Меншікті зейнетақы капиталын қалыптастыру – әр қазақстандық үшін аса маңызды міндет
– Нұрбибі Серікқажықызы, 20 жылдағы жұмыс нәтижелері бойынша Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жай-күйін қалай бағалайсыз?
– Жинақтаушы зейнетақы жүйесін талдау үшін ұзақ мерзімді – әлеуметтік те, инвестициялық та болашақ қажет. Оның ерекшелігі осыда. Адам жұмысқа шыққан бойда жеке зейнетақы шотын ашады және өзінің еңбек қызметінде зейнетақы жарналарын жасайды. Бұл инвестицияланады, инвестициялық кіріс алынады, осылайша зейнетақы жинақ ақшасы қалыптастырылады. Қазір жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгеннен 20 жыл өткен соң зейнетақы жарнасын тұрақты түрде салатын адамдарда қомақты сома жинақталды. 20 жыл ішінде адамдар жеткілікті түрде жинақтап үлгерген жоқ деген уәжді жиі естиміз. Расында да, егер міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинақталған орташа соманы алсақ, 1 миллион теңгеден аз. Бірақ бұл жүйеге 20 жыл бойы қатысқандардың да, оған тек қатысып қоя салғандардың, бүкіл кезең бойы жарналарды тұрақты түрде салып отырғандардың және әлі күнге дейін өзінің ресми жалақысын көрсетпейтіндердің барлық шоттарынан алынған орташа сома дәл осындай. Зейнеткерлікке дейінгі жастағы жарнаны үнемі (жылына кемінде 9 рет) салып отыратын салымшылардың жинақтаған ақшасы ер адамдарда 3 миллион теңгеден және әйелдерде 2 миллион теңгеден асады. Бұл сома жарналар саны мен сомасына теңбе-тең өсуде. БЖЗҚ-дан төлемдердің тұрақты түрде жүзеге асырылып жатуының өзі жүйенің жұмыс істейтіндігін көрсетеді. 2018 жылдан бері ай сайынғы негізде төленетіндігі белгілі, ол адам тиісті жасқа жеткенде 1998 жылға дейін еңбек өтілі (ортақ құрауыш), еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан кезең (базалық төлем) үшін мемлекеттен және БЖЗҚ-дағы өз шотынан алатын жиынтық зейнетақының бір бөлігі болады. Қазір жиынтық зейнетақының 80-85%-ын адамдар мемлекеттік бюджеттен алатындығын талдау көрсетіп отыр. 2018 жылы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ресімдегендердің көпшілігі әзірге 15 мыңнан 40 мың теңгеге дейінгі сома алады. Бірақ БЖЗҚ-дан алатын төлемдерінің өзі 100 мың теңгеден асатындар да бар. Қазір мұндай алушылар аз, бірақ олар жарнаны тұрақты түрде аудара отырып, жақсы зейнетақы жинақтауға болатынын көрсетіп отыр.
– Біздің қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесін дағдарысқа төзімді деп атауға бола ма?
– Біздің жинақтаушы зейнетақы жүйесі әлемдік екі қаржы дағдарысын өткерді. Бірінші дағдарыстың шарықтау шегі ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңында болды. Екінші қаржы дағдарысы 2007-2008-жылдары болды және ол салымшылардың шоттарындағы инвестициялық кірістің төмендеуіне ықпал етті. Бірақ ол салымшылардың жинақ ақшаларына әсер еткен жоқ, себебі төлем алуға құқық алғандарға қатысты зейнетақы жинақтарын мемлекеттік тұрғыдан сақтау тетігі қолданылып, адамдар жинақталған кірістілік пен инфляция сомасы арасындағы айырманы ала бастады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуы, оның сәтті болуы көбіне елдегі экономикалық ахуалға байланысты: экономиканың нақты секторының өсуі еңбек өнімділігінің және халық кірісінің өсуіне ықпал етеді. Инфляцияның төмендеуі, бағалардың тұрақтылығы зейнетақы жинақ ақшасының нақты құнына тікелей әсер етеді. Жұмыспен қамтудың ұлғаюы халықтың болашақтағы жинақтарының есебіне өз кірісінен тұрақты аударып тұруына мүмкіндік береді. Жарналардың тұрақты түрде түсуі инвестициялық кіріске де әсер етеді, себебі көп сома инвестицияланған сайын, пайда да көбірек болады. Жалпы алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істеген бүкіл кезеңде жинақталған кірістілік деңгейі 481,1%-ды құрады, бұл жинақталған инфляция деңгейінен (474,2%) асып түседі. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша жинақталған кірістілік 2014 жылғы сәуірден бергі кезеңде (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға шоғырландыру аяқталған кез) 49,40%-ды құрады, ал бұл кезеңде инфляция 41,78% мөлшерінде болған. 2018 жылғы 1 қарашада зейнетақы жинақ ақшасының сомасы 9 триллион теңгені құрады, оның 3,5 триллионы (38%-дан астамы) – салымшылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс.
