Джо Байден туралы не білеміз? Президенттікке жеткен саясаттағы жарты ғасыр
АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті, сенатор Джо Байден президент сайлауында елдің қазір басшысы Дональд Трампты жеңетін дауыс жинады. Бұл – Байденнің елу жылдық саяси карьерасындағы президент болуға жасаған үшінші талпынысы. Енді 2021 жылдың қаңтарында Ақ үйдегі қызметіне кірісетін жаңа президентке бөлініп-жарылған америкалық қоғамның мәселелерін шешуге тура келеді.
Джо Байден қызу тартысқа толы бәсекеде Дональд Трампты жеңіп, отыз жыл бойы армандаған лауазымына қол жеткізді.
Демократиялық партияның кандидаты Трамптың коронавируспен күресіне толмаған, президенттің қоғам алдында өзін агрессивті ұстайтынынан әбден шаршаған халықтың жаппай наразылығын пайдалануға тырысты. Байден 538 сайлаушылар алқасы даусының кемінде 273 даусын жинады. Президент сайлауында жеңіске жету үшін кемі 270 электордың даусы керек.
«АМЕРИКАНЫ ҚАЙТА БІРІКТІРЕТІН КЕЗ КЕЛДІ»
Пенсильвания штатында жеңіске жеткенін естіген бойда мәлімдеме жасаған Джо Байден «Науқан бітті, өкпе мен қатаң риториканы артқа тастап, бір ұлт болып бірігетін кез келді» деп мәлімдеді.
20 қарашада Байден 78 жасқа толады. Ол сайланған кездегі жасы бойынша АҚШ тарихындағы ең қарт президент саналады. Байден америкалықтардың басын біріктіріп, коронавирустың таралуын бәсеңдетуге, Американың НАТО-дағы одақтастарымен байланысын қалпына келтіріп, АҚШ-қа бұрынғы беделін қайтаруға уәде берген. 2020 жылы Байден «Трамптың әр қадамы Американың беделі мен ықпалына нұқсан келтірумен болды» деген пікір айтқан.
27 қазанда АҚШ-тың оңтүстігіндегі Джорджия штатында өткен сайлауалды митингіде сөйлеген сөзінде Байден «Елімізді білемін. Халқымызды білемін. Бірігіп, жарамызды жаза алатынымызды білемін» деді.
Байденнің алдында күрделі міндеттер тұр.
Президент қызметіне 20 қаңтарда кірісетін Байден АҚШ қоғамындағы иммиграция және расизм бойынша бөлінушілікпен қатар коронавирус індетімен де күресуі қажет. Осы уақытқа дейін елде коронавирусты 10 миллионға жуық адам жұқтырып, аурудан 230 мың адам қайтыс болды. Індеттің өршуі экономикаға ғана емес, күнделік тұрмысқа де кері әсер еткен: жұмыссыздық деңгейінің артуы халықтың ертеңгі күнге деген сеніміне селкеу түсіріп отыр.
Сонымен қатар Байденге АҚШ-тың Еуропадағы одақтастарымен байланысын қалпына келтіріп, Ресейдің қарқыны мен Қытайдың қалыптасқан әлемдік тәртіпті өзгертуге деген талпынысына төтеп беруге тура келеді.
Жаңа сайланған президент 330 миллион америкалық пен шетелдік көшбасшылар үшін жаңа тұлға емес. Байден Вашингтондағы мемлекеттік қызметке елу жылын арнаған: 35 жыл сенатта қызмет етіп, 2009-2017 жылдары президент Барак Обаманың тұсында АҚШ-тың вице-президенті болған.
Джо Байден көп жыл бойы сенаттағы халықаралық қатынастар жөніндегі комитеттің мүшесі және үш рет комитет төрағасы болған. Ол шетелге жиі шығып, сауда және ядролық қару мәселелері бойынша келіссөздерге қатысқан. 1979 жылы Байден СССР шенділерімен кездесіп, қарулану процесін бақылауға алу мәселесін талқылаған. Тоқсаныншы жылдары Совет одағы тарап, Шығыс Еуропада коммунистік режим құлағаннан кейін НАТО-ны кеңейту идеясын қолдаған.
