ӘЛЕУМЕТТАНУ НЕГІЗДЕРІ (+мәлімет) | туралы қазақша

0

Әлеуметтанудың пайда болуы мен дамуы. Әлеуметтану (франц., sociologie – қоғам туралы ілім) – бұл біртұтас жүйе ретіндегі қоғам мен олардың тұтас қоғаммен байланысын қарастыратын жекелеген әлеуметтік тәртіптер, үдерістер мен топтар туралы ғылым.

Әлеуметтанушылық танымның қажетті алғышарты қоғамға индивидтер мен әлеуметтік элементтердің (топтардың) жай ғана қосындысы ретінде емес, объективті өзара байланысты біртұтастық туралы көзқарас болып табылады.

Әлеуметтану дербес ғылым ретінде XIX ғасырда қалыптасты. Оның негізін салушы француз философ-позитившілі Огюст Конт (1799-1857) болып есептеледі. Өзінің 1830 жылдан бастап 1842 жылға дейінгі кезеңде жарияланған, әйгілі бес томдық «Позитивті философиясында» Конт бес ғылымды: астрономияны, физиканы, химияны, физиолгоияны (биологияны) және әлеуметтік физиканы немесе әлеуметтануды қарастырды.

Бұл кезектілік ғылыми танымның тарихи қалыптасу кезеңі болатын. Конт құбылыс өз табиғаты бойынша неғұрлым қарапайым және адамзат істері мен проблемаларынан неғұрлым қашығырақ болса, адамзатқа соғұрлым позитивті, яғни ғылыми пайымдауға тезірек түседі деген ұйғарым жасайды. Міне, сондықтан діни догмалар мен метафизикалық алыпсатарлықтан азат болған бірінші ғылым, яғни бірінші білім астрономия болды. Өйткені ол салыстырмалы түрде қарапайым және адамнан шалғай проблемалармен істес болды. Керісінше, адамзат қоғамымен, оның ақылға сыйымсыз күрделілігі мен адамның өзі ұстанатын көзқарасына тәуелді әлеуметтану ғылымы позитивті білім пәндерінің қатарында соңғысы болып шықты.

Сондай-ақ Конт атап көрсеткендей, неғұрлым күрделі феномендерді зерделеу үшін неғұрлым күрделінің негізін құрайтын неғұрлым қарапайымдау білімді негізге алу қажет. Танымның осы екі ерекшелігінің үйлесімімен конттық ғылымдар иерархиясы туады, оның негізінде астрономия, ал шыңында – әлеуметтану жатыр.

Конт позитивті білім тек позитивті әдісті қолдану жолымен ғана алынуы мүмкін деген тұжырым жасады. Бұл әдістің негізі – бақылау, эксперимент және салыстыру. Алайда, замандастары әзірлей бастаған қоғамдық өмірді зерделеудің эмпирикалық әдістері Контты қызықтырған жоқ. Сондай-ақ ол жаратылыстану ғылымдарының нақты әдістерімен де айналысқан жоқ. Оны неғұрлым жалпы мәселе, атап айтқанда: позитивті әдістің бірлігі, оның әртүрлі ғылымдарда қалай қолданатыны толғандырды.

Бұл мағынада Конт ғылым бірлігі ұстанымын бастаушы болып шықты. Оның түсіндіруінше, ғылым бірлігі жаратылыстану, сондай-ақ қоғамдық ғылымдарда да қолданылатын әдістің бірлігі болып табылады. Конт тұғырнамасныдағы бірқатар дәйексіздікке қарамастан, оған оны эмпирикалық ғылыми әдіспен байланыстыра отырып, ғылымдар бірлігі туралы тезисті айтарлықтай қарама-қайшылықсыз формада қалыптастырудың сәті түсті.

Әлеуметтану дербес ғылым ретінде дәстүрлі әлеуметтік философия мәселелер мен қоғамдық ғылымдарды нақтылау және эмпирикалық әлеуметтік зерттеулердің даму нәтижесінде қалыптасты.

Француздың әйгілі ойшылы, утопияшыл әлеуметшісі Сен Симон (1760-1825) осы уақытқа дейін адам туралы ғылым – «бар-жоғы бал ашушы ғылым» болды, сондықтан да басты міндет оны «бақылауға негізделген ғылымдар дәрежесіне» дейін көтеруде деп жазды.

