Әбіш Кекілбаев шығармашылығы | туралы қазақша

0
118

Әбіш Кекілбаев 1939 жылы желтоқсан айында Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Онды ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. Еңбек жолын бұқаралық ақпарат құралдарында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушілігінен бастап, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты секілді мемлекеттік биік қызметтер атқарды.

Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолы поэзиядан басталды. 1962 жылы «Алтын шуақ» деген атпен өлеңдер жинағы жарық көрді. Содан бергі уақытта проза, әдеби сын, көркем аударма, көсемсөз, драма, көркем аударма саласында жемісті еңбек етіп келеді. Таңдамалы шығармаларының он екі томдығы, көсемсөздері мен сұхбаттарының, замандастары туралы толғаныстары мен мезгіл мінберінен сөйлеген сөздерінің бес томдығы жарық көрді.

Жазушы шығармашылығына негіз болған шындық құбылыстардың басты арнасы — халық тарихы. Қаламгердің халықтың өткен тарихы туралы «Күй», «ХаншаДария хикаясы», «Шыңырау», «Бәйгеторы» секілді орта көлемді эпикалық шығармалары мен «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдары, «Абылай хан» пьесасы -қазақ әдебиетінің елеулі жетістіктері. «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) тарихи романдар циклі үшін жазушыға 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ол Қазақстанның Халық жазушысы.

«Үркер», «»Елең-алаң» романдарының тақырыбы мен идеясы туралы әдебиеттану ғылымында кеңестік дәуірде қалыптасқан пікірлер бар. Ол пікірлер бойынша, «Үркер» мен «Елең-алаң» тақырыбы — Қазақстанның Ресейге қосылуы, идеясы — Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы. Романда суреттелетін оқиғалардың қалың тобын саралағанда, бұл пікір дұрыс. Бірақ мынаны ескеру керек: «Үркер» мен «Елең-алаң» — тарих шындығын, адам сырын, халық тағдырын кеңінен, тереңнен толғайтын кең құлашты күрделі романдар. Ал тарих шындығын, адам сырын, халық тағдырын, қоғам болмысын тереңнен толғайтын кең құлашты, күрделі романның бір ғана тақырыбы, бір ғана идеясы болуы шарт емес. Шығармада негізгі тақырып пен идеяны толықтырып тұрған басқа да көптеген жеке тақырып, қосымша идеялар бар. Қазақстанның Ресейге қосылуы — сол тақырыптардың бірі, Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы — сол идеялардың бірі. Күрделі шығармадағы әр алуан жеке тақырыптардың басын біріктіріп, бір бүтін күрделі болмыс деңгейінде тұтасқан өмір құбылыстарының тобы — оның негізгі тақырыбы. Осы тұрғыдан келгенде, мынадай тұжырым жасауға болады: «Үркер» мен «Елең-алаң» романдарының негізгі тақырыбы — қазақ халқының XVIII ғасырдың басында ел тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі, ал негізгі идеясы — ел мен жердің тұтастығы мен тәуелсіздігі.

Автор тарихи кезең оқиғалары арқылы кейіпкерлерінің психологиясын, ішкі және сыртқы саясат бағыттарын бағдарлау, таразылау қабілетінің ауқымын танытады. Тарихи оқиғалардың түп негізінде жатқан көкейкесті ой-мұраттардың ерекшелігін, жеке адам мен тарих арасындағы қатынастың саяси-әлеуметтік және психологиялық алғышарттары мен нәтижелерінің сырларын танытады. Соған орай, тарихи оқиғалармен өзектес, тамырлас алуан сипаттағы саяси-әлеуметтік құбылыстар және қаһармандардың іс-әрекеттерінің түп негізінде жатқан объективтік, субъективтік мүдделер романның тақырыптық-идеялық өзегіне айналады. Шығарманың тақырыптық-идеялық бітімі саяси-әлеуметтік мазмұн тереңдігімен ерекшеленеді.

«Үркер» мен «Елең-алаң» романдарының композициясы күрделі. Композиция дегеніміз — көркем шығарманың мағыналық-құрылымдық жүйесі деген түсінікті білдіреді. Роман композициясының ерекшелігін сипаттайтын екі түрлі тәсіл бар: а) оқиғалар ағынын хронологиялық кезеңімен баяндау; ә) оқиғалар ағынын Әбілқайыр ханның ой сарабына салып суреттеу. Кейінгі жағдайда оқиға желісі Әбілқайыр ханның өткенді еске алған монологі арқылы тартылады. Осы екі тәсілдің ретті қайталануы шығарманың мазмқұын пішінге көшірудің, басқаша айтқанда, композиция түзудің үлгісі болып табылады. Романға арқау болған қат-қабат, шытырман оқиғаларды осындай тәсілде кезең-кезеңімен, рет-ретімен белгілі бір құрылымдық жүйеге түсіруде өлшемді, мөлшерлі үйлесім бар. Ол -жазушының келісті композиция түзудегі шеберлігінің нәтижесі.

«Үркер» мен «Елең-алаңның» тарихи негізі мынадай бірнеше сала дерек көздерінен тұрады: а) тарихи құжаттар мен зерттеулер; ә) халық ауыз әдебиетінің үлгілері (тарихи өлеңдер, жырлар, аңыздар); б) этнографиялық дерек көздері; в) әдет заңының ескерткіштері. Көрсетілген дерек көздерінің роман арнасында атқаратын қызметтері алуан түрлі: тартыс сипатын ашады; сюжет желісін құрайды; мінез даралау құралы қызметін атқарады т.б. Жинақтап, жалпылап айтсақ, аталған дерек көздері «Үркер» және «Елең-алаң» романдарының танымдық, тағылымдық және көркемдік-эстетикалық мәнін ашады. «Үркер» мен «Елең-алаңның» тарихи негізін құрайтын әр оқиғаның мынадай құрамдас бөліктері бар: мазмұны; субъектісі; объектісі; болған жері; болған уақыты; болған себебі; салдары; амалы; құралы. Тарихи кезең шындығы аясындағы оқиғаның осындай құрамдас бөліктерін жазушы өзінің шығармашылық мақсатына сай өзгертіп, толықтырады, тиісті көркемдік шешім жасайды.

Әбілқайыр тұлғасы көпқырлы, терең сырлы. Оны өзгелерден даралап көрсететін бірнеше ерекшелік бар: а) хан; ә) ақылға да, айлаға да жүйрік; б) тарихи дәуір мен тарихи оқиғалардың ең өзекті, мәнді сипаттарын, саясиәлеуметтік барлық қыры мен сырын өзгелерден терең пайымдайды; в) дәуірдің басты саяси оқиғасында батыл шешім қабылдайды; г) халыққа игілікті деп қабылдаған шешімдері мен істері үшін маңындағылардың дұшпандығы мен жаулығына шыдайды; д) қарақан басының қамы мен халық мүддесі заман ағымының беталысына қарай кенеттен келісім тауып, жарасады және т.б.

«Үркер» Әбілқайыр ханның орыс еліне жіберген елшісінен хабар күткен күпті ой, дүдәмал күйін суреттеуден басталады. Елшіден хабар келгенше ханның ойына өткен күндер оқиғаларының нешебір тізбегі келіп, нешебір тізбегі кетеді. Бұл екі ортада оның кенжеден шыққан кішік күйінен бастап, тәж бен таққа дейінгі шытырманды, көпсатылы жолы мен жай-күйі түгел көрініс берген.

