«Өлгендерді малша сүйреп дәлізге шығарып тастайды»: Ұлынан айырылған маңғыстаулық келіншек ауруханадағы шындықты айтты
Маңғыстаулық Шынар Кендін есімді келіншек жергілікті дәрігерлердің сауатсыздығынан ұлынан айрылып қалған. Бауыр еті баласынан арылып, өзегі өртенген ана бұл туралы өзің Facebook парақшасында көлемді жазба жариялады. Онда бес күн, бес түн өліммен арпалысып жатқанда маңғыстаулық дәрігерлердің түк бітіре алмағандығын, өзі де осы вирусты жұқтырып жазылып шыққандығын тілге тиек етеді. Келіншектің тағдыры үшін алматылық дәрігерлер арпалысқан.
Шынар Кендіннің постынан кейін Stan.kz тілшісі Маңғыстау облыстық провизорлық ауруханасы басшылығына осы жағдайға қатысты пікір білдіруін сұрап хабарласты. Бірақ қанша уақыт өтседе ешқандай жауап ала алмадық. Маңғыстаулық келіншектің айтып отырғаны рас па, қазір ауруханада жағдай қалай деген сұрақтарымыз жауап беруге құлық танытпады.
Ұлы қайтқанда «аспан айналып жерге құлап, мені басып қалған күн» деп күңіренген ана баласынан шарасыздықтан айырылып қалғанын айтады. Ақтаудағы 26 ш/а МОФ-тағы бес күн, бес түн ұлының қасында өлім үшін арпалысқан ана ауруханаға ерікті ретінде кіруге мүмкіндік алған. Оған облыстық денсаулық сақтау бөліміндегі танысы көмектескен екен.
«Ауруханаға кірген кезде баламды танымай қалдым. Ісіп кетіпті, жағдайы өте төмен. Өлі мен тірінің арасында жатыр екен. Бірден баламмен арпалысып кеттім. Беті-қолын сулы дәкемен сүртіп, түтікшемен жылқының саумалын жұтқызып, әйтеуір алысып жатырмын. Балам шок жағдайда. Бір кезде қысылып, көгере бастады. Сөйтсем, оттегі бітіп қалыпты. Шырылдап жүгірдім, Марат Кайырғалиұлы деген дәрігер кеп құтқарып қалды. Оттегі баллонын дереу ауыстырды. Алла разы болсын. Міне, сол Марат Қайырғалиұлы келген кезде ғана ұлымның көзінен бір ұшқын, сәл қуаныш лебін сездім. Ұлымның сол сәл ғана қуанышы мен үшін бүтін бір әлем еді. Сол дәрігер ғана «Қалайсың, Аймырза», деп қалін сұрап, «шыда, інім!» деп мотивация берген адам еді», — деп ауруханадағы бірінші күнді есіне алады.
Одан кейін аңдығаным баламның оттегі аппараты болды деген ана, көзің тайса баллонды басқа науқасқа ала жүгіреді дейді.
«Бір кезде облыстық денсаулықсақтау бөлімінен әлгі апай қоңырау шалып, маған «Шынар тез арада провизорлық ауруханадан шық. Сырттан адам кіруге болмайды» деген бұйрық берді. Мен шықсам сол сәтте балам өледі. Ол — факт. Шарасыз күйде болдым.
«Апай, кешіріңіз, мен шыға алмаймын, ол үшін барлық жауапкершілікті мойныммен көтеруге дайынмын. Бірақ шықсам ұлым сол сәтте өледі. Кешіріңіз!» — дедім. Ана әйел маған «Ендеше бізге ренжіме!» — деп қадап айтты», — дейді қайсар келіншек.
Ұлының тағдырымен арпалысып жүріп, өзімді ойлауға мұршам болмады дейді ол.
«Емханада біртіндеп оттегіні үзу, қоспай қою мәселесі көбейіп, баламды кәдімгідей қинай бастады. Ешкімге ештеңе демей, балама қарай бердім. Оттегі жоқта өліп кетпес үшін, аздап өзі дем алуға көмектесіп, тыныштандырып, бауырыма басып, менімен бірге дем ал деп бірге тыныстадым. Сөйтіп жүргенде біреу келіп отегі баллонын қосты. Ол да дұрыс болмады. Дәрігерлер оны дұрыс қоса да алмайды. Медбикелер аппаратты түсінбейді, білетін жан жоқ.
Шіркін-ай, сол кездерде жанымыздың шырылдаған жанайқайына құлақ асқан бір пенде табылмай, қасымызға келіп қал сұраған бір ақ халатты болмады», — деп ашынған ананың дәрігерлерге өкпесі қара қазандай.
