«Жүктілігіме қарамай жұдырық ала жүгірді»: Алматылық әйел қазақ қыздарына ешқашан алып қашқан жігітке тұрмысқа шықпауға кеңес берді

0

Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығына келетін әйелдердің басындағы шытырман оқиғалар кімді де болса тебірентеді. Мұнда күйеуінен, жақындарынан, ата-анасынан, балаларынан қысым көргендер жиі бас сұғады. Барар жері, басар тауы қалмаған олар мұндағы психологтарға жан сырын ақтарып, заңгер көмегіне жүгінеді. Ал Әлима есімді (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді) жас келіншектің аянышты тағдыры қоғам назарынан тыс қалмасы анық. Журналистерге сұхбат берген ол алып қашудың құрбаны болған қыздарды өз бақыты үшін күресуге шақырды, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Барлық оқиға Әлиманың дәмханадағы көңілді отырысынан басталады. Сол жерге оның болашақ енесі де әріптестерімен бірге бас сұғып, жас қыздың сұлулығына тамсанады. Осылайша, оны өзінің ұлына алып беру туралы шешім қабылдайды.

«Жолдасым мені анасының айтуымен алып қашты. Кездесіп, танысып, бір-бірімізді сүйіп қосылған емеспіз. Бірақ қазақтың салтына айналып кеткен бұл жайтқа қарсы келмей, басыма ақ орамал салған соң келіндік өмірге қадам бастым. Қайын жұртым құдалардың алдынан өтіп, қалыңмалымды бермегені аздап шымбайыма батты.

Әне береді, міне апарады деп күтіп жүргенде, өзімнің аяғым ауырлағанын білдім. Осы қуанышты жаңалықты бөлісе отырып, енеме қалыңмал жайын да аздап жеткізгенмін. Өйткені, сұрауы жоқ адамдай алып қашып, азғантай жоралғысын жасамағаны да жаныма батты. Алайда, бұл оқиға менің сорыма айналарын білмеппін», — дейді Әлима.

Қалыңмал мәселесін естіген соң, Әлиманың енесі әбден ашуға булығады. Үйде ұрыс-керіс шығарып, келінін жерден алып, жерге салады. Мұнымен қоймай, ұлын да келініне қарсы айдап салады.

«Енем екеуміздің қалыңмалға қатысты сөзге келгенімізді естіген күйеуім маған жұдырық ала жөнелді. Ішімде баласы барына да қараған жоқ. Оның тастай жұдырығы ішімді жарып жібергендей әсер қалдырды. Дереу құрбымның үйіне кетіп қалдым. Ол жақта да мазам болмай, шұғыл жедел жәрдем шақырдық. Өкінішке қарай, күйеумнің аяусыз соққысынан құрсағымдағы сәби шетінеп кетіпті. Қанша қиын болса да, босаға аттаған соң отбасымды сақтайын деген оймен қайта бардым. Бірақ араға уақыт салып үйге келсем, жолдасым кетіп қалыпты. Қайын ағам да күн берген жоқ. Ақыры, өз үйіме кетуге бел будым», — дейді ол.

kaz.nur.kz