«Солтүстік облыстар Ресейге қосылсын»: Ермек Тайшыбеков ұсталып, қамауға алынды

0

23 қыркүйекте Алматыда 42 жастағы блогер Ермек Тайшыбеков ұсталды. Тайшыбеков — Қазақстанның Ресей құрамына кіруі қажеттігін және орыстілді халықтың дискриминацияға ұшырайтыны туралы пікір айтып, танылған блогер.

Бұл туралы Азаттық жазды.

«Тайшыбеков Қылмыстық кодекстің 174-бап («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») белгілеріне келетін қылмыс жасады деген күдікпен 23 қыркүйекте ұсталған, сол күні кешкі сағат 21.25-те уақытша қамау изоляторына қамалды» деді аты-жөнін атағысы келмеген полиция қызметкері тілшіге.

Ресейшіл көзқарастарымен белгілі болған блогер Ермек Тайшыбеков 2015 жылы желтоқсан айында «ұлттық араздықты қоздырды» деп айыпталып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Ол кезде Тайшыбековтің үстінен өздерін ұлт-патриоттары деп атайтын белсенділердің өтініші негізінде қылмыстық іс қозғалған.

2016 жылы қаңтар айында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі Тайшыбековке шығарылған үкімді сынаған.

Тайшыбеков 2017 жылы қазан айында түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан.