Оның жүрегін балам жібітті: 18 жасында жүкті болып қалған қызынан теріс айналған әкенің хикаясы

0

Humans of New York желіде кезекті оқиғаны бөлісіп, әйел қауымына қолдау білдірді. Бұл жолы басты кейіпкер — 18 жасында некесіз жүкті болып, әкесіне дейін теріс айналған Вэл.

«Анам әкеме қарап тұрып «Вэлдің саған айтары бар» деді. Баспалдақта жылап отырдым. Әкем менің жүкті екенімді бірден түсінді. Ол ұрысқан жоқ. Ешнәрсе де айтпады. Тек маған қарай келе жатты. Бірақ осол сәтте оның іштей не ойлап тұрғанын сөзсіз-ақ білетін ем: мен оның 18 жастағы жалғыз қызы болдым. Әлбетте бала менің өмірімді құртады деп ойлағаны сөзсіз.

Кенет қасыма келіп тоқтап «Не түсік жасатасың, не үйден кетесің» деді. Жападан жалғыз қалатынымды жақсы түсіндім. Босанған соң балама киім аламын деп жалақымнан ақша жинай бастадым. Бірақ сәбилі болған соң қалай күн көретінімді тіпті елестете алмадым. Әкем менімен сөйлескен де жоқ. Бет-жүзімізді көрмедік. Еш байланыспадық. Бұрын да әкелік сезімін ашық көрсете бермейтін. Анасы бала күнінде қайтыс болып кеткен. Өмірінде қатты қиналған жан. Анам сырттай сыр бермесе де, түнімен ұйықтай алмай жылап шығатынын айтты.

«Менен теріс айналды»: 18 жасында жүкті болған ару әке жүрегін қалай жібіткені туралы 1

«Менен теріс айналды»: 18 жасында жүкті болған ару әке жүрегін қалай жібіткені туралы 2

Араға бірнеше апта салып әкем жұмсара бастады. УДЗ-ге барып түсуімді өтінді. Маған кесарево жасаған күні ол жалғыз өзі отырып ішті. Бұрын-соңды ішімдікке жоламайтын. Ауруханаға кетіп бара жатқанымда қатты мас болды. Маған ешнәрсе айтпады. Анамның оған қарап тұрып басын шайқағаны есімде. Бірақ ауруханада жатқанымда әкем күнде келіп жүрді. Маған тамақ әкеліп,ұлымды сағаттап көтеріп жүрді.

«Менен теріс айналды»: 18 жасында жүкті болған ару әке жүрегін қалай жібіткені туралы 3

«Менен теріс айналды»: 18 жасында жүкті болған ару әке жүрегін қалай жібіткені туралы 4

Үйге келгенімде төсегімнің үстінде хат тұрды. Ол хатты өмірімде екі рет қана ашып оқыдым. Оқығанда көл-көсір болып жылайтынымды білемін. Бірақ ол менен теріс айналғаны үшін кешірім сұрап, бәрі жақсы болатынын айтты. Қазір ұлым сегіз жаста. Әкелер күні болған сайын мектепте бірнәрсе жасап, оны атасына алып келеді. Бір-бірін ерекше жақсы көреді, бірге ойнайды. Ұлым әкемді құшақтап, «Сені жақсы көремін» деп айтудан жалықпайды. Әкем де. Ол бұл сөздерді бірінші рет айтып тұрған шығар. Бұған дейін ешкімді еркелеткен емес. Мұны ұлымның арқасы деп білемін. Ол сондай ашық, сезімін ашық білдіреді. Себепсіз махаббат сыйлайды, ал әкемнің оны қабылдамасқа амалы жоқ», — деді Вэл.