Қостанайда облыс әкімінің кубогі үшін республикалық КТК ойыны өтті
«Жақында маусым бітті, финалға шыққандар анықталды. Ал облыс әкімінің кубогі жыл бойы жүрген «Жайдарман» ойындарындағы таланттыларды, үздіктерді көрсететін жәрмеңке, есеп-беру концерті секілді. Елімізде КТК ойындарының сапасы артып, дамып келеді. Жайдарманшылар сахнаға әзілмен алып шыққан мәселелер қоғамда пікір қалыптастырады деп ойлаймын» дейді республикалық тележобалардың авторы, редактор Қасиет Кәрім.
Қостанайда өткен ойында жайдарманшылар жұрттың көкейіндегіні әзілмен жеткізіп, күлкіге қарық етті. Ойын қорытындысында әділқазылар алқасы М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің «Жаңа ғасыр» командасын үздік деп тауып, оларға бірінші орын үшін 300 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Екінші орынды 200 мың теңге жүлдесімен «Боранқұл» командасы алды. Үшінші орын Петропавлдан келген «5 жаңалық» командасына берілді, жүлдесіне 100 мың теңге табыс етілді. Ойында Астанадан келген «Евразиат» командасының мүшесі Айбар Сейдағали «ең үздік ойыншы» атанып, 50 мың теңге сыйлығын алды.
Бір айта кетерлігі, соңғы жылдары Қостанай облысының командалары республикалық лигаларда, телевизиялық ойындарда өңір намысын қорғап жүр.
«Биылғы Қостанай ашық лигасының чемпионы «Дарын», жергілікті «Құрдастар» еркін құрамасы», Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің құрамасы, Арқалық педагогика институтының «Ару.кз» командалары республикалық лигаларға қатысып жүр. Олардың қатарында студенттер де, жұмысшылар да, әр түрлі мамандықтардың өкілдері бар. Олар шығармашылығын дамытып келеді» дейді «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының директоры Марғұлан Бәкір. Сонымен қатар «Жайдарман» республикалық ойындарының редакторы Қасиет Кәрім де қостанайлық командалардың өнеріне жылы лебіз білдірді.
«Қостанайда бұрын телевизиялық лигада ойнаған командалар бола қойған жоқ еді. 2012 жылдан бастап олар лигаларда көріне бастады. Бүгінде телевизиялық лигаларда көрермендер Қостанайдан, Арқалықтан, Торғайдан қатысатын командаларды біліп қалды. Жалпы Қазақстанның солтүстік өңірлерінде ойыншылардың жаңа толқыны өсіп келеді. Солардан үміт күтеміз. Олардың барлығы мектеп қабырғасында жүріп ойынға қатыса бастаған, жақсы оқыған балалар. Қазір олардан құралған командалар шеберлігі республикалық деңгейге жетіп қалды. Тек Қостанайда ғана емес, жалпы Қазақстанның солтүстік өңірінде жайдарман ойыншыларының жақсы мектебі қалыптасып келеді. Біз соған қуанамыз» деді Қасиет Кәрім.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай