Тахауи Ахтанов өмірбаяны | туралы қазақша

0


Тахауи Ахтанов өмірбаяны
Тахауи Ахтанов өмірбаяны

Шығармашылық кемел жасқа жеткен, қазақ прозасының майталман шебері, Қазақстан халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтанов, қаламдастар тілімен айтқанда «біздің Тахаң» Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданында 1924 жылы дүниеге келген. Әйтсе де жасынан от боп жанып өскен баланы жұрт ерте көзге іліп «райком болатын бала» деп мақтап, ауызға ала бастаған. Сол дем берумен комсомолға өтемін деп туған жылын қолдан шегеріп, 23 жылы туған деп жаздырып жіберген. Содан бері Тахауи Ахтанов шын жасынан ылғи бір жыл бұрын ерте есеюмен келеді».

Ал жазушының өз қолымен жасаған «өзгерісі» мұнымен шектелмеген. «Ол кезде Қарабұтақта 10 класс болмаған. Тахаң әрі қарай ілгерілеп білім алғысы келеді. 6 класты бітірген соң табельдегі «6» деген тұсын қолымен өшіріп, орнына «9» деп жазып, 9-шы класты бітірген болып, әлгі құжатпен Алматы мұғалімдер институтына келіп түседі».

Жазушының әкесі Актан мен шешесі Дәйілхан туралы ақтөбелік нағашы туысы Жайшылық Аймағамбетов «Тахауи көшесі» атты мақаласында мәлімет келтіреді. Онда ел сыйлаған байсалды, дәулеггі, батыл Ақтанның батырлығы мен оның төрт ұлдың ортасында ерке өскен Дәйілханға үйлену жайы баяндалады.

«…Әйтеке би ауданы жеріндегі Талдық пен Қайрақты өзендері Мұғалжар тауының бергі бектерінде жатыр да, арғы бөктерінен Жем өзені басталып Атырауға, Ор мен Елекбасын алып, Жайыққа қарай ағады. Мұғалжардың арғы бөктерінде Шетырғыздың бас жағында «Ақтан» қорасы деген шағын мекен бар. Осы жер — Тахауидың әкесі Ақтанның елі екен. Өзі айтқандай — Ақтан байсалды, ел сыйлаған адам болуымен қатар дәулетті, батыл кісі екен.

Бірде оның бір үйір жылқысы жоғалып кетіпті. Күйлі адамдардың ол кезде дығайдай-дығайдай қайратты жігіттер ұстайтын шағы ғой. Білекті азаматтарын жіберіп іздеу салса, «барымташы Дәулетяр айдап кетті» деген із шығады. Жігіттер тура барып; «Ақтанның жылқысын айдап кетіпсің, қайтып бер» деп Дәулетярмен жүздесуге батылдары жетпейді. Өйткені ол — теңдік бермейді, батыр адам. «Жала жаптың» деп сабап жіберуі де мүмкін. Сонымен мойындарына су құйылғандай салбыраған жігіттер Ақтанға қайтып, үйірді Дәулетяр айдап кеткендігін, оған барғанмен мойнына алмай, оның есесіне айыптап дүре соғатындығын айтып шағынған. «Дәулетяр деген неқылған пәле, ешкімге дес бермейтін, өзім көрейін»,- деп соңына он шақты жігітін ертіп жолға шығыпты. Сол жылы менің әкем Арал жағалауынан көшіп келіп, Қайрақтыны қоныстанған Шобанның Ботан балалары аталатын ағайындардың арасына келіп қыстау салыпты. Бұл шамасы жиырмасыншы жылдардың басы болса керек, Ақтанның бір үйір жылқысын Жаманқалаға (Орск) апарып сатып жіберген Дәулетяр іздеушілерден сақтанып, өз аулына бармай, ағасына келіп, қора жабысып, жәрдем етіп жүріпті. Шамасы менің әкем Дәулетярдан үш-төрт жас үлкен болса керек. Бірақ ол кісі інісінің нендей себеппен келіп жүргенін сұрамаған. Бір күні сәске шамасында екеуі қораның төбесіне шығып, жамылғы тастап жатса, қыр басынан оншақты атты сау ете қалыпты. Оны көрген Дәукең зып беріп ішке кіріп кеткен. Ақтан елге барып Дәулетярдың қайда жүргенін анықтап келе жатса керек: «Дәулетяр, барсың ба, тысқа шық, тілдесейік», — деп дауыстайды. Дәукең амалсыздан далаға шықса, әй-шәй жок Ақтан жігіттеріне: «Сал кыл арқанды мойнына, тартыңдар» деп айкайлайды. Арқан салынып, сүйретіліп кете барыпты. Қылғынып бара жаткан Дәукең жан дәрменімен қырылдап: «Тоқтай тұр, жылқыңды қайырып берейін», — деп айқайласа, сәл ғана тоқтап: «Бір үйір жылқының керегі жоқ. Көп болса сенің құныңа кетер» деп, содан соң қобалжыған жігіттеріне: «Тырп етпеңдер, жауабын өзім берем» дейді де, одан әрмен тартьш, жортақтап жүре береді. Әбден әлсіреп, тамағы тобарсыған Дәулетяр: «Әй, Ақтаң, келісейік, жалғыз карындасым бар еді, соны берейін» дегенде кілт тоқтап; «Әй, Дәулетяр, не дедің, қайталашы?» депті. Сонымен Дәукең Ақтанға қарындасын беретін боп жан сауғалапты.

