай бара берген. Ал даулы сұрақ екі айдан кейін ушыға түскен көрінеді.

Медициналық университеттің қызметкерлері оны сабаққа кіргізбей тастапты. Амалы қалмаған студент жергілікті журналистерден көмек сұрады.

«Журналистерге хабарласқанымызды естіп, университет басшылары үйіме полиция жіберді. Полиция қызметкерлері ешқандай ескертусіз залға дейін кіріп келді. Үйге полиция жіберетіндей мен ешқандай заң бұзған жоқпын. Бұл жағдай отбасыма үлкен күйзеліс әкеліп отыр. Біз олардан қорқамыз, кінәні өзімізге жабатын шығар», — дейді студент.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Медициналық университеттің басшылары да журналистерден көмек сұрап, өздерін кінәлаған студенттің мәселесін айтып, полицияға жүгінгендерін мойындап отыр.

«Біз оған бірнеше рет сабаққа бармаңыз деп ескерттік. Өкінішке орай біз күш көрсете алмаймыз. Бала бізді кінәлап БАҚ арқылы көмек сұрағаннан кейін құқық қорғау орындарына өтініш жаздық. Бала оралман квотасымен грант ұтып алады. Тексеріс барысында гранттың оған тиесілі екені анықталды. Грант Білім және ғылым министрлігіне қайтарылды. Өкінішке орай, қайтып алу жөнінде білім министрлігінің бұйрығы жоқ. Біз хат жолдадық. Ол баланың оралмандық құжаты жоқ. Мемлекетті алдауға болмайтын шығар», — дейді БҚММУ- нің проректоры Талғар Әбілов.

Университет басшыларының айтуынша, Рустем Оңғарбаев ақысыз білімге грант ұтып алғанымен, оның оқуға қабылданғаны жөнінде бұйрық шықпаған. Тест тапсырар кезде тиісті құжаттарды талап бойынша жинамаған оқу орны кінәні студентке артып отыр. Университет «Оралманмын деп алдап кетті» деп оның үстінен полицияға арыз да жазған. Студенттің отбасы да бұл даумен сотқа жүгініп отыр.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Оралман деген статусы бар құжатты қабылдамай-ақ грант бере салған медициналық университеттің қаншалықты кінәсі бар екені сотпен дәлелденетін болады.