Досай бидің сөзінен кейін шалына тоқал әперген бәйбішенің хикаясы

0

Досай би баласыз үйді жақтырмайды екен.

«Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп, кейбір баласы жоқ ағайындары шақырса бармайды екен.

Досайдың қартайған шағында ертеде Ташкент жағына өтіп, сол жақта тұрақтап қалған бір ағайыны оны әдейі арнап қонаққа шақырыпты. Досай би көп жылдан бері көрмеген туысын көрейін деп барады.

Төрге шығып отыра бергеннен-ақ, өңкей екі шекесі торсықтай қара домалақ балалар бірінен соң бірі «Ассалаумағалейкум» деп, оның қолын алып жатады. Досай:

— Бұл кімнің балалары? — деп сұраса, әлгі туысы:

— Өзіңіздің жұраттарыңыз ғой, — деп ілгеріде өзіне айтқан мына сөзін есіне түсіреді:

— Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,
Екі баласы бардың болар-болмас халі бар,
Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар,
Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар,
Бес баласы бардын дес бермейтін жөні бар,
Алты баласы бардың алмай қоймас саны бар,
Жеті баласы бардың алмай қоймас жаны бар,
Сегіз баласы бардың сергелдеңге салар кәрі бар,
Тоғыз баласы бардын толғандырар жолы бар.
Он баласы бардың орда бұзар қолы бар.

— Япырым-ай, ұмытпаған екенсің, — дейді Досай.

Осы кезде бәйбіше сөзге араласыпты:

— Сондағы сіздің мынау туысыңа «баласыз үй – мазар» деп, кейіген сөзіңіз менің арқама аяздай батгы. Төркініме бардым да бой жетіп отырған сіңлімді әкеп өз қолымнан қостым. Шүкір, жаман емеспіз, сол сіздің сөзіңіз қамшы болып, енді жеті бала сүйіп, төбем көкке жетті…