Ақтан сол шақта жігіт ағасы болып қалған кісі екен. Әйелі перзент көрмепті. Дәйілхан апамыз төрт ұлдың ортасында ерке өскен, ағалары сияқты ер жүрек, батыл, анау-мынау жігітті лақтырып жіберетіндей тұлғалы кісі болған. Ақтанның аулына келін болып түсіп, шымылдық ішінде отырса, сыртта жүрген әйелдер пыш-пыш десіп: «Қайнаға байғұс перзентке зар болып, құдай бірдеңе берер ме деп мынаған үйленіп жатыр. Бала тапса болар еді, сақайып қалған екен», — дегендерін кұлағы шалып қалады. Сол шақта Дәйілхан апамыз пердені ысырып тастап; «Әй, ауылдың қатындары, босқа сандалмаңдар! Біз табармыз, тапсақ — кіл ұл табармыз», — депті де, пердені қайта жауып отыра беріпті. Ауыл әйелдері ұрсайын десе, Ақтаннан бата алмайды. «Мұнысы несі» деп, беттерін шымшылап, үндері өшіпті. «Біздің қыздың батылдығы сондай еді. Алла тағаланың құлағына шалынған шығар, Ақтан Тахауи, Сапа деген екі ұлды болды», — деп әжем айтып отыратын-ды».

Алматыдағы мұғалімдер институтына түскен соң да тапшылық құрығынан құтыла алмаған оған жастардың жанашыры Мұқан Иманжановтың шарапаты тиген керінеді. Оның көмегімен радиоға мәнерлеп оқушы — чтец болып орналасады. Бұл кезде өлең сүйер қауым арасында «Тайырша оқу» деген дәстүр кеңінен таралса керек. Уақыт талабына орай өлеңді Тайырша дауыспен тасқындатып оқуға Тахауи да бір адамдай үйреніпті. Сонымен қатар зерек жастың сол уақытта өнерге деген аңсары да күшейе түскені көрінеді. Сол құштарлықтың бір көрінісін жазушы кейін былай деп еске алады:

«Ертеректе «Алатау» кинотеатрының орнында Қазақ драма театры болатын. 1941 жылы сонда «Абайдың» алғашқы қойылымы болды. Мен сол спектакльге көп баратынмын. Тіпті есік алдындағы әйел де біліп алған, кейіннен ақшасыз жіберетін болды. Сондағы Абай кімнің есінен кетуші еді. Төңірегіндегілер қара тобыр да, анау бір биік, ақыл-парасаты мол адам. Сондағы қайран Қалекидің ойынын, образға енуін ұмыту мүмкін бе? Көз алдымда әлі тұр. Бірақ сол ойнамайтын, ал, шын Абай еді. Денеде қимыл-қозғалыс деген жоқ, асқақ пафосқа келгенде сақалы ғана көтерілетін. Тек жүрегі, ішкі дүниесі сөйлеп жаткандай еді».

Студенттік жылдар елесі Қ.Шаңғытбаевтың жоғарыда аталған өлеңінде де сағынышпен сипатталады. «Әбу, Қасым аузынан бөліп жеп, үйрендік қой ілтипатты жақсыға» деуінен олардың кімдермен аралас, қандай мақсат-мүратга болғаны байқалғандай, Қыр соңынан қалмаған жоқшылық та, оны елемеген жастықтың күш-қайраты да өленде елес береді. «Киім болмай лекцияға баратын, Болатын-ды күнім кейде қара түн. Есіңде ме, ботинкаға мен үшін, Кеткен еді-ау сенің ілкі жалақың» дейді, Қуандық ақын арадағы шын достықты еске алып.

1942 жылдың күзінен соғысқа қатысып, төрт рет жараланып, еліне аман-есен оралған жазушы кейін балалық, жастык шағының уақыттың қиын кезеңдерімен тұстас келуі туралы былай дейді: «Біздің жастығымыз туралы не айтуға болады? Балалығымыз ашаршылықпен тұстас келді. Жастығымыз Отан соғысымен тұстас келді… Соның бәрінен аман калып, әдебиетке кірген кезімізде бізде тағы бір майданға енгендей екпін, от бар болатын.

