«Бірі зорлаған, екіншісі видеоға түсірген»: Тағы бір зорлықтың беті ашылды
«Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі 26 қыркүйекте Алматы қаласында болған қатыгездік туралы айтып, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жүгінді.
Бұл туралы «Азаттық рухы» сайты жазды.
Айтуынша, 33 жастағы әйелді өзінен жасы үлкен құрбысы (48 жаста) қонаққа шақырып, болашақ күйеуімен таныстырмақ болған. Ол бұрыннан таныс құрбысының өтінішін орындап, кешкі сағат 5-тер шамасында қонаққа барған (жалға алған пәтерге).
«Отырыс басталғанда, кенет оның (33 жастағы әйел – ред.) мазасы болмай, есінен танып қалған. Сосын ары қарай не болғанын білмейді. Тек ұрып-соққаны, зорлағаны, бірнәрсе ішкізгені есінде. Кейінірек белгілі болғандай, әйелді түнгі сағат 2-ге дейін азаптап зорлаған және мұның бәрін ұялы телефонмен видеоға түсірген. Оның қалай тірі қалғанын білмеймін, бірақ оның жаны да тәні де қорланған», – деп жазды Дина Таңсәрі.
Құрбысы түнгі сағат екілер шамасында кетіп қалған. Ал жәбірленуші жолы болып, үйдің келесі қабатына қашып құтылған және сол жерде жақын туысы тұратынын кездейсоқ білген. Шок алған жәбірленуші полиция шақыруға қорыққан, тіпті, мұндай жағдайды біреуге айтудан қатты қысылған.
Таңертең есін жиған жәбірленуші өзіне жантүршігерлік қылмыс жасалғанын түсініп, туысының талабы мен қолдауының арқасында полицияға хабарласқан. Полиция оқиға орнына келгенде, күдікті әлі пәтерде болған және ұйықтап жатқан.
Тексеру нәтижесінде жәбірленушінің жыныс мүшесінің қатты зақымданғаны, денесінде көгерген іздер бары анықталған. Тіпті, әйел отыра да, жүре де алмай қалған. Әлі күнге дейін дәретті ұстай алмау жағдайына ұшыраған, ота жасатуға мәжбүр.
Дина Таңсәрінің айтуынша, полиция өкілдері жәбірленушінің зорланғаны туралы телефон камерасына түсірілген видеоны тапқан. Тіпті, оны зорлаған кезде бөгде заттарды пайдаланған екен. Ер адам зорлап, құрбысы оны видеоға түсірген. Видеодан анықталғандай, зорлау барысында жәбірленушінің аузына есірткі немесе алкогольдік құрамы бар түсініксіз сұйықтық құйған.
Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Абдулазиз Аманжол ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігі, 121-бөлігі, 121-бөлімі бойынша іс қозғап, ер адамды қамауға алған. Ал, осы жағдайдың басы-қасында болған, тіпті оны видеоға түсірген құрбысы іске тек куәгер ретінде тартылған.
Ал күдіктінің адвокаты істі ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша (денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) қайта қарауды талап етіп отыр.
«Жәбірленуші жеке клиникаға емделуге жіберілген, бірақ мемлекеттік бағдарламаға сәйкес қабылданбаған. Жұмысынан айырылып, жақын туысының қамқорлығында отыр. Оған психолог пен заңгердің көмегі қажет. Әлі күнге дейін емделмеді, өйткені жеке клиникаға қаралуға ақшасы жоқ», – дейді «Не молчи» қорының белсендісі.