Дипломдық жұмыс. Қазақ баспасөзі – Алаш зиялыларының большевизмге қарсы күресі

0

Мазмұны

 

Кіріспе………………………………………………………………………………..

 

I.      Қазақ баспасөзі – Алаш зиялыларының большевизмге

   қарсы күресі тарихының дерек көзі…………………………….

 

ІІ. Алаш зиялыларының көрнекті өкілі-М.Шоқайдың большевизмге қарсы      күресі…………………………………………..

 

Қорытынды………………………………………………………………………..

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер тізімі……………..

 

 

Кіріспе

 

Диплом жұмысының өзектілігі.  ХХ ғасырдың бас кезі қазақ қоғамы үшін, ұлт болашағы үшін қауіпті кезең еді. Бір қоғамнан келесі қоғамға көшу отарлық езгіні тереңдете түсті. Осы тұста қоғамдық күреске қазақ қоғамы үшін мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күш – ұлттық зиялылар араласа бастайды. Орыс мектептері мен жоғарғы оқу орындарында білім алып, отаршыл мемлекеттік басқару аппаратындағы қызметке және қазақ арасында орыс мәдениетін     егіп, тарату үшін даярланған зиялылар мұның бәрін жиып қойып, ұлттық тәуелсіздік пен ұлттық мәдениеттің өсіп-өркендеуіне, ұлт өмірін қайта құру мақсатында қызмет ете бастайды. Соның нәтижесінде қазақ қоғамында мүлде жаңа сападағы жағдай қалыптасып, отарлық тәуелділікке қарсы күрес оның негізгі белгісіне айналады. Ал Кеңес үкіметі орнауы барысында зиялылар қызметі күрделеніп, дами түседі.

Барлық көрінісі жағынан қазақ қоғамы үшін нағыз өтпелі кезең болған сол уақытта тарих  сахнасына көтеріліп, небары жиырма жылдай уақытқа созылған қысқа мерзімде өшпес із қалдырған бұл ұлт зиялылары кімдер еді? Олар еліміздің тарихында қандай орын алмақ? Бұл сауалдарға тарих толығымен жауап бере алды ма? Әрине, оған толық жауап берілген жоқ. Анығырақ айтқанда, қазақ зиялыларының жүріп өткен тарихи жолы, әсіресе күрделі тарихи өтпелі кезеңдері мен сол кезеңдерде өзінің белсенді қызметімен қоғамдық дамуға пәрменді ықпал еткен түрлі қоғамдық күштердің, жеке тарихи қайраткерлердің өмір жолын талдап, зерттеу әлі аяқталмаған міндет деуге болады. Соның ішінде Кеңес үкіметінің толық орнауымен жолы кесілген, оған дейін, тіпті кеңес үкіметі орнағаннан кейін де жалғасын тапқан қазақ зиялыларының тәуелсіздік алу үшін жүргізген күресі, осы жолдағы қағамдық-саяси қызметтері халқымыздың күрделі тарихының толық жазылмаған ақтаңдақ беттеріне жатады.

Біз, яғни кейінгі ұрпақ кеңес үкіметінің таңдаған жолы – большевизмнің даму жолының сәтсіз аяқталғанының куәсі болдық.  Осы орайда біз үшін большевиктер таңдаған жолдан өзге бағыт болды ма – осы мәселе өзекті болып көрінеді. Тек тәуелсіздік жылдары зерттеле бастаған зиялыларымыздың қоғамдық-саяси қызметі, жалпы ХХ ғасыр басындағы еліміздің саяси жағдайы жөніндегі еңбектер арқылы ғана сұрағымызға жауап іздеуге мүмкіндік туа бастады. Кеңестік тарих ғылымы ұлт зиялыларының қызметін «буржуазиялық ұлтшылдық» көрінісі деп бағалап келді. Бұл шын мәнінде берілген баға ма, әлде ұлы державалық пиғылдағы баға ма еді?  Осы сауалдарға жауапты да зиялылардың әрбірінің өмір жолын толық зерттегенде ғана таба аламыз.

