Сапарбаев «өтірік» вакцинация жасады ма: облыс әкімдікі жауап берді

0

Әлеуметтік желіде Сапарбаевты «өтірік» вакцинация жасады деп айыптап жатыр.

Осыған орай Жамбыл облысының әкімдікі жауап берді.

«Кейбір желі қолданушылары Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевқа коронавирусқа қарсы салынған екпе шприці жабық, яғни қалпағы болған деп күмән келтірген еді. Арнайы осы азаматтар үшін басқа да ине анық көрінетін сапалы суреттерді жариялап, фото-коллаж әзірледік. Әрине, мұны фотошоппен жасалған дүние деп айтатындар табылар. Қажет болса, фотосуреттердің түпнұсқасын ұсынуға әзірміз», — деді Жамбыл облысының әкімінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы QazCovid-in  қазақстандық вакцинасын салдырды. Вакцинация клиникалық зерттеулерден тыс ерікті келісім бойынша жүргізілді.

Аймақ басшысы вакцина тиімді тестілеумен және қолданыстағы алдын алу шараларымен бірге пандемияны бақылауға алуға көмектесетін маңызды құралға айналатынын атап өтті.

«Әлемдік сарапшылар қауіпсіз және тиімді вакцинаны жасау мен өндіруді жеделдету үшін көп жұмыс істеуде. Қордай ауданында орналасқан биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ-ы өзіміздің қазақстандық вакцинамызды да әзірледі. Еріктілерге арналған клиникалық зерттеулердің алғашқы екі кезеңі  сәтті өтті, оларда жақсы нәтиже көрсетті және жанама әсерлер болған жоқ. Қазіргі таңда Таразда клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі жүруде. Қазақстандық вакцина оң нәтиже көрсетіп, жаппай қолдануға ұсынылады деп үміттенемін», — деді Бердібек Сапарбаев.