Егер жинақталған ақшаның нақты құнына қандай да бір кезеңдегі қаржы нарықтарындағы ахуал әсер ететін болса, онда қалай болғанда да инфляция деңгейінен төмен емес кірістілік қамтамасыз етіледі. Тағы да еске түсірейін, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 5-бабына сәйкес мемлекет алушыларға БЖЗҚ-дағы мiндеттi зейнетақы жарналарының және мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының зейнетақы төлемдеріне құқық алу сәтіндегі инфляция деңгейiн ескере отырып, жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Басқаша айтқанда, адам зейнетке шыққанда оның жеке зейнетақы шотындағы кірістіліктің жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңдегі инфляция деңгейіне ара-қатынасында есептеледі. Бұл жүйе жұмыс істейді – адамдар зейнетке шыққанда, өз төлемдерінен басқа мемлекеттік кепілдік бойынша сомалар алады, себебі жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуіне ықпал етеді. Мысалы, өткен жылы шамамен 13 миллиард теңге төленген. Мұның бәрі жүйенің тұрақты жұмыс істейтінін және салымшылар жинақ ақшасының қорғалғандығын білдіреді.
– Бірақ қазіргі кезде кейбір сарапшылар жақын уақытта, 5-10 жылдан кейін БЖЗҚ ақшасы таусылып, зейнетақы төлеуге ақшасы қалмайды деп халықты қорқытуда. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Мұндай болжамды жоққа шығаратын негізгі дәйектен бастайын. Төлемдер мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне түсетін қаражатты салыстыру шын мәнінде дұрыс емес. Әлемдік практикада зейнетақымен қамсыздандырудың екі үлгісі қолданылады: бөлетін зейнетақы жүйесі және жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Көптеген елде белгілі бір ерекшеліктерімен осы жүйелердің бірқатар комбинациялары қолданылады, бірақ оның өзі бар-жоғы екеу. Бірінші жағдайда да, екінші жағдайда да ақшаны жұмыс істейтін адамдар аударады. Тек бөлетін жүйеде жұмыс істейтін азаматтардың салықтар түріндегі есептеулері болашақтағы зейнеткерлерге зейнетақы төлеу үшін қолданылады. Жүйенің атауының өзі осыдан барып «бөлетін» деп аталды, яғни ақша жүйеге қатысушылардың арасында қайта бөлінеді. Жүйенің басқаша атауы – ортақ деп аталады, ұрпақтардың ынтымақтастығын білдіреді: халықтың жұмысқа қабілетті бөлігі зейнеткерлерге төлейді. Ал жинақтаушы жүйе болса, жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің дербес шоттарына бүкіл еңбек жолында ақша аударуын болжайды. Нақты бір салымшының төлем алу құқығы басталған кезде ол жүйенің басқа қатысушыларынан емес, оның жеке зейнетақы шотынан таусылғанша төленеді. Осылайша бөлу жүйесінде келіп түсетін ақша мен берілетін ақша арақатынасы негізгі рөл атқарады, себебі бұл арақатынасқа демографиялық және әлеуметтік-экономикалық факторлар айтарлықтай әсер етеді. Кезінде дәл осы баланстың бұзылуы зейнетақы реформасына және жинақтаушы құрауышты енгізуге деген қажеттілікті туындатты. Қазақстанда 1998 жылдан бері істеп келе жатқан жинақтаушы зейнетақы жүйесінде әрбір адам бүкіл еңбек жолында жинақтаған өзінің жеке зейнетақы жинақтарына қарай алады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне келіп түскен ақша мен төлемдер арақатынасының нақты бір азаматтың төлемдеріне ешқандай ықпалы жоқ. Алынатын зейнетақы төлемдерінің сомасына меншікті зейнетақы жарналарының жиілігі, тұрақтылығы мен мөлшері және оларға есептелетін инвестициялық кіріс қана әсер етеді. Осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесіне келіп түсетін ақша мен төленетін ақшаны салыстыру әдіснамалық тұрғыдан қате болмақ.