Әлеуметтануды фактілерге негізделген, позитивті ғылым ретінде жасай отырып, Конт жаңа ғылымның қақтығыстарды шеше алатындығына қарай ұмтылды. Әлеуметтанудың пәндік саласы тұтастай алғанда қоғам мен оның құрылымдары, онда өтетін үдерістер болды. Бұл ретте қоғам ретінде Конт бастапқыда ұйғарғандай, бүкіл адамзат қоғамы емес, ұлттық мемлекеттер формасында ұсынылған жекелеген қоғамдар түсіндірілді. Бүгінгі күні, жаһандану мен жекелеген қоғамдардың өзара әреткеттестігі жағдайларында әлеуметтанушы адамзат проблемаларын (жаһандық проблемаларды) және жекелеген қоғамдардың өзара әрекеттестігі мәселелерін (халықаралық қатынастар әлеуметтануы) сөзге тиек етеді. Алайда бәрібір де оның зерттеулерінің негізгі саласы жекелеген қоғамдар болып табылады.

Әлеуметтану ғылымы XIX ғасырда Конт пен ағылшын философы және әлеуметтанушысы Герберт Спенсер (1820-1903) позитивизмнің ықпалымен дамыды. Оның үстіне бұл даму екі параллель әрі бастапқыда бір-бірімен байланысы жоқ бағыттарда – теориялық әлеуметтану мен эмпирикалық әлеуметтік зерттеулерде басталды.

Теориялық әлеуметтану тарихи эволюцияның басты фазаларын қайта құрылымдауға және онымен бір мезгілде қоғам құрылымын сипаттауға әрекеттенді. Алайда позитившіл әлеуметтанушылар қоғам дамуын қандай да бір түзу сызықты эволюция түрінде ұсынды, ал қоғам құрылымы әртүрлі «факторларға» себепсіз бағындырылды.

Қоғамдық өмірдің қандай да бір нақты жағына неғұрлым үлкен маңыз берілгендігіне қарай XIX ғасырдағы әлеуметтануда бірнеше теориялық бағыт ерекшеленді:

  • Географиялық мектеп, ол географиялық орта мен оның жекелеген құрамдастарының (климат, ландшафт және т.б.) ықпалын әсіреледі.
  • Демографиялық мектеп халық санының өсуін қоғам дамуының басты факторы деп есептеді.
  • Нәсілдік-антропологиялық мектеп қоғамдық дамуды тұқым қуалаушылық, «нәсілдік іріктеу» және «жоғары» және «төменгі» нәсілдердің күресі түсініктерімен байланыстырды.
  • Органикалық мектеп (органицизм) қоғамды тірі ағза ретінде, ал қоғамның әлеуметтік жіктелуін әртүрлі органдар арасында атқарылатын қызметтерді бөлісуге ұқсастық ретінде қарастырды.
  • Әлеуметтік дарвинизм қоғамдық дамудың көзін «тіршілік үшін күрестен» көрді.

XIX ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезінде психологиялық әлеуметтануда – қоғамдық өмірді ниеттер, сезімдер, мүдделер, идеялар, сенімдер және т.б. терминдер негізінде түсіну және бихевиористік түсіндірудің әртүрлі түр өзгерістері кең тарады. Қоғамдық өмірді жеке психология терминдерінде түсіндіру әрекеттерімен қатар, бірінші қатарға ұжымдық сананы дәріптейтін (Э.Дюркгейм, Ф.Гиддинес және басқалар), сондай-ақ әлеуметтік өзара әрекет формалары мен үдерістерін (Т.Зиммель, Ф.Теннис және басқалар) қозғаған теориялар пайда болды.

Психологиялық әлеуметтану әлеуметтік психологияның пайда болуына және қоғамдық пікір, ұжымдық психология ерекшелігі, қоғамдық снадағы ұтымды және эмоциялық сәттердің арақатынасы, әлеуметтік тәжірибе беру тетіктері, индивид пен топтың әлеуметтік өзіндік санасы қалыптасуының психологиялық негіздері мен жағдайлары сияқты мәселелерді зерделеуге жағдай жасады. Алайда әлеуметтануды психологияға телу материалдық қоғамдық қатынастарды, олардың құрылымы мен серпінін жоққа шығаруға әкеп соқты. XIX ғасырдағы әлеуметтану дамуының екінші бағыты эмпирикалық әлеуметтік зерделеу болды.

Басқару мұқтаждықтары үшін қажетті материалдық ресурстар мен халық туралы ақпараттың қажеттілігі мерзімдік санақтар мен үкіметтік зерттеп-тексерулердің пайда болуына әсер етті. Капиталистік урбандалу мен индустрияландыру да бірқатар әлеуметтік проблемаларды (кедейшілік, тұрғын үй мәселесі және т.б.) туындатты және шиеленістірді. Оларды зерттеумен XVIII ғасырда қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік реформалаушылар айналыса бастады. XIX ғасырда олардың саны тез өсті.