Әбілқайыр әуелде бойын жасырып, мұратына жеткізер жолды алыстан барлайды. Іске де, сөзге де мығым. Хан тағына алып баратын ағалық жол басқанікі болғанымен, ойының саралығы, ісінің даралығы жағынан бұл өзге сұлтандардан әлдеқайда үстем, биік. Ол өзінің осы қасиетін біліп қана қоймайды, сол қасиетінің қадіріне өзгелердің де жеткенін көздейді. Осы мақсатына сай, ол өзінің өзгелерден артықшылығын тура билердің, ұлыс ақсақалдарының, аты шыққан, халыққа еңбегі сіңген батырлардың көзіне көлденең тартып, көрсете береді. Ә дегенде, ол Мәті би алдында әділ, құралайды көзге атқан мерген деген атқа иеленеді. Одан беріде, жау мергеніне қарсы жалаңаш қылышпен шығып жеңіске жеткенде, батыр деген қадірі басым тағы бір атаққа жетеді. Өзін ел билігіне араласушы, қол бастаушы беделді тұлғаларға толық танытып алғаннан кейін, Әбілқайыр енді олардың біразын өзіне біртіндеп борыштар, қарыздар етудің жолын қарастырады. Алдына арыз айта келген бір топ биді Жәнібекке, Жәнібекті өзіне борышты етуі, сол арқылы тұтас ұлысты өз қабағына қарату айласы Әбілқайыр ойының осындай бұлтарысты, бұқпасы көп, шиырлы сипатын танытады. Оның бұл тұстағы мақсаты — «Әйтеуір Жәнібек еліне айдарынан жел есіп риза болып барса болды. Әйтеуір, бұдан былай бұның аты аталғанда елеңдеп тұрса болды». Міне, Әбілқайыр іргелі мақсатқа қол созғанда, осы секілді әрекеттермен үлкен жетістіктерге жетеді: мерген десеңіз — мерген, батыр десеңіз — батыр, ақылды десеңіз — ақылды, айлалы десеңіз — айлалы, әділ десеңіз — әділ, сегіз қырлы, бір сырлының дәл өзі болып шығады.

«Елең-алаңда» қазақ халқының Ресейге қосылғаннан кейінгі өмірі суреттеледі. Қазақтар сабылып, ақ патшаға табынып Петербургке барады. Ресейге бодан болып қосылған қазақтарды билеп-төстеу үшін Орынбор экспедициясы құрылып, қазақ жеріне келіп табан тірейді. Патшалық билеу әкімшілігі Ор өзені бойында бекініс-қала салады. Орынбор экспедициясының алғашқы бастығы Кирилов, кейінгі бастығы Татищев, патша генералы Румянцев сияқты отарлау аппаратының басшыларының ойлары мен нақты іс-әрекеттері арқылы орыс-қазақ қарым-қатынасының саяси және әлеуметтік мазмұны ашылады.

«Үркер» мен «Елең-алаңда» отарлау аппаратының басшылары мен Әбілқайыр ханның ел мен жер тағдырына тікелей қатысы бар шешімдері мен іс-әрекеттерінің мынадай алғышарттары көрсетіледі: а) тарихи; ә) саяси-әлеуметтік; б) психологиялық; в) логикалық. Шығарма жүйесінде бұлар ойға алған, істелер және істелген істердің әрі алғышарты, әрі негіздемесі, дәлелі қызметтерін қатар атқарады. Отарлау аппаратының басшылары мен Әбілқайыр ханның шешімдері, іс-әрекеттері, олардың алғышарттары мен негіздері, салдары өзара тығыз сабақтастықта суреттеледі. Олардың әрқайсысының мінезі, мүддесі, дүниеге көзқарасы біртіндеп ашылып, халықтық, мемлекеттік мәні бар ойлары мен шешімдерінің жетілу, іске асу сатылары күрделі процесс түрінде бейнеленеді.

Әбілқайыр ханның бейнесі — жазушының тарихи түлғадан әдеби кейіпкер жасау жолындағы үлкен табысы.

«Үркер» және «Елең-алаң» романдарының халықтық сипаты. «Үркерде» қазақ халқының Ресейге қосылуы туралы саяси ой хан басынан ғана шығып, ханның халықтан жасырын қабылдаған шешімімен ғана нақты іске ұласпайды. Осы саяси ой мен шешімге, оның айналасындағы тарихи-саяси оқиғаларға белгілі дәрежеде халықтық сипат дарытатын мынадай факторлар бар: а) ханның Ресейге бодан болу туралы шешімі Бөкенбай секілді батыр тарапынан да қолдау тауып, тікелей соның қостауымен жүзеге асады; ә) хан шешімі нақты мезгіл мен мекен, тарихи ахуал жағдайында батырдың өзінің де, қол астындағы жұртының да күнделікті мүдделерімен сәйкес келеді.

