Геморрой туралы мәлімет | туралы қазақша
Геморрой (көтеу, Haimorrhois) деп тік ішектің каверноздық денешіктерінің біртіндеп кеңеюімен сипатталатын ауруын айтады. Геморрой тік ішектің жиі кездесетін ауруы. Ол ересек адамдардың 10%-14%-да байқалады (Аминев А.М., 1971, Милитарев Ю.М. және басқ., 1971 т.б.), ал тік ішек ауруларының арасында геморройдың үлесі 40% құрайды (Федоров В.Д., Ю.В. Дулыдев, 1984).
Этиологиясы мен патогенезі. Бұл проблема бүгінгі таңда толық шешілді деп айтуға болмайды. Геморройдың пайда болуын түсіндіруге бағытталған бірнеше көзқарастар бар. Кейбір авторлар геморрой көк тамыр жүйесінің туа біткен жетіспеушілігінің нәтижесі деп түсіндірсе, екіншілері — ол артқы қысқышта өтетін тік ішек көктамырларында қанның қалыпты ағу процесінің бұзылу себебінен қанның тоқыраулануынан туады дейді (Ривкин В.Л., Капуллер Л.Л., 1976 т.б.). Келесі бір ғалымдар геморрой механикалық факторлардың әсерлерінен, атап айтсақ іш қату немесе атқаратын жұмысының жағдайы көп қимылдауды қажет етпейтін, көбінесе, креслода отырып істеумен байланысты болуынан, әлде жүктілік болу кезінде көктамырлардың жатырмен қысылуынан т.с.с. себептерден туады деген пікір айтады (Аминев А.М., 1971). Зерттеушілердің, үшінші тобы геморрой алкогольдік ішімдіктер мен аса өткір, ащы тағам түрлерін мөлшерден тыс, көп қолданғандықтан немесе инфекциялық агенттердің (колит, геморройдалдық көктамырлардың флебиті т.б.) әсерінен туатынын айтады (Ленушкин А.И., 1976). Осылармен қатар, геморройдың пайда болуын түсіндіруге арналған нейрогендік, эндокриндік, аллергиялық теориялар да бар.
Аталған бірнеше теорияларға қарамай, бүгінгі таңда геморрой ауруының пайда болуында екі фактор негізгі себеп ретінде танылып отыр. Біріншісі, адам организмінде осы ауруға деген бейімділік факторлердің болуы. Олардың қатарына туа біткен даму аномалиялары, тұқым қуалайтын қасиеттер, жүктілік, тұрмыс және қызмет (отырып істеумен байланысты) ерекшеліктері. Екіншісі аурудың пайда болуына тікелей әсері бар немесе іш қуысындағы қысымды жоғарылатушы факторлер. Олар: физикалық күштенуді қажет ететін ауыр жұмыс, ұзақ мерзімге созылған жөтел (бронхит, туберкулез ауруларында), әртүрлі себепті іш қату, простата безінің аденомасында болатын күшену құбылыстары т.б.
Жіктеу (топтау) (классификация) жобасы. Күнделікті тәжірибеде хирургтер геморройдың мына жіктеу (топтау) жобасын пайдаланады.
Клиникалық көрінісіне қарай:
а) жедел; б) созылмалы; в) қайталанбалы (рецидивирующий). Орналасқан жеріне (анатомиялық) қарай:
а) сыртқы геморрой — кеңейген көк тамырлар тарақша (гребешковая) сызық деңгейінде, яғни тік ішектің кілегей қабатының терімен шектесу аймағында;
б) ішкі геморрой — кеңейген көк тамырлар қысқыш (сфинктер) деңгейінен жоғары орналасады.
Кеңейген вена түйіндерінің сыртқа тусу дәрежесіне қарай:
а) I дәрежелі — түйіндер тек үлкен дәретте (дефекация) сыртқа қарай шығып, соңынан өздігінен, еш көмексіз, орнына қайта түседі;
б) П дөрежелі — дәреттен соң немесе ауыр физикалық күш тісуден сыртқа шыққан түйіндер өздігінен орнына түспейді, сондықтан ауру адам оларды қосымша қимылмен (әдетте қолмен) орнына түсіреді;
в) Ш дәрежелі — түйіндер ауру адам тік тұрғанда, жүргенде немесе кішігірім физикалық ауыртпалық түскеннің өзінде шығып, қайта орнына түспейді.
Сонымен қатар, кейбір авторлар геморройдың клиникалық барысына қарай а) асқынбаған және б) асқынған түрлерін ажыратады(А-минев А.И., 1973, Ривкин В.Л., Капуллер Л.Л.,1977 т.б.) . Асқынулар қатарына аталған авторлар геморройдалдық веналардың тромбофлебитін, проктитті, қан кетуді, парапроктитті, тік ішектің төмен түсуін т.с.с. өзгерістерді жатқызады.
