Шымкентте өз күйеуін тапсырыспен өлтірген келіншек сотталды
Қаладағы мектептердің бірінде психолог болып жұмыс істеген ол жолдасының көзін құрту үшін 1 миллион теңгеге туған жиені арқылы «киллер» жалдапты. Сөйтіп, отағасын жұмыстан қайтып келе жатқанда 5 жерінен пышақтатып өлтірткен.
Бірнеше мəрте сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде, қылмыскерлердің
барлық іс-əрекеті дəлелденіп, ұзақ жылға түрмеге жабылды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Дəриева Тамара Тұрғынбаевананы, қылмыстық кодекстің 16 шілде 1997 жылғы нұсқасы бойынша, 28 бабының 3-ші бөлігі, 96 бабының 2-ші бөлігінің «ж», «з» тармақтарымен кінəлі деп тауып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қолданды.
Ал, Тілеубергенов Жеңіс қылмыстық кодекстің 1997 жылғы нұсқасы бойынша 96-бабының 2-ші бөлігі «ж», «з» тармақтарымен кінəлі деп танылды. Оған осы аталған қылмысты жасағаны үшін 16 жыл мерзімге бос бостандығын айыру жазасы тағайындалды», — деді судья Сәмиддин Темірәлиев.
Ал, тапсырысты орындаушы адамды тапқаны үшін келіншектің жиені 7 жылға сотталған.
Еске сала кетсек, бұл оқиға 2012 жылы болған. Ерлі-зайыптылар арасында жиі жанжал туындай берген соң, жұбайы күйеуін өлтірткен. Алайда ауыр қылмыс 8 жыл дегенде ашылған. Оның өзінде əлгі əйелдің жиені қаза тапқан жездесін жиі-жиі түсінде көре берген соң, полицияға өзі барып мойындаған екен. Ал, бұл аралықта тапсырыс беруші келіншек жəбірленуші ретінде өтіп жүрсе, «киллер» мұнан бөлек тағы 2 адамды өлтіргені үшін түрмеде отырған екен. Ерлі-зайыптылардың 2 қызы бар.