«Мені неге іздемедің?»: Жамбыл облысының тұрғыны 20 жылдан соң әкесімен қауышты

0

Жамбыл облысының тұрғыны Әйгерім Әбдірайым биологиялық әкесі Әмзе Әбілқасымовпен араға жиырма жылдан астам уақыт салып кездесті, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Айтуынша, ата-анасы сәби күнінде ажырасып кеткен. Осыдан кейін ол нағашыларының қолында өсіп, 2015 жылы әкесін іздей бастайды. Еш нәтиже бермеген соң, «Қымбат жандар» бағдарламасына жүгінеді.

«Анам әкемді іздеп табуыма қарсы болды. Жеке өзімнің әкеме еш өкпем жоқ. Олардың не үшін ажырасып кеткенін білмеймін. Тек мені осы күнге дейін неге іздеп таппағанын сұрағым келеді», — деді ол.

Қуанышына орай, бағдарлама ұжымы оның биологиялық әкесімен қауышуына себепші болды.

Әмзе Әбілқасымов Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны. 2001 жылы екінші рет шаңырақ көтерген. Жары Майра екеуі 2 қыз тәрбиелеп отыр.

«Әйгерімнің анасымен 1993 жылы үйленген едік. Тұңғыш ұлымыз шетінеп кетті. Кейін егіз қыздарым дүниеге келді. Ол кезде ажырасқан едік. Егіздердің бірі босанған кезде көз жұмды. Екіншісінің атын Әйгерім деп өзім қойдым», — деді әкесі.

Осылайша студияда әкесі мен қызы 24 жылдан кейін қайта қауышты.