Бұл зеттулер айналысқа жаңа фактілерді енгізіп қана қойған жоқ, сондай-ақ оларды жинау және талдау әдістерін де жетілдірілді. Кетле әлеуметтанушылық статистика негіздерін, Ле Пле – отбасылық бюджеттерді зерделеудің монографиялық әдісін әзірледі. Сондай-ақ әлеуметтік зерттеулердің алғашқы орталықтары – Лондон стасистикалық қоғамы, Германиядағы әлеуметтік саясат қоғамы және басқалары пайда болды. Біртіндеп эмпирикалық зерттеулер жалпылаушы теорияға айналса, ал әлеуметтанушылық теориялар – өз ережелерін эмпирикалық тексеруге мәжбүрлікке тап болды.

XIX ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі батысеуропалық және америкалық аса ірі әлеуметтанушылар – Дюркгейм, Макс Вебер, Парето әлеуметтануды объективті, ғылыми білім деңгейіне дейін көтеруге ұмтыла отырып, қоғамды тану үшін жаратылыстануда ғылыми әдістердің жеткіліксіздігін түсінді. Олар мәдениеттің және діннің нормалары мен құндылықтарын зерттеуге көп көңіл бөлді. Бұл ретте тарихи-эволюциялық тәсіл орнын біртіндеп құрылымдық-талдаушылық зерттеулерге берді, ал теориялық құрылыс эмпирикалық зерттеулермен тығызырақ байланыстырыла бастады.

ХХ ғасырдың екінші жартысында әлеуметтану эмпирикалық ақпаратты жинаумен және оны теориялық жағынан түсіндірумен қатар, макроәлеуметтік үрдістер мен жүйелер деңгейінде (мысалы, табиғи орта өзгеруінінің әлеуметтік аспектілерін зерттеу), сондай-ақ микродеңгейде (мысалы, жеке кәсіпорын ауқымында) болжам жасау және қолданбалы функциялар атқарды. Зерттеудің әдістері мен техникасы саласында елеулі табыстарға қол жеткізілді (жүйелік тәсіл, әлеуметтік үдерістерді математикалық модельдеу, мәліметтерді өңдеу мен жалпылаудың математикалық әдістері).

Заманауи әлеуметтануда бірнеше теориялық-әдіснамалық бағдарлар бар.

Олардың ішінде ұзақ уақыт бойы ең ықпалдысы құрылымдық функционализм (Парсонс, Мертон) болды. Ол бірінші қатарға әлеуметтік жүйенің интеграциясы мен біртұтастығы ұстанымын қойды және жеке құбылыстарды осы біртұтастық шеңберінде орындайтын функцияларымен түсіндірді. Қоғам танымының тарихын сызба түрінде былайша ұсынуға болады:

Әлеуметтану объектісі мен пәні

Алдымен бізге философияға, нақты айтқанда таным теориясына (гносеологияға) тоқталу керек. Ол жерден біз «объект» және «пән» түсініктерінің анықтамаларын табамыз.

Объект – философиялық категория, ол оның пәндік-практикалық және танымдық қызметінде субъектіге қарсы тұруды білдіреді.

Объект объективті шындықпен бірдей ғана емес, сондай-ақ оның субъектімен өзара әрекетте болатын бөлігі ретін де де әрекет етеді. Танымның өзін-өзі бөліп көрсетуі қоғаммен жасалып шыққан және объективтік шындықтың қасиеттерін бейнелейтін практикалық және танымдық қызмет формаларының көмегімен жүзеге асырылады.

Гносеология тұрғысынана алып қарағанда, объект – бұл бүкіл объективті шындық емес, оның субъектіні қызықтыратын жеке үзіндісі ғана. Ғылыми танымда объект, яғни ненің зерттелетіні (осы зертеу тұрғысынан) қасиеттер мен белгілердің ғана кіретіндігі.

Әлеуметтану ғылымына келетін болсақ, онда оның объектісі ретінде әлеуметтік байланыстар, әлеуметтік қатынастар және өзара әрекеттердің жиынтығы, сондай-ақ оларды ұйымдастыру тәсілі – әрекет етеді. Әлеуметтану пәні қоғамды әлеуметтік жүйе және осы жүйенің құрамдас элементтері: жеке тұлғалар, әлеуметтік қауымдастықтар, тәртіптер арқылы зерттейді.