Ұлттық зиялылар дегенімізге қандай анықтама беруге болады? М.Шоқай тілімен айтсақ «Белгілі-бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды зиялылар деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады. Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр.  Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни, жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде, ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі» [1; 175-176]. Міне осы салмақты тарихи міндетті арқалаған ұлт зиялыларымыз деп кімдерді атай аламыз. Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Шоқай, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы, С.Қожанов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы т.б. ұлтқа қызмет еткен азаматтардың қайраткерлік қызметтері зиялылар деп айтуға толық негіз бола алады. Олардың барлығы азаттық үшін алысыр өткен. Зиялылардың қызметін жан-жақты зерттеу үшін олардың қоғамдық саяси көзқарасын білу өте маңызды.

Ленин бастаған большевиктер партиясының ұйымдастыруымен болған қазан төңкерісінің бұрынғы империя халықтарына өлшеусіз қайғы-қасірет әкелгендігі және большевиктердің зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық шын мәніндегі ақыл-ойы, ар-ожданы, абыройы болған зиялы қауымның қарсы күрескендігі белгілі. Сол большевизмге қарсы шыққан топтық алдыңғы қатарында Алаш азаматтары да болғанын мақтана айтамыз. Осы күнге дейін тарихи бұрмалана жазылып келген азаттық күрес тарихының бұлтартпас айғағы және жазба дерегі – ұлттық басылымдар. Зиялы қауымның қоғамдық-саяси көзқарастары, сондай-ақ большевизммен күресінің қандай жолмен, қандай дәрежеде жүргендігі осы басылымдардан айқын көрінеді. Сондықтан да біздің тақырыбымызды жан-жақты ашуға көмектесетін бұл дерек көздерін бітіру жұмысының зерттеу объектісіне айналдырдық.

Тағы да бір айтатын үлкен мәселеміз, ол-ұлт зиялыларының бірі әрі бірегейі, ұлттың ұйытқысы, тірегі, рухани білегі, өз заманында Түркістанда орнаған Кеңестік биліктің отаршыл сипатын қатесіз тани білген және онымен ымырасыз күреске бүкіл ғұмырын арнаған, сондай-ақ бұл күреске бұрын Түркістан халықтары тарихында болмаған жаңа мазмұн баріп, инттеллектуалдық көкжиекке көтерген ұлы қайраткер Мұстафа Шоқай туралы.

Мұстафа Шоқай Түркістан халықтары тарихында бүтін-бір кезеңді қамтыған ерекше құбылыс. Ол ерекшелік қайраткердің Түркістан халықтарының 1917 жылғы Кеңестік билікке балама Түркістан (Қоқан) автономиясы үшін демократиялық қозғалысқа басшылық жасаумен шектелмей, кеңес үкіметі орнап, зиялыларды саяси қуғынға ұшырата бастағанда саяси эмиграцияның негізін қалап, шетелде большевизмге қарсы күресін баспасөз арқылы жүргізгендігінде еді. Сондықтан да Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси қызметі және тәуелсіздік үшін күрес жолы  —  бүгінгі  ұрпақ үшін өнешелі тарихты толықтыра түседі. Оған жеке тоқталу ғылыми жұмысымыздың мәнін аша түседі. Таңдаған тақырыбымыздың өзектілігі де осында.