Обама Байденнің халықаралық саясаттағы тәжірибесін ескеріп, оны екі рет вице-президент етіп сайлаған. 2008 жылы Иллинойс штатынан сайланған жас сенатор Обамаға Республикалық партияның Вьетнамдағы соғысқа қатысып, сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитетінде жұмыс істеген 71 жастағы мүшесі Джон Маккейнге қарсы президент сайлауында Байденнің саяси тәжірибесі көп көмектесті.
ҮШІНШІ ТАЛПЫНЫС
Байден мен Трамп сайлауалды пікірсайыс кезінде бір-бірін көп сынады. Бірақ Байден жұмсақ әрі кішіпейіл адам болып көрінуге тырысып, президент Трамптың өткір твиттері мен жекелеген тұлғаларды айыптауынан шаршаған халықтың ықыласына бөленді.
Сарапшылардың пікірінше, Байденнің саясатта сонша ұзақ қалуына адамдардың оны тыңдауға деген құлшынысы себеп. Саясаткер басынан өткен қиындықтар туралы көп айтады, бұл сайлаушыларға таныс әрі ұнайды.
Кіші Джозеф Робинетт Байден 1942 жылы Пенсильвания штаты Скрантоне қаласында бұрын жағдайы жақсы болып, кейін қаржылық қиындықтарға тап болған орта деңгейлі католик отбасында туған.
Байден – төрт баланың үлкені. Ол Делавэр штатындағы Уилмингтон қаласында өскен. Әкесі ескі көліктер сатумен айналысқан.
Байден католик мектебінде оқып жүргенде америкалық футбол мен бейсбол ойнаған. Оқу үлгерімінің нашар болғанына қарамастан, мектептегі соңғы екі жылында сынып көшбасшысы болған. Кейінірек ол Делавэр университетінде оқып, Нью-Йорк штатындағы Сиракуз университетін бітірген. 1966 жылы Сиракуз университетінің студенті Нелия Хантерге үйленіп, Делавэрге көшкен. Байден ол жақта адвокаттық емтихан тапсырған. Байден мен Хантердің отбасында үш бала дүниеге келген.
1972 жылы Рождество қарсаңында Нелия жол апатынан қайтыс болған. Қайғылы оқиғадан бірнеше апта бұрын Байден бірінші рет сенатқа сайланған. Жол апаты кезінде Байденнің бір жасар қызы Наоми де көз жұмып, балалары Хантер мен Бо жарақаттанған.
Бо 2015 жылы 45 жасында мидың қатерлі ісігінен көз жұмған. Қазір Хантер 50 жаста. Ол көп жылын алкоголь және есірткі тәуелділігіне қарсы күреске арнаған. 2014-2019 жылдары украиналық энергетикалық компанияның директорлар кеңесінде табысты қызмет атқарған. Осыған байланысты президент сайлауы кезінде Трамптың жақтастары Байденді «жемқорлыққа қатысы бар» деп айыптаған.
Джо Байден әйелі мен қызының қазасынан кейін балалармен көбірек уақыт өткізу үшін сенаттан кетпек болған, бірақ әріптестері оны райынан қайтарған. Ол отбасы мен жұмысын қатар алып жүру үшін күнде Делавэрден Вашингтонға поезбен барып-келуге бір жарым сағат жұмсаған. Осы үшін тіпті «теміржолдық Джо» деген атқа да ие болған.
Бұл сапарлар Байденнің саяси көзқарасына әсер еткен. Ол теміржол байланысын дамытуды қолдап, 2020 жылғы сайлауалды науқан кезінде климаттың өзгеруі мен жұмысшы тапты қоғамдық көліктің тиімді жүйесімен қамтамасыз ету үшін салада «революция» жасау керегін айтты.
