Елде университет ұстаздары қанша жалақы алады
Биыл еліміздің ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы өсті. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты
«Биыл ұлттық жоғары оқу орындарында профессор лауазымы деңгейіндегі жалақы 29 пайызға артып, 272 мың теңгеге, мемлекеттік ЖОО-ларда 19 пайызға артып, 248 мың теңгеге жетті. Ұлттық ЖОО-ларда профессор-доцент деңгейінде жалақы 31, мемлекеттік ЖОО-ларда 11 пайызға артты. Ұлттық ЖОО-лардың аға оқытушылары жалақысы қыркүйекте 32, мемлекеттік ЖОО-ларда 18 пайызға өсіп, республика бойынша 116 мың теңгені құрады», — деді Әділет Тойбаев министрліктің аппарат жиналысында.
Оның айтуынша, жалақының өсуі мемлекеттік білім тапсырыстарының артуы есебінен орын алып отыр. Атап айтқанда, 2019 жылы ұлттық ЖОО-лардағы мемлекеттік білім тапсырысы 636 мың болса, 2020 жылы ол 1 008 200 теңгеге жетті.
Мемлекеттік ЖОО-лардағы педагогикалық бағыт бойынша мемлекеттік білім тапсырысы 443 мыңнан 901 мыңға дейін артты. Жоғары оқу орындары жоғарылатылған мемлекеттік тапсырыс 1 қыркүйектен алды.
«Мемлекеттік ЖОО-лардағы оқытушылардың жалақысы республика бойынша орта есеппен 98 мыңнан 116 мыңға дейін, доценттерде 175 мыңан 193 мыңға дейін, профессорларда 209 мыңнан 248 мыңға дейін көтерілді», — деді департамент басшысы.
Әділет Тойбаевтың дерегінше, профессорлар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 386 мың теңге, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 306 мың, Жұбанов атындағы университетте 186 мың, оқытушылар Аманжолов атындағы университетте 128 мың, Қыздар педагогикалық университетінде 149 мың мың теңге жалақы алады.
«ҚазАқпарат»