«Кімді өртегенімізді ұқпай қалдық»: Кремациядан кейін оралған қария отбасын шошытты

0

Үндістан елінде туыстары өлді деп санаған ер адам үйіне оралып, отбасын шошытты. Туыстары оның денесін өртеген болатын, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Қарашаның алғашқы күндері 75 жастағы қарияның коронавируспен ауырғаны белгілі болады. Ауруханада екі күн жатқан соң туыстарына көз жұмды деген хабар келеді. Дәрігерлер коронавирус таралмас үшін оның денесін оқшау жерге қояды. Ал қаза болған азаматтың бет-жүзін туыстарына алыстан көрсеткендіктен, жақындары оны анық көре алмағанға ұқсайды.

Туыстары жақынының денесін өртеп жіберген соң оларға емханадан дәрігерлер қоңырау шалып, қарияның дертінен айыққанын және үйіне жіберілетінін хабарлаған.

«Біз есеңгіреп, қатты таң қалдық. Біз оны үйге алып келдік. Енді кімнің мәйітін өртегенімізді ұқпай қалдық», — дейді үнділік азаматтың ұлы.

Кейін анықталғандай, ер адамды коронавируспен ауырған өзге азаматпен шатастырып, өлдіге санаған. Солтүстік Бенгалия денсаулық сақтау департаменті бұл оқиғаны тергеу үшін төрт адамнан тұратын комитет құрды.