Әлеуметтану танымының объектісі мен пәні 9-сызбада өрнектелген.

Әлеметтанудың негізігі мәселелері

Заманауи әлеуметтану ғылымы тұлғаларды, әртүрлі қауымдастықтар мен әлеуметтік жүйелерді тек объектілер ғана емес, сондай-ақ қызмет субъектілері ретінде де зерттейді. Ол әлеуметтік өмірдің тұлға мен қоғам арасындағы қатынастар сияқты маңызды мәселелерінде зерттейді. Әлеуметтануды адамдардың социумдағы қызметі мен мінез-құлық уәждемесінің проблемалары, олардың мүдделері, құндылықтары мен әлеуметтік ұстанымдары қызықтырады.

Әлеуметтану ғылымының назарында:

  • біздің өз мінез-құлқымыз;
  • біздің мәдени деңгейіміз;
  • адам еркіндігінің дәрежесі;
  • адамның әлеуметтік институттардың ішіндегі орны және т.б. туралы мәселелер бар.

Қазіргі әлеуметтанудың негізгі проблемалары: адамзаттың аман қалуы мен өркениетті жаңарту, оны дамудың неғұрлым жоғары сатысына көтеру.

Бүгінгі күннің өмір шындығында ол индустриялық және постиндустриялық әлеуметтік жүйенің қалыптасу және даму проблемаларына елеулі назар аударатын, адамзат қоғамын жүйелі зерделеу ретінде анықталуы мүмкін.

Бұл жерде әлеуметтанудың өз ішінде макро және микроәлеуметтануға бөлінетінін есепке алған жөн. Макроәлеуметтану кең көлемді әлеуметтік жүйелер мен тарихи ұзақ үрдістерді зерттейді. Микроәлеуметтану олардың тікелей тұлғааралық өзара әрекеттестігінде адамдардың жер-жердегі мінез-құлқын зерттейді.

Зерттеудің әлеуметтік әдістерінің ерекшеліктері

Жоғарыда біз қоғамдық өмірді зерттеудегі әлеуметтану ғылымының пайда болуы, қалыптасуы мен дамуында эмприкалық әдістерді қолданудың рөлін атап өткен болатынбыз.

Әлеуметтанулық зерттеуде көбінде ақпарат жинаудың құжаттарды таңдап алу, талдау, бақылау, тестілеу, сауалнама, сұхбат және т.б. сияқты әдістері қолданылады.

Әлеуметтанулық зерттеудегі бақылау әдісі мен сауалнама әдісін кесте түрінде ұсынамыз, бұл ретте олардың әрқайсысын қолдану ерекшеліктерін бөліп көрсетеміз.

Тікелей бақылаудың басты артықшылығы сол, ол оқиғаларды және оларды жасау сәтіндегі адам мінез-құлқының элементтерін тіркеуге мүмкіндік береді. Бастапқы мәліметтер жинаудың басқа әдістері индивидтердің алдын ала немесе ретроспективалық пайымдауларына негізделеді.

Бақылау үрдісінің сипатына қарай оның мынадай: бақыланатын және бақыланбайтын, енгізілген және енгізілмеген, далалық және зертханалық, кездейсоқ және жүйелі және т.б. типтері ажыратылады.

Әлеуметтанушылық ақпарат жинаудың неғұрлым кең қолданылатын әдісі пікіртерім болып табылады.

Пікіртерім мыналардың болуын алдын-ала көздейді:

  • зерттеушінің адамдардың белгілі бір жиынтығына – респонденттерге мазмұны зерттелетін проблеманы эмпирикалық индикаторлар деңгейінде ұсынатын сұрақтармен ауызша немесе жазбаша жүгінуі;
  • алынған жауаптарды тіркеу мен статистикалық өңдеу;
  • оларды теориялық түсіндірмелеу.

Әлеуметтанушының респондентпен қарым-қатынасының формалары мен жағдайлары бойынша пікіртерімдер:

  • жазбаша (сауалнама жүргізу);
  • ауызша (сұхбат);
  • тұрғылықты жері бойынша;
  • жұмыс орны бойынша;
  • мақсатты аудиторияларда (конотеатрлардағы көрермендер, емханалардағы пациенттер және т.б.);
  • бетпе-бет (жеке);
  • сырттай (газет, теледидар, телефон арқылы сауалнамамен жүгіну);
  • топтық және индивидуалдық болып бөлінеді.

 

#ӘЛЕУМЕТТАНУ #НЕГІЗДЕРІ #мәлімет

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз