Қазақты маймылға теңеген Божко екі жылға сотталды, ал Путинді сынаған қазақ 3 жыл…
Ол жазасын аса қауіпті емес колонияда өтейді.
Қыркүйек айында украин блогерімен тікелей эфирде сөйлесіп, қазақ халқына, қазақ тіліне тіл тигізген қостанайлық кәсіпкер Кирилл Божко екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот үкімі кеше, 5 қараша күні Рудный қаласында жария болған.
«Рудный қаласының соты азамат К.Божконы Қылмыстық кодекстің 174 бабы, 1-тармағына сай кінәлі деп танып,оны екі жылға бас бостандығынан айырды. Азаматтың кінәсі бейнежазба арқылы дәлелденді, сараптама қорытындысы бар»,-деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.Дереккөзіне сүйенсек, Кирилл Божко аса қауіпті емес колонияға қамалады.
Естеріңізге сала кетейік, 21 қыркүйек күні Қостанай өңірінің тұрғыны Кирилл Божко әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде қазақтарды маймылға, ал, қазақ тілін маймылдардың тіліне теңеген. Сол арқылы ұлтаралық араздық туғызған Божконы тиісті органдар тез арада қолға түсірген болатын.
Осыған дейін Ақтөбеде Ресей президенті Владимир Путинді сынаған жазбаларына бола «алауыздық тудырды» деп айыпталып, Санат Досов үш жылға сотталған болатын.