«Науқастарға ешқандай дұрыс ем-шара жасалған жоқ. Тек бір оттегіге қосылды. Онда да неше мәрте үзіліп, баллон бітіп қалып, әкелген күнде де онысы дұрыс емес, тола деп әкелген баллон 15-20 минуттан соң істемей қалады, қысым түсіп, маскаға оттегі келмей қалады. Арпалысып, дем жетпей қиналды. Сөйтсек, кейбір баллон дұрыс толтырылмаған болады екен. Сосын, оттегі маскасы ескі, қолдан құрастырған, дұрыс ауа беруге жарамсыз. Ит қорлық көріп, күндіз-түні шырылдадық. Бір дәрігер не медбике көмектеспеді. Бесінбаева деген әйел жүрді, «еріктімін» деп. Түндегі өлгендердің атын өшіріп, орнына жаңа келген науқастың атын жазған қағазды әкеліп төсегіне жапсырады. Келеді де барлық терезені ашып кетеді. Үстімдегі ақ халатымды шешіп, ұлымның арқасына жабамын. Жамылатын көрпе жоқ. Үйден алдырсақ, ішке кіргізбейді», — дейді ана.
Терезеден соққан желден науқастарға тер қатып, жығылғанға жұдырық болды дейді Шынар.
«Науқастардың қиналып, көрпе сұрап, терезені жабыңдаршы деп жалынған түрлерін көрсеңіздер ғой, әлі күнге елестетсем, жүрегім ауырады. Науқастарға тер қатып, дене қызуы көтеріліп қинала бастайды. Шөл қысып, сандырақтап, су сұрап 1-2 сғат қиналады да жан тапсырады. Көз алдымда қаншама адамдар өмірімен осылай қош айтысып жатты. Тек балам жатқан кішкентай палатаға күніне 6 адам келеді, кешке барлығы өліп қалады. Қайта толады тағы қырылып қалады. Жансақтау бөлімінде палата көп, қаншасы өліп жатқанынан хабарым жоқ. Біздің палатада күнде тек менің балам ғана қалады. Есін жиған кезде көріп, жүрегі қан жылайды…», — дейді ауруханадағы жантүршігерлік жағдай туралы.
Аурухан қайтыс болғандардың көптігі сонша дәрігерлердің оларға қарауға мұршалары жоқ екенін айтады.
«Біз жансақтау бөлімінде болғандықтан ауыр науқастар келеді. Өлгендерді әспеттеп жатуға дәрігерлерде де мұрша жоқ. Олар да әбден қалжыраған, ашулы, естері шыққан. Өлгендерді аяғынан, қолынан малша сүйреп дәлізге шығарып тастай береді…
Одан әрі біреулер алып кететін сияқты. Өйткені босаған аппаратқа қарап тұрған, келіп жатқан науқас көп. Бәрі ауыр қалде. Өлген адамды бұрын-соңды көрмеген екенбіз. Біз шок жағдайда болдық. Балама қарама, бетіңді ары бұр деймін. Ол кейде есін жинап алып, қасындағы адамдарды қайда деп сұрайды. Айтарға сөзім жоқ.
Неткен қасірет!», — деп қан жұтқан ана Маңғыстауда ауру өршіген кездегі жағдайды бүкпесіз айтып салды.
«Пневмония басталған кезде қаншама маңғыстаулық осылай малша қырылып қалды… Емделіп, ол жерден тірі шыққан ешкім болмады. Үлкен кісілер келген бетте 2-3 сағаттың ішінде көз жұмып жатты. Мен жанұшырып жоғары жақта бір-екі адамға хабарластым. Олар көмектесті, бірақ жалпы науқастарға, сол провизорлық ауруханаға қажет жағдайды жасап, қосымша күш, жабдықтар беріп жатты. Облыстық әкімдік тарапынан қосымша күш, дәрі, оттегі үздіксіз беріліп жатты. Одан не пайда? Адамның тағдыры емхананың ішінде шешіледі», — деген ол қанша жерден қосымша күш келгенімен дәрігерлердің қолынан ештеңе келмейді деп күйінді.
«Пневмонияны емдеу туралы дәрігерлерде ешқандай сауат болмады. Олар пневмонияны емдеуге дайын емес еді. Ешқандай тәжірибе де болмады. Тек ауыр науқастарға оттегі берген болды. Арасында науқастардың аузына су тамызып, арқасына спирт жағып, массаж жасап, көмектесіп, қараған болады. Бізге бұрылып қарайтын жан жоқ. Ауру көп, олар да арпалысып жүр, нәтиже жоқ. Менің неше күн бойы ұйқы-күлкісіз арпалысып жүріп, есім шығып кетті. Қашан оттегі бітіп қалады, ол біткенде дәрігер сылтауратып қоспай жүріп алады. Балам қысылып, барлық денесі көгеріп, тұншығып өліп барып бір тіріледі. Жандары ашымайды. Мал ғұрлы көрмей, оттегіні үзіп, өлтіре салудан тайынбайтын қасапшыны да көрдім. Бұлданбай, ерегіспей дұрыс қосып бере салса екен деп мөлтектеп, екі көзіміз жәутеңдеп жалынып тұрамыз.