Зерттелу деңгейі: Кеңестік тарих ғылымында ұлттық зиялылардың қоғамдық қызметін «буржуазиялық ұлтшылдық» немесе «күні өткен феодалдық тәртіпті жақтаушылық» ретінде бағалап келді. Сондай-ақ қазақ қоғамын феодалдық мешеулік отарлық тәуелділіктен алып шыға алатындай қоғамдық-саяси әлеуметтік күш болған жоқ  деген тұжырым етек алып келді.  «Тарих – таптар күресі» деген принципті ұстанған кеңестік зерттеушілер зиялылар қызметіне біржақты баға беріп, тап жаулары ретінде қарастырды. Тек Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері кезінде кеңестік жүйе тұсында көзқарастарын, қоғамдық-саяси қызметтерін толық және шынайы зерттеуге мүмкіндік болмаған саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ интеллигенциясының күрделі тағдыры жаңа методологиялық принциптер негізінде зерттеле бастады. Енді «тарих – адам қызметі» деген принципті басшылыққа алған отандық зерттеушілер еңбектері жарыққа шыға бастады [25; 20]. Осы тақырыпқа қатысты зерттеулерге тарихнамалық шолу жасап көрелік.

ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ  зиялыларының ұлттық демократиялық көзқарастары мен тәуелсіздік жолындағы күресін бағалау екі бағытқа бөлінді. 1925 жылғы желтоқсан айында өткен Ү өлкелік партия конференциясында Голощекин «алаштықтардың» әрекеттерін «Біз ақпан революциясына дейінгі және одан кейін де басында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов және М.Дулатов сияқты ұлтшыл қазақ интеллигенциясы тұрған ұлттық қозғалысты қалай бағалауымыз керек? Сондай-ақ бұл ұлтшыл интеллигенция тобына біздің партияның  қазіргі қатынасы қандай болмақ? Түсінікті ғой, жолдастар, ақпан революциясына дейінгі буржуазиялық азаттық қозғалысы, мәселен, Қытайдағы ұлтшыл-буржуазиялық эелементтер бастаған ұлттық революциялық қозғалыс сияқты, объективті революцияшыл болды, ол қазір реакцияшыл, тіптен контрреволюцияшыл. Басқа ештеңе емес» деп қорытты [31; 9-10]. Ұлт-азаттық қозғалыс интеллигенцияның қызметіне берілген бұл партиялық баға теория жүзінде ұлшт-азаттық қозғалыс идеологиясына және практикада оның иесі ұлттық демократияшыл интеллигенцияға қарсы шабуылға көшуге негіз болған еді. 20-жылдардың екінші жартысында партиялық тапсырма бойынша алаш қозғалысы тарихына арналған А. Бочаговтың [4] очерктері және Мартыненконың [5] құжаттар жинағы жарық көрді. А.К. Бочагов өз еңбегінде қазақ зиялыларын 3 топқа бөліп қарастырды: жоғарғы, орта және төменгі. Мұнда әр топтың мүшелерінің саяси ұстанымдары олардың төңкеріске дейінгі кәсіби деңгейіне, материалдық жағдайына және қоғамдағы иерархиялық орнына қарай бөлді. Жалпы, бұл екі автор да ұлт-азаттық қозғалысқа қарабайыр таптық тұрғыдан ғана келіпқоймай, сонымен бірге қазақ тіліндегі құжаттық материалдарды елемеді, сондай-ақ ашықтан-ашық тарихи деректерді бұрмалай жазды.

Қоғамдық өмірде қалыптасқан жағдайға байланысты ұлт-азаттық күрес зиялыларына қатысты екі көзқарас байқалды. 1933 жылы 8-28 желтоқсан аралығында қазақ марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институттында Алашорданың контрреволюциялық рөліне арналған ғылыми конференциялар өткізілді. Конференцияда Брайнин мен Шафиро Алашорда тарихы бойынша жазып жатқан очерктер кітабы негізінде баяндама жасады. Баяндаманы талқылау барысында Меңдешев, Асфендияров, Федоров, Мусиндер ғасыр басындағы зиялылардың қызметін бұрмалап, біржақты түсіндіруге қарсылық көрсетсе, Жангелдин, Құрамысов, Брайнин, Шафиро бастаған екінші топ мәселені тұрпайы социализм тұрғысынан баяндау әдісін ұстанды [6; 23].

