Күйеуі талақ айтып, басқа адамға күштеп тұрмысқа шығарған намазхан әйелдің тағдыры
«Мен пәк дін ислам туралы, намаз туралы ештеңе айтқым келмейді. Ол туралы айтуға хақым да жоқ. Тек мен өзімнің қалай намазхан болған кезімді айтып берейін. 2008 жылы қалада ұзын көйлек киген қыздар көбейіп кетті. Оларға қызығып та, жек көріп те қарамадым. Тек жас қыздардың орамал таққанына таң қалатын едім. Бір күні өзім де сондай боламын деген ой келген емес. Кафеде бір жігітпен таныстым. Ол жігітпен сөйлесіп жүрдік, ұнап қалды. Сөзі түзу, иман жүзді болып көрінді. Бір жылдай араласқаннан кейін «әйелім болшы» деп ұсыныс жасады. Ол кез менің ең бақытты шағым еді, қатты қуандым. Мүмкін ессіз сезімді басымнан кешірген шығармын. Бірақ жігіт маған оранып жүруге шарт қойды. Мен киінсем, басыма орамал тақсам ғана өзіне әйел ете алатынын айтты. Қорқыныш, қобалжудың барлығын оған деген сезімім басты», – дейді Айдана.
Өткен өмірі туралы айтып берген келіншек бір адамға екі рет рет тұрмысқа шыққан.
«Бір күнде ұзын көйлек те кидім, орамал да тақтым. Апыр-топыр той болды. Алғашында оның ата-анасымен тұрдық. Оның үйінде намаз оқитын адам жоқ. Олар басында менің орамал тағып, жамылып келгенімді жақтырмай жүрді. Кейін жақсы араласып кетті. Жолдасым туыстарымен сөйлесіп, менің иманымның әлсіреп кеткенін айтты да, пәтерге шығып кеттік. Ол менің мұсылман қыздармен көбірек араласуымды қалады. Онымен қонаққа еріп барған кезде қара никаб киген қызды алғаш рет көрдім. Жолдасымның тұрақты жұмысы болған жоқ бал, тмин сатып жүрді. Бір күні дүкеннен келгенімде жолдасым «сөйлесуіміз керек» деп бөлмеге шақырды. «Мен саған рұқсатсыз дүкенге барғаның үшін талақ айтып едім. Бұл сенің үшінші талағың, сондықтан ажырасуымыз керек», – деп қарап тұр. Бойым мұздап кетті. Тек жылай бердім, себебі менің аяғым ауыр болатын. Бірге тұрғанымызға төрт айдай уақыт болды», – дейді ол.
Айданаға жолдасы талақ айтқаннан кейін алты ай бойы бір-бірімен жақындаспай, сол үйде тұру керектігін айтқан.
«Көндім, ашуы басылып, ажыраспайтын шығармыз деп ойладым. Себебі алты ай тұрғаннан кейін босанатын уақыт та жақындап қалды. Бірақ «сен кетуің керек» деп алты айдан кейін мені үйіме апарып тастады. Тек жылай бердім. Бұрынғы жолдасым менімен ажырасқаннан кейін бір аптаның ішінде басқа әйелге үйленген. Сол кезде еңсемді біреу аяғымен езіп жатқандай күй кештім. Ішімдегі «бала кімге керек, мен не істеп жүрмін» деп жылай бердім. Сол кезде ертерек босанып қалдым. Шығарып алуға жолдасым екінші әйелін алып келді. Менен кейін үйленгенін сол кезде айтты. Менің туыстарым күйеуіме ұрысып, қуып жіберді. Осылайша, күйеуге шыққаныммен бала туған кезде жалғызбасты ана атандым. Оның қаншалықты қиын екенін сезінген адам ғана біледі», – дейді Айдана.
Ол баласын жастан асқанша өзі тәрбиелеген. Бұрынғы жолдасы ай сайын келіп, баласына қажетті заттарды алып беріп отырған.
“Бір күні баласына келгенде ол маған «қайта қосылайық» деп қарап тұр. Сасқанымнан «сенің әйелің бар емес пе» дей беріппін. “Онымен ажырасып кеттім. Біздің арамызда баламыз бар, қайта қосылғанымыз дұрыс болады. Тек сен менімен қосылу үшін басқа адаммен некелесуің керек. Сонда ғана біз бірге бола аламыз”, – дегенде төбемнен жай түскендей болды. Оның айтқан ұсынысына басында шошып қарап, жаныма жолатпағаныммен, түбінде солай жасадым. Өзі таныстырып, мені біреуге күйеуге шығарды. Күйеуіме қайта қосылуды армандап жүрдім, алғашқы адамым болған соң оған деген сезімім басқаша болды. Ол адаммен алты ай бірге тұрып, күйеуіммен қайта қосылдым. Бірақ сезіміміз басылып қалған. Ол маған біртүрлі қарайды. “Бірдеңе болса ол сияқты емеспін бе, ұнамай жатыр ма?”, – деп тиісіп шаға келеді. Не керек «сен тағы үш рет талақ алдың» деп мені қайта үйіме апарып тастады,” -дейді келіншек.
Айдана үйіндегілерден қорланғанынан пәтерге шығып кеткен. Екі жылдан бері мұсылман қыздармен бірге пәтер жалдап тұратынын айтады.
«Талақ» деген сөзді естіген сайын жаным шаншылып, еңсем езіледі. Әр ахиға әйел болып, хиджаб киген көбелекке айналғанымды ойласам, денемнен жиіркенемін. Бірақ ислам жалғыз қалуды құптамайды. Көптеген бауырлар өздеріне әйел болуымды сұрады. Қамқорлықтарына алатынын айтады. Қазір саудада жүрген бір бауырым ұсыныс айтты. Екі әйелі бар, олармен де кездестім. Енді сол кісінің отбасын кеңейтемін бе деген ниетім бар. Сол кісінің қалауымен қазір киімім де өзгерді», – деді Айдана.
Oinet.kz