Елді сыртқы жаулардың шапқыншылығынан қорғау, елдің тәуелсіздігін,түтастығын, ынтымағы мен бірлігін нығайту тарихтың қай кезең, қай дәуірінде де мемлекеттік басқарудың, мемлекет басшысының басты мақсаты болған. XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ хандары үшін де мұндай мақсат жат болмаған. Бірақ олар мұндай мақсатты өз хандықтарының шегінде ғана ұстанды, сөйте тұра іштей шексіз билікке ұмтылды. Мұндай саяси-пенделік тілек олардың бір-біріне деген дұшпандың ниеттерін қоздыра түсті. Қазаң елінің ынтымағы мен бірлігі, мемлекеттік тұтастығы мен тәуелсіздігі туралы саяси идея жекелеген тұлғалардың ғана ойында тербелді. Ел басқарған хандар мен сұлтандардың әрңайсысы өзінің жеке билігін арттырудың бірден-бір тиімді әрі сенімді жолы өзгелерден бұрын іргесіндегі іргелі елдің қолтығына кіріп алу деп білді. Әбілқайырдың орыс патшасына бодан болу туралы тілегі осындай саяси-тарихи ахуал жағдайында пісіп-жетілді.

Әбілқайырдың халық қамын ойлап-толғануы және бұл ой-толғаныстардың оны Ресеймен жаңындасу туралы шешімге алып келуі — бәрі дәлелді, әсерлі суреттеледі. Ел басына күн туған қиын-қыстауда хан өз жекебасы үшін ғана емес, ел тағдыры үшін де игілікті деген жолды таңдайды. Мұның өзі ханның сыртқы саясаттағы біліктілігі мен алғырлығының белгісі деуге лайықты. Егер жазушы шығармада Әбілңайыр тек қана өз билігін арттыруды, бәсекелес сұлтандарға қарсы күресте Ресей патшалығына сүйенуді ойлағандықтан ғана осындай жолды қалады де-ген көзқарасты ұстанар болса, онда хан бейнесі ұсақтап, жүдеу шыққан болар еді. Автор Әбілқайыр ханның Ресей қарамағына бодан болып енуінің басты себептерін көрсетеді: а) ханның жекебасының есебі; ә) хандықты қоршаған елдермен саяси қарым-қатынастың бағытбағдары; б) қалыптасқан әскери-соғыс жағдайы; в) елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау. Хан Ресейге арқа сүйеу арқылы сыртқы жауларының шапқыншылық қаупінен құтылу мен өз ортасында хандың тұғырын нығайтуды бірдей көздеді. Бұл жерде ханның жеке тілек-мұраттары мен халық мүддесі белгілі дәрежеде қабысады. Романдар өзегінде Әбілқайыр ханның осындай екі жақты болмысы шынайы көркемдік шешімін тапқан.

Жазушының адам мінезін даралаудағы суреткерлік шеберлігі «Үркер» және «Елең-алаң» романдарының мазмұны мен пішінінің бірлігінен көрінеді. Автордың бұл орайдағы табыстары Әбілқайырдың бейнесін жасау тәсілдерінен аңғарылады. Мына үзіндіге көңіл бөлейік: «Мөлт қара сақал-мұрт қыбырсыз. Бозарыңқы дүрдік еріндер бір-біріне жабысып қалғандай… Тіп-тіке қарайтын дөңгелек жүз, сыз қабаң ақ сұр кісінің бет алды тұнған сабыр. Шығыңқы шықшыт сүйек пен шытыныңқы қабақтар ғана іште жатқан шытырман ойлардан нышан байқатқандай.

Ақ сүр кісі … қабағын шытынды… Ақ сүр кісі … сояу кірпіктерін кілгірте жүмып, ойға шомды».