Егер цифрларға жүгінетін болсақ, онда алушылардың санына, түскен инвестициялық кіріске, түсімдердің көлеміне қарай келіп түсетін ақша мен төленетін ақша арасындағы қатынастың жылдан- жылға өзгергенін көруге болады. Соңғы жылдары келіп түсетін ақша мен төленетін төлемдердің арақатынасы 4-ке 1 деңгейінде байқалады. БЖЗҚ-ның актуарлық есептеулері бойынша мұндай арақатынас болашақта да сақталады, яғни келіп түсетін ақша бұрынғысынша төленетін төлемнен артық болады. Мысалы, 2019 жылдан бастап 2023 жылдар аралығындағы кезеңде төлемдердің жиынтық көлемі 1,3 трлн теңге болғанда жарналардың жиынтық көлемі шамамен 5 трлн теңге болады деп болжанады. Соның нәтижесінде, инвестициялық кірісті есептегендегі жинақ ақша сомасы 2023 жылдың соңына қарай шамамен 15,3 трлн теңге болады. Демек, БЖЗҚ-да кассалық айырмашылық болады деген пікірлер шындыққа жанаспайды.
– Қазақстан зейнетақы жүйесінің көпқұрамдылығына қайта оралсақ: тағы да жиырма жыл өтеді және 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаған адам да зейнеткерлік жасқа жетеді. Олар ортақ зейнетақыны алмайды. Бұл мемлекеттің зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі міндеттемелері қысқарады дегенді білдіре ме?
– Мемлекет бұрынғыша азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға қатысады. Ортақ құрауышты төлеу іс жүзінде жыл сайын төмендейді, бірақ базалық зейнетақы төлеу жалғаса береді. 2018 жылдан бастап осы зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіне қатысты болады. Яғни, осының барлығы адамдардың ресми түрде еңбек етуге немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істеп, қызмет көрсетуге және БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы жүзеге асыруға, жұмыс берушіден алған деректерді шоттан алған үзінді-көшірмемен салыстырып тексере отырып, оның міндетті зейнетақы жарналары бойынша аударымдарды жасағанын не жасамағанын жүйелі түрде бақылап отыруға тиіс екеніне алып келеді.
Зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жүргізіледі. Біз қазір жаңғыртудың бірінші кезеңіне (бұл 2016-2020 жылдар) жоспарланған міндеттерді іске асырамыз. Дәл осы уақытта құқықтық негіздер жасалуда және жүйені қайта құрудың бірінші кезектегі шаралары орындалуда. Өткен үш жылға жуық уақытта көп нәрсе жасалды. Мысалы, күштік құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды реформалау жүргізілді, 2016 жылдан бастап олар толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға өтті. Бұл мемлекеттің қатысуы туралы мәселеге орай.
