Қырғыздар Кенесарыға ескерткіш қоюы керек – Қырғыз тарихшысы

0

Қырғыз тарихшысы Замирбек Осоровтың қазақтың Кенесары ханына қырғыз астанасында ескерткіш қою керек деген жазбасы желіге тарады. Замирбек мырза бұл сөзді 30 маусым күні Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазыпты. Бүй депті:

«Біз ел астанасына қазақтың соңғы Ұлы ханы Кенесарыға арнап ескерткіш қойсақ дұрыс болады. Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады. Өмір бойы патша басқыншыларымен күрескен бұл Ұлы адам патша қуғыншыларынан қашып бізге, жақын туысқанына келді. Ал, біз оның басын кесіп, патша өкіметіне тапсырдық. Соған қарамастан қазақ халқы бізге деген бауырмалдықты сақтап қалды.  

Сондықтан, Ұлы ханға ескерткіш қойып, бауырлас қазақ халқынан кешірім сұрап, Бішкектегі орталық бір көшеге Кенесарының атын берсек дұрыс болады», — деп жазыпты. Жазыпты да, «Борьба за мир» Қоғамдық қорының атынан Валерий Яковлев пен Замир Осоров деп «қол қойыпты».

Замирбек Осоровтың бұл жазбасына желідегі қырғыз туғандар шамдана қарап, қабақ түйіп, қату сөйлепті. Содан 1 шілде күні Осоров мырза тағы бір жазба жариялапты. Онда:

«Егер Кенесары Шу жазығында қырғыздармен соғысса, өзі де өлді. Ал қырғыздар патшалық Ресей билігінің алдында құрдай жорғалап, құлдық көрсетіп, ханның мәйітін қорлады.

Бірақ Шабдан батыр да патша шенеугіні ретінде көп қырғызды өлтірді және соған мақтанды. Елдің әр аймағындағы қырғызды жазалау акциясын жақсы атқарғаны үшін Ақ патшадан марапат алды.

Ал оның құрметіне Бішкектің ең үлкен көшелерінің біріне аты берілді. Ескерткіші тұр. Менше ол бұл құрметке лайық емес! Сол секілді Михаил Фрунзенің ескерткіші де біздің халқымыздың бірлігін әспеттеп тұрған жоқ. Ол басшы да азаматтық соғыс жылдары көп қырғызды қырып салып аты шыққан адам. Егер Шабдан батыр мен Михаил Фрунзенің ескерткіштерін алмайды екенбіз, ендеше қырғыз халқын басқыншылардан қорғаймын деп өмірін қиған батырларға да ескерткіш қою керек! Оларды совет тарихшылары «басмашы» деп атаған. Совет және патша баскесерлерінің қолынан шейіт кеткен қырғыздарға да ескерткіш қою керек! Сонда әділетті болады! Осы жағынан Кенесарының ескерткіші де әбден лайықты болар еді.

Мен Ол (Кенесары) қырғызға соғыс үшін, жер үшін келді дегенге сенбеймін. Ақ патшаға қарсы күрескен батыр ондайға бара қоюы екіталай… Ол қырғыздың би-манаптары мен халқынан көмек сұрап келсе керек. Бірақ, қырғыздар оның арқасына пышақ сұқты. Ал оның басын ең құнды олжа ретінде патша билігіне апарып беруі осының дәлелі. Қырғыздың бір ғана руының билерінің бұл ақылсыз әрекетінен бүкіл қырғызға сатқын, қылмыскер деген ат келді. Егер біз Кенесарыға ескерткіш қойсақ, бұл – қазақ-қырғыз қарым-қатынасын жақсартатын қадам болады!».

Рас, қазақ-қырғыз қарым-қатынасы контексінде Кенесары ханның есімі ерекше маңызды фактор. Кенесары хан қазақ үшін қадірлі тұлға! Ал оның тарихтағы рөліне қатысты қырғыздағы пікір екіұшты. Қазақ-қырғыз тарихшыларының арасындағы бұл дау, тіпті, бір жылдары мемлекет басшыларының деңгейінде сөз болған.

Бұ жолы әне, қырғыз тарихшысы «Кенесары бабамызға ескерткіш орнатып, орталықтан көше берейік» деп сөйлепті. «Кенесарының басқыншы империяға бірлесіп күресейік деп келгенін мойындайық, бұл қазақ-қырғыз достығын нығайтады» депті.

Егер қырғыз тарихшысы айтқандай, Кенесарыға ескерткіш орнатылып, көше аты берілсе, бұл – қазақ-қырғыз достығын нығайтуға жасалған үлкен қадам, саяси дипломатиялық шешім болары сөзсіз.

Өкінішке орай, пост-кеңестік елдердің көбінде тарихи оқиғаларға қатысты әлі күнге ресейлік көзқарас басымдыққа ие екені шындық. Соның ішінде Кенесарыға қатысты тарих та бар. Ресей билігі мұны екі ел арасына жаулық көзқарас қалыптастыру үшін тиімді қолданып келе жатыр. Бұрын да, қазір де… Сондықтан, тарихи шындық қандай болмасын, қырғыз тарихшысының ұсынысы бауырластықты арттыратыны сөзсіз. Сіз не дейсіз?

Abai.kz