Бұл — портрет жасаудың үлгісі. Жансыз келбеттің суреті емес, психологиялық портрет. Жазушы кейіпкерінің бет жүзіндегі ерекше белгі-нышандарды көркемдік бейнелеу құралдары арқылы дүркін-дүркін баса көрсетеді, мінезге тән кейбір дара қасиеттерді аңғартады, одан соң біртіндеп кейіпкердің психологиялық қалпын көрсетеді.

«Үркерде» Әбілқайырдың мынадай ойлары беріледі: «…бүгін биенің құйрығы, ертең түйенің құйрығы болып қырық құбылып отырар жайым жоқ…», «қоянның құйрығындай күнде қыпылықтап отырғаннан обал-сауабыңды біреуге артып, тыныш отырғанды жөн көрмеп пе еді?»

Бұл — мінездеудің үлгісі. Кейіпкерінің ойы мен сезіміндегі күй оның ішкі сөзінен танылады. Сонымен бірге кейіпкердің осы сөзінде оның мінезін даралайтын ерекше айшық бар.

«Биенің қүйрығы болу», «түйенің құйрығы болу» секілді метафора, «қоянның құйрығындай күнде қыпылықтап отыру» секілді теңеу арқылы берілген ойлардың мынадай сипаттары бар: терең әрі бейнелі; тыңдаған жұрттың ойы мен сезіміне бірдей әсер етеді. Портрет те, мінездеу де, олардың шегіндегі бейнелеу қүралдары да Әбілқайырдың ойлау ерекшелігін, сөйлеу мәнерін танытуға, мінезін даралауға, бейнесін сомдауға қызмет етеді.

«Үркер», «Елең-алаң» романдарының тілі ажарлы, көркем. Авторлық баяндау да, кейіпкерлер тілі де айшықты бояуларға, астары терең сөздер мен тіркестерге бай. Мысалы, Мәті бидің: «Бедел дегенің есігіңнің алдында көлденең түсіп жатып алатын күдіре желке көк төбет сияқты…» дейтін теңеуі бар. Теңеудің пәні — бедел, образы — «күдіре желке көк төбет», белгісі — «есігіңнің алдында көлденең түсіп жатып алатын». Бедел туралы әдебиетте де, тұрмыс-тіршілікте де аз айтылмайды, бірақ оның мәнісін Мәті би сияқты күрделі теңеумен бейнелі, анық, дәл, терең ашып берген ешкім болған емес. Әбілқайырдың ойының бір иірімін жазушы метафоралық қолданыстағы сөздердің желісімен жеткізеді: «Орнымен пайдаланса, орыстар мен қазақтар арасындағы мүдделер ортақтастығы саулап түрған сиыр ғой… Мүдделер тіл табысатын жерде қарағайдай мүйіздің қайраты емес, қаймыжың еріннің айласы керек». Орыстар мен қазақтар арасындағы мүдделер ортақтастығының мәні матафоралық тәсіл арқылы қалың жұрт үшін барынша түсінікті және бейнелі сипатталған. Қаламгер тілінің көркемдігін, бейнелеу құралдарының байлығын осындай тың теңеулер, эпитеттер мен метафоралық қолданыстар білдіреді.

«Үркер» Әбілңайыр ханның көңілінде ел мен жердің тұтастығы мен тәуелсіздігі туралы үміт отының жануымен аяқталады. Оның өзі ханның маңдай алдынан көтеріліп келе жатқан топ үркердің әлсіз бозаңытқанындай. «Елең-алаң» таң атар алдындағы сәтті астарлап аңғартады. Әбілқайыр хан күткен күн әлі туған жоқ, бірақ ханның келер күнге артар үміті де өшкен жоқ.

Қазақ халқының басынан өткен тарихи кезеңнің шындығын үлкен эпикалық түр көлемінде суреттеген әдеби шығармалар тобында Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарына тән басты ерекшеліктер мынадай: а) тақырыптық-идеялық өрісінің кеңдігі; ә) саяси-әлеуметтік мазмұнының тереңдігі; б) суреттеу жүйесінде эпикалық амалдан гөрі лирикалық суреттеу амалының басымдығы. Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары — XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі.

#Әбіш #Кекілбаев #шығармашылығы