1935 жылы жарық көрген С.Брайнин мен Ш.Шафироның кітабы асығыс, тек ОГПУ-лық деректер негізінде жазылған еңбек болатын [7]. Соған қарамастан бұл кітап алаштық идеологиямен ымырасыз күресті талап еткен Орталықтың ойынан шықпады. Сондықтан да Өлкелік партия комитеті оны, артынша Мартыненко жинағын кітапхана қорларынан алу туралы үкім шығарды [8; 155].

Қазақ демократиялық интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін зерттеу 20-30-жылдары осындай деңгейде жүрді, ал 37-38 жылдардағы жаппай репрессиялау саясаты, тоталитарлық идеологияның салтанат құруы бұл мәселенің дербес тақырып ретінде ғылыми зерттеу жұмыстары санатынан ұзақ мерзімге шығып қалуына алып келді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына дейін қазақ зиялыларының қоғамдық саяси қызметі мәселесін арнай зерттеу тақырыбы есебінде алған монографиялық деңгейдегі еңбектер жарық көрмеді. Тек кеңестік құрылысқа арналған еңбектерде зиялыларға қатысты жанама мәліметтер беріліп қалатын [9; 139].

Біз қарастырып отырған тақырыпты зерттеудегі шын мәніндегі жаңа кезең 1980-жылдардың соңына қарай басталды. Репрессия құрбаны болған зиялылардың біразы ақталғаннан соң-ақ олардың қоғамдық-саяси қызметі «дөңгелек столдардың» тақырыбына айналды.

Академик М.Қ.Қозыбаевтың қазақ ұлт-азаттық қозғалысы мен қазақ интеллигенциясы тарихына байланысты жарық көрген еңбегі мәселені жаңа теориялық-методологиялық тұрғыда талдау қажеттігін көрсетті [10].

М.С.Бурабаевтың 1991 жылы шыққан «Общественная мысль Казахстана в 1917-1940 гг.» атты зерттеуі ХХ ғасыр басындағы зиялылардың қоғамдық саяси көзқарастарын зерттеген алғашқы жазылған еңбек [11]. Ғалым К.Нүрпейістің «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегі Алаш зиялыларының рөлін объективті бағалайтын әрі ғылымилығы жағынан құнды болса [12], М.Қойгелдиев өзінің «Алаш қозғалысы» монографиясында зиялылардың қоғамдық-саяси қызметін, олардың ақпан, қазан төңкерісі тұсындағы қызметін, большевизмге қарсы күресі тарихын ашып көрсетті [3]. Д.А.Аманжоловтың «Казахский автономизм и Россия» атты зерттеу еңбегінде зиялыларымыздың ұлттық-территориялық автономия құру мәселесі терең талқыланды [13].  Т.Омарбеков пен Ш.Омарбековтың «Қазақстан тарихына  және тарихнамасына ұлттық көзқарас» атты еңбегі мәселені қаластыруда жаңа концептуалдық көзқарас ұсынады [2]. Ал Қ.Атабаевтың деректанулық тұрғыда жазылған «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918)» монографиясы алғаш рет қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық көзқарастары мен ұлт-азаттық күресі жолындағы әрекеттерін олардың өздерінің баспасөз беттерінде жарияланған еңбектеріне деректанулық талдау жасай отырып, объективті баға береді [14].

Жалпы айтсақ тәуелсіздік алғалы тарихымызды түгендеп жатқан тарихшылар ХХ ғасыр басындағы зиялылар қызметін ұлттық тұрғыдан талдауды бастады. Осы орайда С.Рүстемов [15], А.К. Мамраева [16], А.М.Ауанасова [17], Ж.Қ.Симтиков[18], Ж.М.Уәлиханова [19], М.С.Сәулембекова [20], П.М. Сүлейменов [21], Л.М.Хасанаева [22], Ш.Т.Омарбеков [23], т.б. ғалым-тарихшылардың еңбектерін атап көрсетуіміз керек. Оларда негізінен жекелеген зиялы топ өкілдерінің қоғамдық-саяси қызметтері арнайы түрде қарастырылады.