Зейнетақының жиынтық мөлшерін, яғни мемлекеттік бюджеттен және БЖЗҚ-дан зейнетақының мөлшерін көтеру үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақ ақшасының есебінен төлемдер алудың ай сайынғы кестесі енгізілді. Осы кезең міндеттерінің бірі – халықты зейнетақы жүйесінің қызметтерімен қамту. Біз бұл міндетті қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, мемлекеттік кірістер органдарымен, әкімдіктермен бірлесіп шешудеміз.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап шартты-жинақтаушы құрауышты енгізу жоспарланып отыр, онда жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына жалақының 5%-ы мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналары көзделеді. БЖЗҚ-да жұмыс беруші өзінің қаражаты есебінен қызметкердің ай сайынғы табысынан 5% мөлшерінде ЖБМЗЖ аударатын әрбір қызметкерге шартты зейнетақы шоты ашылады. Алғашқы төлемдер зейнеткерлік жасқа толған алушыларға, сондай-ақ егер мүгедектігі мерзімсіз белгіленген болса, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 2025 жылдан бастап жүзеге асырылады. Төлемдердің міндетті талаптары қатарынан күнтізбелік 60 айдан кем емес кезең үшін ЖБМЗЖ шотына аудару болып табылады.
Екінші кезеңде (2020-2030 жылдар) зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдік беру жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. Мұнда базалық зейнетақы төлемдерінен мемлекеттен ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыға өту көзделген. Сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы аннуитеттері арқылы өмірлік төлем төлеуге көшу болжанады.
Тұжырымдаманы іске асырудың мақсаты зейнетақы төлемдерінің бұрын алған кірістерге және елдегі өмір сүру деңгейінің өсуіне сәйкес келу, зейнеткерлікке шығуға байланысты жоғалтқан жалақысының орнын зейнетақы төлемдерінің есебінен кемінде 40% деңгейде жабу коэффициентін қамтамасыз ету, сондай-ақ халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту.
– Зейнетақы жүйесін жаңғырту міндеттерінің бірі – оған халықты тарту. Бұл бағытта қандай қадамдар жасалады?
– Ең алдымен, әрқайсымыз зейнетақы жинақ ақшасының салық емес, қандай да бір белгісіз мақсаттар үшін ақшаны мәжбүрлеп алу емес, еңбек қызметі аяқталғаннан кейін өмір сүруді қамтамасыз ету үшін өз капиталыңды қалыптастыру екенін нақты білуге тиіспіз, оның негізінде қанша табыс таптың, сонша аласың деген әлеуметтік әділеттік қағидаты бар. БЖЗҚ халық арасында әрбір қазақстандықтың жинақтаушы жүйеге қатысу қажеттілігі туралы ауқымды ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар біз ересек адамдармен қатар өсіп келе жатқан ұрпақпен – студенттермен және жоғары сынып оқушыларымен жұмыс істей бастадық. Олардан түсіністік пен қызығушылықты көрдік, олар уақыт өте келе өзінің болашағына жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз. Биыл ақпан айынан бастап біз өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдармен – шоттарына бірнеше жыл бойы зейнетақы жарналары түспеген әрбір салымшымен ауқымды жұмыс жүргізудеміз. Қазірдің өзінде 496 мыңнан астам адаммен байланыс орнатылды, олардың 96 мыңға жуығы зейнетақы аударымдарын аудара бастады. Олардың шоттарына 9 айдың өзінде 1,5 млрд теңгеге жуық ақша түсті.
Түсіндірме жұмысымен қатар мемлекеттік деңгейде басқа да ынталандыру шаралары қабылдануда. Мысалы, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін бірыңғай жиынтық төлемді енгізу жоспарлануда. Олардың көпшілігі зейнетақы, әлеуметтік, медициналық қамсыздандыру жүйелерінен тыс қалуда. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізуге бастама жасады. БЖТ мәселелері жөніндегі тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда. БЖТ мөлшерін ең төменгі – қала халқы үшін бір АЕК және ауыл халқы үшін 0,5 АЕК мөлшерінде белгілеу ұсынылады. Осы соманы бір айда төлеу кезінде азамат бірден төрт бағыт бойынша – жеке табыс салығын, БЖЗҚ-ға зейнетақы аударымдарын, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және міндетті медициналық сақтандыру қорына аударымдарды аударады. БЖТ төлеу адамға міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуына, салықтар бойынша міндеттемелерді орындауына және тым аз болса да, бірақ өзінің зейнетақы капиталын толықтыруына және осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына мүмкіндік жасайды. Бұл ЖЗЖ-ға қатысу өтілін растау және базалық зейнетақының мөлшерін ұлғайту үшін маңызды.
