Арғындар тарихы (шежіресі) | туралы қазақша

0

Арғын тайпасы — қазақтың Орта жүз құрамына кіретін ірі көне тайпалардың бірі. Олар Ертістен Торғайға дейінгі даланы, Сырдариядан солтүстік шекараға дейінгі кеңістікті, Сарысу, Нұра, Есіл өзендері бойынан Обаған көліне дейінгі алқапты ала отырып, Қазақстанның байтақ даласын мекендейді. Арғындар қыпшақтармен, солтүстік керейлермен, уақтармен, Ұлытау-Жезқазған аумағының наймандарымен араласа өмір сүреді. Арғындардың арасында Кіші жүздің жағалбайлы, тама, табын және басқа да түрлі тарихи оқиғалардың нәтижесінде осы жерлерде орныққан тайпа өкілдері кездесіп жатады.

Революцияға дейін арғындар Семей, Ақмола, Торғай, Омбы облыстарын, сондай-ақ оңтүстік аумақтардағы Түркістан, Шиелі және Тереңөзек өңірін мекендеді. Көптеген ғасырлар бойы арғын тайпасы мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысты. Кезінде Қазақстанды саяхаттаған Марко Полоның мәліметі бойынша арғындарда ерекше мән беретін өзіндік бет әлпеті мен көзқарастары болған.


Арғындар мен қыпшақтардың шежірелерін зерттеу барысында олардың жақын туыстығы бар екендігі анықталды. 1881 жылғы Г.Н. Потаниннің жазып алған шежіресі бойынша, Арғынның үлкен ұлы Мейрамнан Куандық, Сүйіндік, Бегендік және Шегендік туады, ал оның кіші әйелі Қарқабаттан XIV ғасырда Орыс ханның әскерін басқарған Болатқожа Қаракесек туады. Тарақтыдан туған Қаракесектің немере қызы барлық арғындарға басшылық етеді (арғынның ноқта ағасы). Арғынның үшінші әйелінен тағы төрт ұл: Ақсопы Тобықты және Қанжығалы ұрпағымен, Қарасопы (Бэсентиін және Қарауыл ұрпақтары), Сарысопы (үрпағы Атығай), Тәнбісопы — одан Сарыжетім және Шақшақ ұрпақтары (жоғарғы шекті және төменгі шекті) туады. Үшінші әйелінен туған балаларды жеті момын деп атайды.

Тобықты және бәсентиін тармақтары арғын тайпасының шығыс бөлігін құрайды. Бәсентиіндер павлодарлық Ертіс жағалауы алқабын мекендейді. Ғалымдардың ортақ пікірі бойынша бәсентиін — Бесбалық орталығы болған Ертістен Жоңғарға дейінгі аумақты мекендеген ежелгі басымелінің ұрпақтары. 742 жылы олар ұйғырлармен одақтас бола отырып, соңғы түрік қағанға қарсы шығып, оны өлтірген болатын. Осы оқиғадан кейін Қағанаттың басына басымелі тайпасының басшысы Хэли-хан келді. Хэли-ханды қытай сарайлары сыйлап, оған аса қымбат сыйлықтар берген болатын. Үш жылдан кейін басымелілерді қарлұқтар талқандады.

Қаракесектерде: «Біз қаракесек шормыз, Тәңірден де зормыз», — деген мәтел болды. Бұлай өзін-өзі танытуы XIV ғасырда қаракесек тайпасы Орыс-ханның басқаруының соңына дейін Шағатай, Темір және Тоқтамыш ұлыстарына қарсы күресі кезінде Ақ-Орданың негізгі әскери күшін құрағанына байланысты еді.

Мәтелде шор сөзі кездеседі. Мүмкін алтай шорлары мен қаракесек шорлары ерте заманда бір тайпаны кұраған болар. Бәсентиін тайпасына орхон жазулары мен қытай тарихи мәліметтерінде аталатын үш тайпаның ұрпақтары: апай солтүстік Апанби түркі тайпасы рубасының атынан, бөрі — осы тайпаның өкілдері түркі қағанның және шүй (аудармасы — қызыл бөрі) сақшылары болған. Апанби ұрпағының барлық үш тармағы бүгінгі күнге дейін сақталды және солтүстік тайпалардың байырғы жері — Ертісте өмір сүруде.

Тобықты тайпасы Шыңғыстау тауында және Шаған өзенінің етегінде мекендеді. Олардың мекендеген аумағы шығыстағы Ертіске дейін, батыстағы Бақанас өзеніне дейін, оңтүстіктегі Аягөзге дейін жетті. Тобықты сондай-ақ Тоқырауын өзенінде, Балқаш көлінен солтүстікке қарай өмір сүрді.

