12 жасар қызды зорлаған 42 жастағы еркек бірден рақымшылықпен босап шықты
Гиссар соты 12 жастағы қызды зорлады деп айыпталған 42 жастағы ер азаматты 5 жылға соттап, сосын рақымшылық заңына сәйкес бостандыққа шығарды.
Сот қылмыстық оқиға 2019 жылдың тамыз айында болғанын, биыл қазан айында рақымшылық туралы заңның қабылданғанын, сол себептен айыпталушы рақымшылыққа ілінгенін түсіндірді.
«Құқықтық бастама» қоғамдық ұйымының директоры Гулчехра Рахманова сот шешімімен келіспейтінін, Жоғарғы сотқа шағымданатынын жеткізді.
Оның сөзінше, Гиссар соты істі бір күнде қарап, шешім шығара салды.
Жәбірленуші қыздың айтуынша, 2019 жылдың жазында оны 42 жастағы немере ағасы зорлаған. Қыз 8-айға жүкті кезінде ғана бұл жайында туыстары білген.
Былтыр Хьюман Райтс Вотч ұйымы Тәжікстанда әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы күрделі мәселе екенін айтып, ел үкіметі тиісті шараларды жеткілікті қолданбай отыр деген.
Тәжікстанда адам зорлау бойынша 12 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе өлім жазасы қарастырылған. Бірақ 2004 жылдан бастап өлім жазасына мораторий енгізілген.