9 миллионға кеудесін үлкейтіп әлек болған әйел бедеу болып қалды

0
20

Канаданың батысындағы британиялық Колумбия провинциясының тұрғыны кеудесін үлкейтуге шамамен 9,4 млн теңге қаражатын жұмсаймын деп бедеулікке ұшыраған, деп хабарлайды Nur.kz ақпарат агенттігі.

34 жастағы Шелби Кеннеди сәтсіз қарым-қатынас пен ажырасуды басынан өткергеннен кейін өзіне деген сенімділігін арттыру үшін кеудесін үлкейтуді ұйғарады. 2012 жылы ол 26 жасында омырауын үшіншіден бесінші мөлшерге дейін ұлғайтады. Ота оған 6,4 мың канадалық долларға түскен. Үш айдан кейін Шелби тез шаршап, күйзеліске түсе бастағанын байқайды. Оның аналық безінде үлкен ісіктер пайда болады. 2012 жылдың соңында жатырдан тыс жерге бала бітіп, Шелби эндометриоз дертіне шалдығады. Келесі бірнеше жыл ішінде канадалық ару созылмалы ауырсынуларды сезініп, үш рет түсік тастаған.

2017 жылы Шелбидің кеудесі ісіп кетіп, ультрадыбыстық зерттеу оның соңғы сатыдағы серома дертіне шалдыққанын көрсетеді. Имплантанттарды ауыстыру үшін әйел тағы 13,8 мың канадалық доллар төлейді. Біраз уақыт бойы оның жағдайы жақсы болғанымен, бір жылдан кейін Шелби созылмалы аурудың салдарынан төсектен әрең тұратын күйге жетеді. Дәрігер оған жатырын алып тастауға кеңес береді. Шелби енді ешқашан бала көтере алмайтындығын түсінгенімен, отаға келісім береді.

Отадан кейінгі алғашқы алты айда Шелбидің жағдайы жақсарды, бірақ 2019 жылдың ақпанында оның аяқтары көгеріп, шаршағыштық пайда болады. Үнемі есінен танып, төсектен тұра алмай, әрең сөйлейтін күйге түскен Шелби, тіпті жаңа ақпаратты есіне сақтай алмайтын жағдайға жеткен.

Шелби бірнеше рет емханаға жүгінгенімен, оған диагноз қою мүмкін болмады. 2020 жылдың қаңтарында ол өзінің денсаулығына байланысты туындаған мәселелердің себебін тапты.

«Досым маған импланттарды алып тастау керектігін айтты, өйткені төсін үлкейткеннен кейін ол да өзін нашар сезінген», – дейді Шелби.

Имплантанттарды алып тастау үшін әйел тағы 7,9 мың канадалық доллар жұмсаған. Ол кеудесін үлкейтуді қалайтындардың барлығына отаның салдары туралы ойлануға кеңес берді.