Қанжығалы тайпасы павлодарлық Ертіс жағалауы шекарасынан Ақмолаға дейін, оңтүстік-шығыста Баянауыл ауданына дейін, солтүстік-батыста Көкшетауға дейінгі дала кеңістігін алып жатады. Олардың негізгі тұрғылықты жері Ерейментау, Қоржынкөл, Қойтас, Ақкөл, Шақшан. Қарауыл мен атығай тайпасы барлық Көкшетау төңірегі бойынша орналасқан, солтүстікте Петропавлға дейін, ал шығыста Ертіске дейін жетеді. Сарыжетім Есіл өзені алқабынан Обаған көліне дейін, шақшақ — Торғай өзені сағасынан Тосынқұм құмдақ жер шекарасына дейін мекендейді. Оларды «екі шекті арғын» деп атайды: жоғарғы шекті — шақшақ және төменгі шекті -сарыжетім, тайпаның таңбасы жүзі жоғары және төмен қараған жебе түрі. Қуандық тайпасы Ақмола даласында, Сарысу, Атасу, Нұра, Есіл өзендері алқабында, Ақтау, Ортау, Қызылтау тауларында, Теңіз және Қорғалжын көлдері жағалауында өмір сүреді. Сүйіндік тайпасының тұрғылықты жері Баянауыл ауданы, Шідерті, Өлеңті, Ащылы, Қызылтау, Балағаш өзендерінің алабы. Арғындар осы жерлердің ежелгі замандардан бері байырғы тұрғындары болып табылады. Арғындар батыс ғұндар одағының (юебань) құрамында болды, кейіннен олар қыпшақ пен оғыздармен бірге Батыс-Түрік қағанатының негізін құрады. Арғын (арғұн) атауында арұғғұн — таза ғұндардың ежелгі ғұн одағының эпонимі сақталған. Деректерге сәйкес ғұн тайпасының құрамында ақғұн және қарағұн атанған тайпалар болғаны белгілі. Ғұндарда ақ және арұғ синоним сөздері (аудармасы — таза), дегдар тұқым дегенді білдіреді. Аса көне арұғ (арық) сөзі бүгінгі біздің уақытымызда да торғайлық қыпшақтар мен жалайыр тайпасында да арық-тыным атауында сақталып келеді. Ақ-найман, ақ-қаңлы тайпаларының атаулары да олардың ерекше жағдайы туралы айғақтайды. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша ғұндар мен оғыздар шығу тегіне қарай тұтас бір халық, ал арғындар олардың ұрпақтары болып табылады. Қазақ халқының аңыз-әңгімелері бойынша арғындар мен қыпшақтар өз араларында тумалас ағайындар, түп тамырымен ғұн-қаңлылардан бастау алады.

Батыс-Түрік қағанаты дәуірінде қыпшақтар, оғыздар, арғындар мен қарлұқтардың ортақ шекаралары болған (Қашқари, I, 399). Арғын атауы бар тайпа түркімендерде де бар. Кезінде олар Самарқандқа иелік етуге ниеттері болған (Дәулетшах, Бруно басылымы, 364). Марко Полоның дәлелдеуі бойынша арғындар Алтайдан батысқа дейінгі даланы жайлаған. Ертістен батысқа дейінгі аумағы, Шыңғыс жотасы мен Қарқаралы тауларын қоса алғанда, Жошының үлкен ұлы Орда-Еженнің (Алшын) иелігі құрамына кіретін. Рашид ад-Диннің айтуынша арғындар тайпасы Шағатай мемлекетінде үлкен саяси мәнге ие болған.

Арғындар Шағатай ұлысында маңызды рөл атқарды. Шағатайдың бектері, төрелері, мемлекеттік адамдары мен әскері негізінен арғындардан құралған. Арғындар құлағуидтер мен тимуридтер мемлекетінде де елеулі орын алған. Арғындардың негізгі мекендеген жері Сырдария мен солтүстік даласы. XIII ғасырда арғындар қыпшақтармен, алшындармен, үйсіндермен, қоңыраттармен және наймандармен бірге «алты арыс алаш елі» бірлескен одақ ретінде Ақ Ордаға енді.

Қазақстанның Орталық және Солтүстік аймақтарында қыпшақтардың, арғындардың, керейлердің, уақтардың көптеген ескерткіштері мен осы тайпалардың таңбалары орналасқан. Қазақстанның оңтүстігінде осы тайпалардың белгілері Сырдария мен Қаратау аумағында, яғни, көне заманда олардың мекендеген жерлерінде белгіленген. Солтүстік аймақтарда Кіші жүздің табын, тама және жағалбайлы тайпаларымен байланысты аталған жерлер кездеседі.

Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.

#Арғындар #тарихы #шежіресі