2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін халық өзі сайлайды — Тоқаев жарлығы

0

2021 жылы Қазақстанда ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы өткізіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында аталып өткен.

«Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы» бөлімінде Қазақстан Республикасының заңнамасына ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген.

Сонымен қатар, өкілеттіктері 2021 жылы аяқталатын ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын 2021 жылы өткізу жоспарланған.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу де қамтылған. Онда мына қадамдар қарастырылған:

— мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу;

— жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілеттіктерінің аражігін кезең-кезеңмен ажырату;

— жергілікті бюджеттерді бекіту процесіне бақылауды күшейту, оның ішінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға бағытталған қогамдық маңызы бар шығыстар бөлігінде онлайн-сұрау жүргізуді қолдануды қоса алғанда, қоғамдық сараптамадан өту тетіктері арқылы күшейту;

— ауылдық округтердің мүліктік құқықтарын кеңейту және кірістерін ұлғайту арқылы жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін күшейту, бұл «халық қатысатын бюджеттерді» дамытудың келесі кезеңі болуы тиіс;

— орталық — өңір қарым-қатынасы ғана емес, қаражаттың өңір ішінде бөлінуі де ескерілетін, өңірлерді бюджеттік қаржыландыру моделін айқындау;

— жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жиындар мен жиналыстардың мәртебесін көтеру, жергілікті жердегі өзекті проблемаларға қатысты олардың пікірін аудандық мәслихаттар нақты шешімдер қабылдау үшін ескеруі тиіс;

— тексеру комиссияларын күшейту.

ҚазАқпарат