Әңгіме: Сүлеймен Баязитов | Тектілік
– Сен Амангелді Қаңтарбаевты білесің бе? – деп сұрады.
– Жоқ, – дедім мен.
– Мұның қалай? – деді Соқырбек аға, – оны өзгені былай қойып, аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Төлеутай жолдас малды ауылдарды бірге аралағанда дастархан басында аудандағы ірі ақын деп мақтап отырды. Хатшының сөзіне қарағанда, келешегінен көп үміт күтуге болатын талапты жас болса керек. Мен Амангелді туралы мұнан кейінгі жерде ауыл адамдарынан жиі еститін болдым. Тіпті немере ағам Балташ Бақтыбаев: «Бәрімізде қалам тартып жүрміз ғой, біздікі не тәйірі. Ақын деп, журналист деп Амангелдіні айт», – деп желпіне сөйлер еді. Мен Амангелдімен осылай сырттай таныстым.
Өлеңдерім Облыстық газетте, радиода бұрынғыдан гөрі жиі жарияланатын болды. Жаңа жазған, сиясы кеппеген өлеңдерімнің біразын аудандық «Жеңіс» газетінің редакциясына жолдадым. Ол кезде қырықтықта жұмыс істейтінмін. Түстен кейін жұмысқа келсем, қырықтықшылардың біразының қолында – «Жеңіс» газеті.
– Міне, өзі де келді. Сүлейменге қайдан келген ақындық деп өзімді қарадай дал болушы едім. Тілеуің бергір Амангелді тіліп тастапты.
– Өй, онан да сойып салыпты десеңші, – десіп шуылдасып қоя берді. Сол сәт Шөкелай ағаның (бастығымыз): « Қане тоқтатыңдар. Кімнің нағыз ақын екенін уақыт көрсетеді», – деп тұтанғалы тұрған өрттің алдын алған еді. Жұмыстан соң газетін тауып алып оқысам, Амангелді менің өлеңдерімді іске алғысыз ғып-ақ сынаған екен. Қысқаша, ол кісінің пікірі– өлең жазу ермек емес, Сүлейменнің осыны түсінуі керек.
Білімі жетіспейді, жалпы, өлең жазу қолынан келмейдіге саяды. Неге екені белгісіз, талқандап талдау, жіліктей жіктеу жоқ еді. Бұл менің алғашқы естіген сыным еді. Оның мерзімді баспасөз бетінде жарық көріп, жалпақ жұртқа жария болуы және оны аудандағы ірі ақын Амангелді Қаңтарбаевтың жазуы көңіліме аз-маз қаяу түсіргенмен, қаламым қолымда еді. Тіпті өлеңді бұрынғыдан да өндірте жаза бастадым.
Көп ұзамай Баянға жол түсті. Көшеде ерсілі-қарсылі ағылған жұрт. Жол жиегінде сөйлесіп тұрған екі жігітке көзім түсті. Қапталдаса бергенде солардың бірі атымды атап, маған қарай беттеді. Бұрын көрмеген кісім. Сәлемдестік.
– Сенің Сүлеймен екеніңді жаңағы жігіттен естіп білдім. Мен– Амангелді Қаңтарбаевпын, – деп қолын ұсынды. – Мен сенен кешірім сұрайын деп. Ойда- жоқта Амангелдімен ұшырасып қалуым мені онсыз да абдыратып тастаған еді. Ал оның мына сөзі тіпті ақылға қонбайтындай көрінген.
– Не үшін? –дедім мен сасқалақтап.
– Әділетсіз сыным үшін.
– Сонда қалай?
– Мен сенің өзім сынаған өлеңдеріңді облыстық радиодан естіп, радиодағыларға қарсы пікір жазбақ болып, мәтінді қайта қолға алдым. Көп ұзамай қателескенімді ұқтым. Содан… Сол сәт мен Амангелді аға ақын ғана емес, ірі азамат екен-ау деген ойға берілдім. Сол көшедегі кездесу Амангелді екеуміздің арамызды біршама жақындата түскендей еді. Көп ұзамай ол әлдебір себептермен Балқашқа ауысты. Сол жақта қалалық теледидарда істейді екен деп естідім.
Бірер жылдан соң Амангелді аға өзінің туған ауылы С.Торайғыров елді мекеніне қайтып оралды. Мектепте, шаруашылықта еңбек етіп жүрді. Ара-тұра «Жеңіс» («Баянтау») газетіне қалам тартатын. Оның қаламынан туған суреттеме, корреспенденция, очерктер, жазылуы, баяндау стилімен суреткерлігімен ерекшеленетін. Амангелді аға Екібастұз қаласында шығатын аудандық «Вперед»(«Алға») газетінде редактордың орынбасары міндетін атқарды. 1992 жылы қазақ тілінде қалалық «Отарқа» газетін шығара бастады. Ал осы газетті өмірге әкелу оған оңайға соққан жоқ.
Басшылықта отырған өзге ұлт өкілдерінің қарсы шығуына қарамастан, Амангелді өзінің дегеніне жетті. Енді газетке қазақша жаза білетін журналист кадрларды тарту қажет еді. Амангелді оның да орайын келтірді. Бұл күнде облысқа, республикаға танымал Сая Молдайып, тағы басқалары Амангелдінің мектебінде шыңдалып өскен. Бұл кезде Баянауыл аудандық газетінде бірнеше жыл әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып жұмыс істеп жүрген жерімнен Облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне тілші болып жұмысқа ауысқам.
Екі жылдан аса жұмыс істегеннен кейін әлдебір себептермен «Сарыарқа самалы» газетінен жұмыстан шығып, Красноармейка орта мектебінде қазақ тілі менәдебиетінен сабақ беріп жүрдім. Бір күні Амангелді аға арнайы іздеп келді. Ұзақ әңгімелестік. Баян жерінде өткен жалынды жастық шақ, таныс-біліс адамдар әңгіме өзегі еді. Аттанарда Амангелді аға маған: «Солнечный қаласында газеттің меншікті тілшісі бол, үй алуға көмектесемін», – деп ұсыныс жасады.
Мен мектепке, әсіресе балаларға, ұжым мүшелеріне бауыр басып қалған едім. Амангелді ағаға алғысымды айттым. Кетер кезде ол: « Бір қолжазбаңды бер», – деп қолқа салды. Жаңада ғана жазылып, сиясы кеппеген «Әнші Жүніс» атты қолжазбамды қолына ұстаттым. Күндер өтіп жатты. Бір күні Амангелді бізді іздеп келді. Қолындағы валеткасын ашып, маған: « Мынау– қаламақың», –деп бір уыс ақша ұстатты. Сол Амангелді аға берген аз-маз қаражат менің жыртығымды жамамаса да, көңіліме медеу болғаны хақ. Бұл күнде Амангелді аға өмірде жоқ, алайда оның өз қателігін түсініп, кешірім сұрауы, қиын сәтте қолдау көрсетуі маған әлденеден тектілік сияқты болып көрінеді.
Сүлеймен Баязитов