«Балаларымыз кітапты оқымайтыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді түсінбейді» — Білім министрі
Қазақстандықтардың оқу сауаттылығы нашар. Мұны зерттеу нәтижелері растайды. Осыған орай білім және ғылым министрлігі арнайы «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасын жүзеге асырады. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Айтмағамбетов мәлім етті.
«PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр. PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты», — деп жазды Facebook-те министр.
«Біздің балаларымыз кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр. Бұл шын мәнінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема», — деді ол.
Министрдің сөзінше, ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет.
Сонымен қатар Асхат Айтмағамбетов ел кітапханаларындағы жағдайға тоқталды.
«Білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289. Саны, әрине, көңіл көншітерлік.
Алайда министр көркем әдебиет, кітаптардың қазақ тіліне аударылуына қатысты айтарлықтай проблемалар бар екенін мойындады.
«Айта кетерлігі кітапхана қоры негізінен оқулықтардан тұрады, ал көркем әдебиет саны аз, олардың басым бөлігі кеңестік кезеңде пайдаланылған идеологиялық сипаттағы кітаптар. Әсіресе қазақ тілінде жазылған қазіргі заманғы көркем әдебиет – жоқтың қасы.
Көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданатын болады», — деді БҒМ басшысы.
Сондай-ақ Ұлттық білім академиясы әдебиет, тіл институттарымен, «Оқулық»орталығымен, Ұлттық ғылыми кітапханамен, НЗМ, БИЛ бірлесіп ұсынылған әдебиеттер тізімін құруға кірісті.
«Жоба шеңберінде қазақ әдебиетінің де, қазақ тіліндегі әлем әдебиетінің де қолжетімді болуына ерекше назар аударамыз. Одан өзге кітапханаларды ғылыми фантастика жанрындағы кітаптармен қамтамасыз ету де маңызды», — деді Асхат Айтмағамбетов.