Байден жас кезінде кекештеніп сөйлегені үшін өзі қатарлы балалардың мазағына қалған. Ол әлі күнге дейін кейде кекештеніп сөйлейді. 2020 жылы Байденнің қарсыластары оның жасының үлкендігін айтып, президент болуға қабілеті жетпейді деп күдіктенген еді. Байден сенатта 35 жыл жұмыс істеп, бірде-бір рет сайлауда жеңіліп көрмеген. Бірақ жалпы саяси карьерасы оңай болған жоқ.
1988 жылы (46 жаста болатын) және 2008 жылы екі рет президенттік сайлауға түспек болып, Демократиялық партияның үміткері болуға талпынды, бірақ екеуінде де партияішілік сайлауда бәсекелестеріне жол берді.
Басында Байден 2020 жылы да партияішілік сайлауда жеңімпаз атана алмайды деген күдік болған.
НОМИНАЦИЯ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС
Байден президент сайлауына қатысатынын 2019 жылы сәуірде хабарлады. Ол бірнеше ай бойы шешім қабылдай алмай, сайлауға қатысуға жас, либерал әрі солшыл, бірақ саясатта тәжірибесі аз жиырма шақты үміткер саяси бәсекеден бас тартқан кезде бір-ақ бел буған.
Байден өзін Трамп басқарған үш жылда «соғыс алаңына» айналған елдегі тұрақтылықтың символы ретінде таныстырды. Ол Трамп расизм мен иммиграция мәселелері бойынша қоғамды бөліп-жарып, «елдің негізгі құндылықтары, әлемдегі орны мен демократиялық құрылымына» нұқсан келтіргенін айтты.
Байден өз кандидатурасын ұсынған кезде «Біз халқымыздың жаны үшін күрес жүргізіп жатырмыз» деді. Ол өз ойын «Трампқа тағы төрт жыл билікте қалуға мүмкіндік берілсе, ол халықтың болмысын түбегейлі өзгертіп жібереді, мен шетте тұрып, бұған сабырмен қарай алмаймын» деп түсіндірді.
Сауалнамаға сәйкес, африкалық және үнді тобынан шыққан әйелдер, ашық гейлер, социалистік көзқарас иесі сияқты әртүрлі демократ үміткерлер арасында Байденнің ешқандай ерекшелігі болған жоқ. Сондықтан оған 2020 жылдың басынан бастап номинация үшін бар күшін салып күресуге тура келді.
Ақпанда өткен біріші праймериз кезінде Байден нашар нәтиже көрсетті. Ол кезде жас демократтар 70 жасқа таяған Берни Сандерс пен Элизабет Уоррен сияқты либерал кандидаттарға немесе мейлінше жас әрі салмақты үміткерлерге басымдық берген. Тек ақпан айының соңында ғана Байден Оңтүстік Каролинада негізінен афроамерикалықтардың арқасында бірінші рет жеңіске жетті.
Көп ұзамай өзінің демократиялық партия номинациясын алу ықтималдылығы төмен деп шешкен немесе номинация Сандерске бұйырса, ол қарашадағы сайлауда Трамптан жеңіліп қалады деп қауіптенген кандидаттар бәсекеден бас тарта бастады. Олардың партияішілік бәсекеден шығуы Байденге жол ашты. Ол Сандерсті тез басып озып, маусымда ресми түрде Демократиялық партия атынан президент сайлауына қатысатын кандидат деп жарияланды.
Washington Post басылымының колумнисті Макс Бут наурыз айында «Байденнің праймериздегі жеңісін бәріне «Джо аға» ұнайды деген қарапайым фактімен түсіндіруге болады» деп жазды.
COVID-19 ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІК НАУҚАН
Коронавирус пандемиясы 2020 жылғы президенттік науқанды түбегейлі өзгертті. Қазіргі саяси бәсекелердің негізгі элементі саналатын, партия жақтастары мен сайлаушылар қатысатын үлкен митингілер азаматтардың денсаулығына қаупі жоғары болғандықтан өтпей қалды.