Клиникалың көріністері. Геморрой ұзақ мерзім созылатын ауру болғандықтан негізгі белгілерінен бұрын, олардың алдын ала білінетін құбылыстадан басталады. Оларға anus аймағындағы қолайсыз сезімдер, жеңіл дәрежелі қышыма сезімі, дефекация процесінің біршама қиындауы т.б. Бұл белгілер бірнеше айдан бірнеше жылдарға созылуы мүмкін. Аурудың даму барысының келесі кезеңінде жоғарыда айтылған қолайсыз сезімдерге ауру сезімі қосылады, anus-тан қан кету белгісі пайда болады. Кейбір пациенттерде қан кету жоғары дәрежеге жетіп, оларда әлсіздік, анемия белгілері тууы мүмкін. Аталған белгілері анықталған жағдайда ауруды анықтау қиындық тудырмайды. Дегенмен оны дәлелдеу ретінде саусақпен зерттеу және аспапты зерттеулерді (ректо — жөне ректороманоскопия) қолдану керек. Геморройды анықтау қиын болмағанмен оны тік ішектің жарылу, түсу ауруларынан, парапроктиттен, әсіресе тік ішек обырынан (рак) ажырату қажет.
Емдеу. Қауіпті асқынуы жоқ және І-П дәрежелі геморройды, әдетте, комплексті консервативті ем тәсілімен емдейді. Оның құрамына мына шаралар кіреді. 1. Тағамның түрі мен оны қолдану кестесін сақтау арқылы нәжістің консистенциясын, яғни ол қатайып, өте тығыз болмауын реттеу. 2. Гигиеналық кестені сақтау (жоғары бағытталған душ, дефекациядан соң anus аймағын жуып-шаю). 3. Тұзды, бұрышы көп, яғни тік ішекті тітіркендіретін тамақты, алкогольді ішімдіктерді қолдануға тиым салу. Осылармен қоса отырып қолданатын былау (ванна), ауру сезіміне қарсы анальгетиктер, 0,25-0,5 % новокаин ертіндісін қолданып, веналардың айналасында тосқауыл (блокада) тудыру, антибактериалдық және анелгезия тудыратын арнайы майлар («Анестезол», «Бетиол», «Неоанузол» т.б.), балауызшам тәрізді дәрілер (свечи) пайдаланылады. Асқынбаған созылмалы геморройда склероздау тәсілін қолдануға болады (Аминев А.М.,1974).
Аурудың ІІ-ІІІ даму дәрежелерінде немесе жиі қанап, коп мазасыздандыратын жағдайларда хирургиялық жолмен емдейді (гемор-ройдэктомия). Қазіргі кезде, негізінен, геморрой түйіндерін А.Н Рыжих, Парке, немесе Миллиган-Морган және оның Ресей проктология ғылыми-зерттеу институты модификациялаған түрімен алып тастау әдістері жиі қолданылады. Операция алдында ауру адамдарға арнайы дайындық шаралары жүргізілуі қажет (жалпы гигиеналық душ алу, ішекті клизма жасау арқылы тазалау т.с.с). Ал операциядан соң операция жасалған жерді күнделікті күтіп, байлау (перевязка), тамақ қолдану кестесін сақтау, іш қатудан сақтайтын дәрілер беру сияқты жағдайларды жасау керек.
Хирургиялық тәсілді қолдануға қарсы көрсеткіштер: бауыр (цирроз), жүрек аурулары, 3 дәрежелі гипертониялық ауру және несіп қуығының аурулары.
Геморройдың асқынулары:
- Сыртқы геморрой туйіндерінің тромбозы. Бұл асқыну, көбінесе, мұқият сақтау қажеті бар диета бұзылғанда немесе қалыптан тыс физикалық күш түскенде пайда болады. Ауру адамның шағымдарын-да anus аймағындағы өте қатты ауру сезімі және сол аймақта бөгде зат тұрғандай сезім орын алады. Аталған аймақты көзбен шолып зерттегенде ұлғайған, көк түсті қан тамыры түйіндері анықталады. Емі, көбінесе, консервативті түрде жүргізіледі. Оның құрамында тағам қолдану кестесін сақтау, қабыну құбылысымен күресу (бутадион, реопирин, аспирин тағайындау), жергілікті ем ретінде қорғасын суын, ал 3-4 күннен бастап отырып іске асырылатын былау (ванна) қолдану сияқты шаралар болу керек. Консервативтік ем ойдағыдай нәтиже бермесе хирургиялық ем жолы қолданылады (түйінді кесіп, тромбтарды алу).
- Ішкі геморрой туйіндерінің қысылуы. Пайда болуының негізгі себептері жоғарыда аталған асқынудың себептеріне ұқсас келеді және, солармен қатар, іш қату (запор) орын алады. Ішкі геморрой түйіндері аталған себептердің әсерінен төмен ығысып анальді сфинктермен қысылып қалады. Қысылу себебінен геморрой түйіндерінде тромбоз пайда болып, олар өліеттенуі (некроз) ықтимал. Бұл асқынудың клиникалык, көрінісінде де anus аймағында өте қатты ауру сезімі мен артқы жүрісте бөгде зат қадалғандай сезім мазалайды.
Объективті түрде көзбен шолып зерттегенде anus периметрін бойлай орналасқан қара-кок түсті геморройдалдық түйіндер көрінеді.
Қатты ауру сезімі себебінен геморройдың аталған екі асқынуында саусақпен немесе аспапты зерттеулер жүргізу мүмкін емес.
Емдеу шаралары ретінде диета, ауру сезіміне қарсы күрес (пресакральді новокаинді тосқауыл), қабыну құбылыстарын жоятын дәрілер, т.б. тағайындалады. Жедел құбылыстар жойылған соң хирургиялық ем қолданылуы керек (геморройдэктомия).
#Геморрой #туралы #мәлімет