Білім сапасын арттырмақ | «Айқын» газеті
2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанның қалалық білім беру мектептерінде жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілмек. Бүгінде Қазақстанның бір жарым мыңнан астам мектебінде, ал Көкшетау қаласының 83 мектебінде бұл жүйе енгізілген екен.
Жобаның мақсаты – бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыру арқылы білім сапасын жақсарту. Айта кету керек, жан басына шаққандағы қаржыны апробациялау елімізде 2013 жылдан бастау алды. Бұл жүйе Қазақстан бойынша – 73, оның ішінде Ақмола облысында 13 мектепте енгізілді.
– Биылғы жылдың сәуір айынан бастап Ақмола облысында 7 қалалық мектепте жан басына қаржыландыру 6,3 мыңнан астам оқушының қатысуымен қамтамасыз етілді, – деді облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Светлана Ермолаева, Көкшетау қалалық №5 көп салалы мектеп-гимназиясында өткен «Білім беру» бағыты бойынша комиссия отырысында.
Комиссия мүшелері алдында есеп берген Көкшетау қаласындағы №5 мектеп гимназиясының директоры Дина Башарованың баяндамасы нұротандықтардың ерекше қызығушылығын оятты. Дина Оразғалиқызы мектептің шынайы мысалдарына сүйене отырып, білім беруді жан басына қаржыландыруды енгізу көптеген мектеп мәселелерін шешуге бағытталған және бірінші кезекте білім сапасын жоғарылату, оқушылар мен мұғалімдерді түрлі деңгейдегі жарыстар мен жобаларға қатыстыруға ынталандыру, материалдық тұрғыдан нығайту үшін оң нәтиже береді деп сендірді. Комиссия отырысында партиялықтар білім беру өкілдеріне сұрақ қойып, «Мектеп асханаларын жаңғырту» партиялық жобасының жүзеге асырылуы және ұсынылатын қызметтердің сапасы туралы мәселе көтерді.
Биылғы жылдың тамыз айында сапалы тағамды ұйымдастыру үшін Көкшетау қаласының 17 мектебінің асханалары 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілді. Келісім негізінде жекеменшік серіктестермен жаңғырту кестесі жасалған. Оған сәйкес мектеп асханалары күрделі жөндеуден өтіп, кәсіпкер технологиялық жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы жиналғандарды Көкшетау қаласының білім беру бөлімінің бастығы Бейбіт Жүсіпов хабардар етті. Көкшетау қалалық білім беру бөлімінің мектеп асханаларында тамақтануды бақылау тобының төрағасы кездесу барысында жұмыс мониторингінің нәтижелері туралы айтып берді. Барлық көтерілген түйткілді мәселелер партия филиалының бақылауына енді, оларды шешу үшін тиісті шаралар қабылданатын болады деп «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жиынды қорытындылады.
Абылайхан ЖҰМАШ