– БЖЗҚ-ның алда тұрған міндеттерді орындау және зейнетақы жүйесін дамыту аясындағы рөлі қандай?
– Ең алдымен, Зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасы шеңберінде БЖЗҚ үздіксіз жұмысты, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ашықтығын, зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын, халықтың міндетті және сол сияқты ерікті құрауыштарымен қамтылуын кеңейтуді қамтамасыз етеді. Қазақстан Ұлттық банкімен бірлесіп зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың ашықтығын арттыру, ал болашақта салымшыларды өздерінің зейнетақы активтерін басқарушы компаниялар арқылы инвестициялауға біртіндеп тарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Өткен жылы БЖЗҚ-ны дамытудың 2021 жылға дейінгі корпоративтік стратегиясы қабылданды. Стратегияда қойылған басты міндеттердің бірі – бұл адамның қай жерде тұрғанына қарамастан, зейнетақы қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және әлемдік озық практикалардың стандарттарына сәйкес сапалы қызмет көрсету. Бұл үшін БЖЗҚ қазіргі кезде зейнетақы қызметтерін тікелей және сол сияқты қашықтан алу үшін барлық мүмкін арналарды қамтамасыз еткен. Қордың мамандары цифрлы сервистердің толық желісін әзірлеп, енгізді. Салымшылар оның көмегімен үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, интернетке және электронды цифрлы қолтаңбаға қолжетімділігі бола отырып, жеке зейнетақы шотын ашып, өзінің үзінді-көшірмесін қарап, деректемелеріне өзгерістер енгізіп, өзінің зейнетақысына болжамдық есеп жасай алады. Егер адамда ЭЦҚ болмаса, онда БЖЗҚ офисіне бір рет кірсе болады және қосымша келісім жасай отырып, БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетке қолжетімділік алады. Колл-орталықтан бастап, заманауи мессенджерлерге дейін консультация берудің әртүрлі арналары көзделді. Шалғайдағы, интернетке қатысты проблемалары бар елді мекендер үшін тұрғындар барлық зейнетақы қызметтерін толық көлемде алатындай техникамен, оның ішінде спутниктік антеннамен жабдықталған көшпелі мобильдік офис көзделген. БЖЗҚ-ның бөлімшелері жоқ шағын кенттерде тұратын халықтың БЖЗҚ қызметтерінің бүкіл кешенін алуы үшін «Қазпошта» АҚ-пен меморандум жасалды.
Зейнетақы жүйесін одан әрі заңнамалық дамыту және жетілдіру, мысалы шартты-жинақтаушы құрауышты енгізу үшін техникалық базасын дайындау шеңберінде қорға бірқатар міндеттерді шешу қажет.
Халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығының деңгейін арттыру маңызды. Зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін халықтың оған деген негізгі сенімі болуға тиіс. Ал дәйекті ақпарат негізінде біз салымшылармен бірге, оның ішінде ерікті зейнетақы өнімдерін дамытуды ескере отырып, дербес зейнетақы жоспарларын құру мәдениетіне қол жеткіземіз.
Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі 20 жыл жұмыс істеуде және оның дамуы үшін үлкен әлеует бар. Ал БЖЗҚ қазіргі кезде оның қаржылық және ақпараттық ағындарының бірыңғай операторы және әкімшісі. Қордың қызметкерлері елдің әр азаматы өзінің зейнетақы капиталын дұрыс қалыптастыру кезіндегі сенімді кеңесшісі және көмекшісі болуға тырысады.
Әңгімелескен Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»