Хасан Басридің христиан көршісі
Аталмыш әңгіме «Ізгілер өмірінен мың бір қисса» кітабында жазылған. Оқиға Хасан Басри мен христиан көршісі хақында. Көршісінің үйі жоталау жерде орналасқан болса керек, қорасының шатырынан ғұламаның ауласына түрлі қалдық ағып түседі екен. Құдайы көршім ғой деп христианға ләм-мим деп шағым айтпайды. Бала-шағасына қалдық ағатын жерге ыдыс қойдырып қояды. Ыдыс толған кезде кешке төгіп жаңартып жүреді. Әкесінің бұл әрекетін көрген бала-шағасы да мұны әдеткі жағдай деп қабылдап өседі. Осылайша, христиан көршісімен жиырма жылдай сәлемі түзу боп, тату-тәтті өмір сүреді.
Бір күні Хасан Басри сырқаттанып төсек тартып жатып қалады. Бірнеше күн көршісін көрмеген соң, қоңсысының жағдайын сұрап христиан есігін қағып келеді. Ауырып жатқан ғалымның көңілін аулап, біраз әңгіме-дүкен құрады. Кенет көзі өзінің үй жағынан ағып жатқан қалдыққа түседі. Мән-жайды өз көзімен көріп, ыңғайсызданып:
-Мынау қашаннан бері ағып тұр?,-деп сұрайды. Ғұлама:
-Жиырма жыл болды,-дейді.
Әрине, ғалымның көршісіне шағымдануына хақысы бар. Ислам әлеміне мәшһүр ғалымның жат діндегі көршісіне деген қарым-қатынасы христанның жан дүниесін бір сәтте астаң-кестеңін шығарып жіберді. Бүкіл өмірлік көзқарасын өзгертті. Хасан Басридің көршісі мұсылмандықты өн бойымен тұтастай сезінгендей еді. Соңында кәлима айтып, мұсылмандықты қабылдаған екен деседі.
Руслан ҚАМБАР