Жастығымның майданда өткендігін айттым. Ал, майданның адамды тазалыкқа, әділдікке, тәртіпке үйрететіні белгілі. Менің бір іштей шүкіршілік ететінім — осы қасиеттер менің өзімнің де, майдандас тұрғыластарымның да бой-басында қалып қойды ғой деймін».

Жазушының бұл сөзінде үлкен шындык бар. Соғыстан кейін біраз уақыт әскери кызметте жүргенімен, Алматыға келген бір сапары оның жазушылыққа бет бұру тағдырын бірыңғай шешті. Ол — үстінде әскери киімі бар, саяси қызметкер Тахауи Ахтановтың 1947 жылдың күзінде болған жас жазушылардың республикалық кеңесіне кездейсоқ қатысуымен байланысты еді.

Академик С.Қирабаев ақын А.Шамкенов туралы жазған «Сабырмен тыңдап ел демін…» деген мақаласында соғыстан кейінгі жылы болған жас жазушылардың осы кеңесінің мәні туралы былай деп еске алады:

«Біз онымен бірінші рет 1947 жылдың күзінде кездестік. Соғыстан кейінгі жас жазушылардың тұнғыш республикалық кеңесі тек Алматыдағы творчествоға араласа бастаған жастарды ғана емес, әр тараптан жиналған жас таланттардың да басын қосқан еді. Сол жиында біз әскерден «Курляндия» атты роман жазып келген Әбдіжәміл Нүрпейісовті, соғыс мектебінен өтіп қайтқан ақын және аудармашы Тахауи Ахтановты бірінші көрдік. Университет студенттерінен С.Шаймерденов, З.Қабдолов, А.Шамкенов, ҚазПИ-ден Б.Соқпақбаев, Т.Жабаев сияқты елеңдері республикалық баспасөз бетінде танымал бола бастаған жастар есімдері де кеңесте сөзге ілікті. Аға әдебиетшілердің артында қаулап келе жатқан жас буын барлығы кеңеске қатысушыларды қуанышқа бөледі. Кеңес соңында бір топ жастардың Жазушылар одағына мүшелікке алынуы бұған шын айғақ. Сонда мүшелікке өткен жастар ішінде Тахауи Ахтанов, З.Қабдолов, А.Шамкенов үшеуінің болғаны менің әлі есімде».

Сол күндердің жарқын белгісі туралы жазушы Ә.Кекілбаев Тахауи Ахтановпен байланыстырып былай деп жалғастырады:

«Мінбеде — толқын-толкын қою қара бұйра шашты, коңқактау қыр мұрынды, қайқы төс кара торы жігіт. Қарашығынан ұшқындап тұрған өткір жанарын жиналған әлеуметке тайсалмай қадап, шалқая қарап шабыттана сөйлейді. Айтып тұрғандары — күнде-күнде ести-ести құлақ жауыртқан үйреншікті қисындар емес. Батыл, соны пікірлер. Білмейтіні жоқ. Құдды бір мынау ұшқыштар формасындағы жас офицер төрт жыл бойы оқ кешіп қан майданда жүрмегендей. Москва мен Ленинградтың атақты кітапханаларының ың-шыңсыз оку залдарының бірінде тырп етпестен әлем әдебиетінің арғы-бергі саңлақ жазушыларының шығармаларын ақтарып отырғандай…».

Осыдан кейін-ақ Тахауи Ахтанов үлкен жігермен, құштарлықпен әдебиет ісіне белсене араласады. Алғашқы шығармашылық жолынан бастап-ак өз үнін, шығармашылық бағытын таныта келді. Өзіне де, өзге де биік талап қойып, тынбай ізденді. Сол ретте сыншылдыққа да барды, көркем аударма да жасады. Әдебиеттің әр түрлі жанрында жазып, қаламгерлік күшін, бағын сынады. Оның шығармашылық жолы да оңай болған жоқ. Сыналды да, сынады да. Жазушының өзі айтқандай, кейде уақыт ағымына қарай артык, қатты кетіп қалып жатқан тұстары да болды. Бірақ, Тахауи Ахтановтың ұстанған ең басты қасиеттерінің бірі — әдебиеттегі жалғандықпен күресу еді. Бұл -оның өзіне де, өзгеге де қояр қатаң ұстанымы болды.

Тахауи Ахтановтың азаматтық-суреткерлік тұлғасын тану үшін ол туралы жазылған кей естелік мақалаларға токталу жөн. Жазушы туралы естеліктер әр алуан. Әр замандас оны өз көзімен таниды. Бірақ соларға алыстан қарап, бір сәт ойлансаң, өркештене көрінер, бәрі де айналып өте алмайтын жазушының басты қасиеттері де даралана түсер еді. Ол — Таханңың өмірде де, өнерде де шыншылдығы.

#Тахауи #Ахтанов #өмірбаяны