Орташа айлық жалақы мөлшері жоғары өңірлер анықталды

0

2018 жылдың ІІІ тоқсанында елімізде орташа айлық жалақы 161,8 мың теңге болды, көрсеткіш жыл ішінде 9,3%-ға артқан. Бұл туралы Finprom.kz сарапшылары жария етті.

Былтырғы осындай кезеңде орташа айлық жалақы 148 мың теңге болып, бір жыл ішіндегі өсімі 4,8% болған еді. Соңғы бес жыл ішінде жалақының ең жоғарғы мөлшері – 13,3%-ға артуы 2016 жылы тіркелген, сол кезде нақты жалақы индексі 96,7% болған, яғни бағаның өсуі жалақы өсімінен жоғары болды.

Биыл нақты жалақы индексі 103,1% болды, сатып алу қабілеті артып отыр. 2017 жылы жалақының нақты құндылығы инфляция салдарынан 2%-ға төмендеген еді.

Осы жылдың ІІІ тоқсанында орташа айлық жалақының анағұрлым жоғары мөлшері Атырау облысында тіркелді: 310,6 мың теңге, бұл былтырмен салыстырғанда (275,9 мың теңге) 12,6%-ға көп. Екінші орында – Маңғыстау облысы, көрсеткіш 4,8%-ға өсті – 260,6 мың теңгеден 273,2 мың теңгеге дейін. Үшінші орында Астана тұр: 240,7 мың теңге, өсім бір жылда 8,1% болған.

Орташа айлық жалақы мөлшері ең төмен облыстардың үштігіне Түркістан (98,8 мың теңге), Солтүстік Қазақстан (110,9 мың теңге) және Жамбыл облыстары (111 мың теңге) еніп отыр.

ІІІ тоқсанда республиканың төрт өңірінде ғана орташа айлық жалақы мөлшері орташа республикалық деңгейден жоғары болған. Ал ең жоғарғы жалақы мен ең төменгі жалақы мөлшері тіркелген екі облыс (Атырау және Түркістан облыстары) арасындағы айырма 211,7 мың теңге болды.

Орташа айлық жалақы мөлшерінің анағұрлым өсімі байқалған өңірлердің үштігіне Батыс Қазақстан (16,4%), Жамбыл (13,2%) және Атырау облыстары (12,6%) кіріп отыр.

Дереккөз: Baribar.kz