Тамызда Демократиялық партия виртуалды съезд өткізді, республикалықтар шараларының бір бөлігін ғана онлайн форматқа ауыстырды.
Жасына байланысты вирус жұғу қаупі жоғары топқа кіретін Байден сайлауалды науқан кезінде толықтай үйден жұмыс істеп, онлайн сұхбаттар берді.
Жақтастарының қатысуымен өтетін шулы митингілерді ұнататын Трамп көбіне дәрігерлердің кеңестерін назарға ілмей, бүкіл ел аумағында көлемді шаралар өткізуді жалғастырды.
Трамп Байденнің маска киіп, сайлауалды науқанын үйден жүргізіп отырғанын бірнеше рет күлкіге айналдырып, оны «Джо Хайден» («жасырынған Джо») деп атаған.
Дегенмен Байденнің пандемия кезінде қажет басқару үлгісін көрсеткен әлдеқайда сабырлы стилі оған көпшіліктің алдында сөйлеу қырының әлсіз екенін жасырып қалуға мүмкіндік берді. Байден мейірімге толы күлкісімен ғана емес, сөйлеу кезінде жіберген қателерімен де танымал: ол көп рет сандық деректерді, жылдарды шатастырып, дұрыс емес есімдерді атаған.
Байденнің демократиялық праймериз кезіндегі мәлімдемелері көбіне ақылға қонымсыз әрі жүйесіз көрінген. Мысалы, ол пікірталаста «америкалық отбасыларға бірге отырып, бірнеше ондаған жыл бұрын қолданыстан шыққан музыка қоятын құрылғыны тыңдаған дұрыс болар еді» деген пікір айтқан.
Дегенмен Байден қыркүйек пен қазанда өткен Трампқа қарсы пікірталас кезінде сөзден сүрінген жоқ. Ол президентті қыркүйектің соңында 200 мың америкалықтың өліміне әкеп соққан коронавирус эпидемиясына қарсы күресте жіберген қателіктері үшін өткір сынады.
Байден 22 қазанда өткен президенттік пікірталас кезінде «Осынша адамның өліміне жауапты тұлға АҚШ президенті қызметінде қалмауы керек» деді.
УКРАИНА МЕН «БУРИСМА»
Байден номинация алмай тұрып жүргізілген сауалнама нәтижесі оның Трамптан сол кездің өзінде басым түскенін көрсеткен.
Трамп Байденді «жемқор» саясаткер деп көрсетіп, оның отбасын Джоның мемлекеттік лауазымдарынан пайда көрді деп айыптау арқылы қарсыласының алдын орап кетуге тырысты. Мұндай айыптаулар көбіне «2014 жылы Ресей Қырымды аннекциялап, Украинаның оңтүстік-шығысындағы екі облысты басып алған қарулы сепаратистерге қолдау көрсете бастаған кезде Байден Обаманың Украина мәселесі бойынша көмекшісі болған деген» дерекке негізделген.
Джо Байденнің ұлы Хантер әкесі АҚШ-тың Украинадағы саясатына жауапты тұлға болып тағайындалғаннан кейін бір айдан соң Киевтегі «Бурисма» газ компаниясы директорлар кеңесінің құрамына кірген. «Бурисманың» иесі – жемқорлық күдігіне ілінген украиналық бұрынғы шенеунік. Сайлауалды науқан кезінде Трамптың командасы «Байден «Бурисмаға» қарсы тергеуді тоқтату үшін Украинаның бас прокурорын жұмыстан шығаруға атсалысқан» дегенді айтты.
Республикалық сенаторлар жүргізген тергеу нәтижесінде дайындалып, қыркүйекте жарияланған баяндамада «Хантер Байденнің «Бурисманың» директорлар кеңесіндегі лауазымы мүдделер қайшылығы сияқты көрінгенімен, Байдендердің тарапынан жасалған құқықбұзушылық әрекеттерін растайтын ешқандай дәлел жоқ» делінген.