«Мұндай сұмдықты өмірімізде көрмедік»: Алматы облысында қабір қазушылар үлгермей жатқандарын айтып, дабыл қақты
Алматы облысының қабір қазушылары соңғы күндері қаза болып жатқандардың саны күрт өскенін мәлім етті.
Бейіт басында жұмыс істейтіндердің сөзінше, соңғы үш күнде олар 35 адамды жер қойнына тапсырған. Мұндай сұмдықты өмірімізде көрмедік деген арнайы қызмет халықтан коронавирус індетіне бей-жай қарамай, барынша сақтанып жүруді өтініп сұрап жатыр.
Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында орналасқан бейітте біраз уақыттан бері қабір қазатын Дмитрий Макаров соңғы үш күндегі жағдайды айтудың өзі ауыр дейді.
«Жағдай өте ауыр. Соңғы үш күнде күніне 10-15 адамды жерлеу рәсімі өтеді. Өз басым күніне 3-4 адамға қабір қазамын. Адамдардың неден өліп жатқанын білмеймін. Тіпті, тапсырысты қабылдамай, үлгермей жатырмыз. Өз басым мұндай сұмдықты өмірімде көрмедім. Бұған дейін осы Еркіндегі үлкен зиратта күніне 1-2 адамның ғана жерлеу рәсімі өтетін», — деді Дмитрий Макаров.
Дмитрийдің сөзінше, бұл зиратта мұсылмандардың да, христиандардың да бейіттері қатар орналасқан. Өзі болса ұлтқа бөлмей, келіскен ақшасына қабір қазып береді.
Ал Сандуғаш Дүйсенованың ұйымы сәуір айынан бері Талдықорғанға қарасты Еркін және Еңбек ауылындағы зираттарды күту және тазалық қызметтерін атқарады. Қанша адамның жерленгенін жазып отыратын маман: «соңғы үш күндегі жағдай жағамды ұстатты», дейді.
«Үш күнде біз мұсылмандар мен христиандардан 26 адамды жерледік. Оның үстіне қосымша ессіз қалған 9 адамды жерледік. Бізде мұндай жағдай өмірі болған емес. Үш күннің ішінде 30-дан артық адамды жерлеу деген сұмдық. Сондықтан, халайық сіздерден өтінемін, маскаларыңызды киіп, қазіргі қиын кезде бостан бос көшеге шыға бермей, үйде отырғандарыңыз дұрыс шығар», — деді зират күтуші Сандуғаш Дүйсенова.
stan.kz