«Бол, тез» — деп бірдеме айтуға дәрмен жоқ. Бірдеме десек, кислородты айырып тастап, сылтау айтып кілтті өзімен алып кетіп қалады. Басқа ауру да көп қой. Жалпы оттегі бар, дұрыс қоса алмай, аппарат дұрыс болмай қиналады олар», — деген Шынар өмірінде мұндай қорлық көрмеген шығармын деп егіледі.
«Олар тағы да оттегіні үзіп тастады. Бұл жолы балам ұзақ тұншығып, ақыры диафрагма болды, тамыры жарылып, бір қолы ісіп кетті. Содан кейін жағдайы күрт түсіп кетті. Мәулен деген дәрігер істетті осыны. Ол мені тыңдамай, баламды күшпен апарып, наркоз беріп, жалпы жансақтау бөліміндегі ИВЛ арпаратқа салып тастады. Оған салу — адамды өлтіру деген сөз екенін мен де білемін, дәрігерлер де біледі. Шырылдап артынан жүгірдім. Мені елеген де жоқ… Міне, осылай өлтірді баламды. ИВЛ-ға салды…
Одан кейінгісі есімде жоқ. Аспан құлап, мені басып қалғандай күйде, есімнен танып қалдым», — дейді ботасынан айырылған бозінгендей боздаған ана.
Ертесіне баласының денесін алып Алматыға жол тартқан. Сол жақтан қыршын кеткен баланың жаназасы оқылады. Біршама уақыттан кейін Шынардың өзі де дәл сол аурумен ауырады. Жақындары Түркияға емделуге жібермекші болғанда, карантин енгізіліп шекаралар жабылды дейді.
«Алматыда бауырларым Берік пен Мәлік жанталасып жүгіріп диагностикалық орталықта өкпемді томмографиядан өткізді. Бір қарапайым терапевт мен медсестра әкеліп, маған бірден қарқынды ем бастады. Білесіздер ме, менің организмім емді бірден жақсы қабылдап, 2-3 күнде басымды көтердім. 60-70 пайыз зақымдалған өкпем 5-7 күнде қалпына келді. Өз көзімізге өзіміз сенбедік. Бұл емделетін ауру екен. Тіпті «өте ауыр» деген диагноздың өзін тез-ақ емдеуге болады екен. Ол үшін білікті дәрігер, қажетті дәрі, мықты антибиотик қажет екен. Мен өмірімде бір де бір рет антибиотик қабылдап көрмеген жанмын. Тіпті, кәдімгі ампициллин ішіп көрмеппін. Бірден сауықтым. Құдайға мың шүкір, дейік… Әттең, әттең бұл ем ұлыма жасалғанда ғой. 2-3 күнде орнынан тұрып кетер еді… Әттең тонның келтесі-ай… Күллі Маңғыстауда осы емді жасайтын бір дәрігер болмағаны ма?! Маңғыстау медицинасы неге сонша дәрменсіз болды? Дәрі бар, дәрмен жоқ. Білімсіздік түпке жетті. Алматының кез-келген бір учаскелік терапевтсі жасағанды біздің Ақтау неге жасай алмады? Неге олар науқасты емдеуге дайын болмады?», — деп Шынар баласына қараған дәрігерлердің білімсіздігіне, біліксіздігіне ашынады.
Шынардың ендігі өзін жұбанышы — баласының соңғы күндерінде ешнәрсеге қарамай жанында болып, аналық махаббатын бере алғандығы.
«Көңіліме медеу болар бір ғана зат- ол, ешқандай қиындық, кедергі, заң, ережеге қарамастан ұлымның қасында болғаным. Қиналғанда демеу болып, онымен бірге қиналып, вирусты ауамен бірге тыныстап, ақырғы күндері мен түндерін бірге өткізгенім, өмір үшін бірге күрескенім болды. Қолымнан медициналық көмек келмесе де, аналық махаббатымды арнап, баламды баурыма басқаным болды. Ешқандай өлімнен де, індет, covidтен де қорықпадым. Ойыма да келмеді. Тек, малша қырылып жатқан қазағымды көру ауыр тиді…» — дейді Шынар.
«Ауруға қажеті оны дұрыс емдеу ғой. Ал, біздің ақ халаттылар оған бастапқыда дәрменсіз болды. Бұл шындық. Басында олар ештеңе жасай алмады. Қазір естіп жатырмын, тәжірибе жинақтап, жан-жақтан мамандар келіп, емдеп жатыр дейді. Алғашқы толқында ештеңе жасай алмады, олар. Көп адам содан обалды болып өлді. Менің ұлым, менің жап-жас батырымның обалы — сол дәрігерлердің біліксіздігінде. Оның үстіне адамгершіліктен жұрдай адамдар да жоқ емес екен…
Елге келген індет үшін жасап жатқан еңбектерін де жоққа шығармаймыз», — деп түйді ойын Шынар.
stan.kz