Біз қарастырып отырған Алаш зиялыларының ішіндегі бірі әрі бірегейі – сол кезеңде өмір сүріп, өзінің саяси-әлеуметтік көзқарастарын жан-жақты танытқан Мұстафа Шоқай. Оның тарихтағы рөлін ашып беруге көмектесетін еңбектерге тоқталсақ,  Қазақстанда Мұстафа Шоқай жайлы ең алғашқы шыққан еңбек Ә.Әлімжановтың жинақтауымен жарық көрген «Түркістанның қилы тағдыры» еңбегі[24]. Ол сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың өмір жолы жайлы да еңбек жазды [25]. А.Х.Қасымжанов та «Ұлы даланың зиялылары» атты монографиясында М.Шоқайдың өмірі мен саяси қызметіне тоқталды [25]. Тарихшы- ғалым М.Қ.Қойгелдиев «Алаш қозғалысы» атты монографиясында М.Шоқайдың саяси идеяларына тоқталып, жоғары баға береді [3]. Қазіргі таңда М.Шоқайдың өмірі мен қызметі жөнінде құнды еңбек 1997 жылы Стамбулдан шыққан Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқайдың «Естеліктері» [27]. Сондай-ақ, шоқайтанумен айналысып біршама материалдар беретін М.Қойгелдиев [28, 29], Ә.С.Тәкенов [30; 31;32], Н.Алдабек [33], С.Ж.Сапанов [34], Б.И.Садықова [35,36,37], Х.Абдуллин [38], А.Мустафин [39], А.Нүсіпхан [40], С.Ибрашев [41] т.б. зерттеушілердің еңбектерін атап көрсету керек. Тағы бір ерекше атын атауға тұрарлық Түркия азаматы Х.Өралтайдың Алаш және Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы тарихына арналған «Алаш – Түркістан  түркілерінің ұлттық азаттық үшін күресінің ұраны» атты еңбегі. Ол ертеректе шыққанымен, оның қазақ басылымдарына жарияланып жүрген материалдары туелсіздіктен кейін ғана [22].

Біз қарастырып отырған мәселеге қатысты және жалпы қазақ тарихына байланысты Елбасы Н.Назарбаев барлық еңбектерінде айтады. Соның біразын бізысымызда пайдаландық [42,43,44].

Деректік негізі: Диплом жұмысы негізінен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының большевизмге қарсы күресін деректерге қарай отырып, оларға талдау жасау арқылы жан-жақты ашып көрсетуге бағытталады. Сондықтан да алғашқы тарау ХХ ғасыр басындағы ұлттық басылымдар зиялылардың большевизмге қарсы күресінің дерек көзі деп аталады. Бұл таза деректанулық болғандықтан көбіне дерек көздері – ұлттық басылымдармен жұмыс істеуді қажет етеді. Негізгі дерек көзі ретінде біз «Қазақ» газеті, «Айқап», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Тіршілік» сияқты ұлттық-бейресми мерзімді басылымдарды алдық Себебі бұлар – қазақ зиялыларының большевизмиге қарсы күресі тарихы жайлы біршама объективті мәліметтер беретін басылымдар, олай дейтініміз олардың маңына топтасқандар сол Кеңес үкіметінің ұлт саясатына қарсы, ұлттық-демократияны қолдайтын ұлт зиялылары болатын.

1998 жылы Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сақовтардың құрастыруымен «Қазақ» газетінің материалдары кітап болып басылып шықты [45], 1995 жылы «Айқап» журналының матералдары да жинақталып, бір кітапқа енгізілді [46]. Бұлар құнды дерек көздеріне жатады. Сондай-ақ С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» мемуарындағы көптеген мәліметтер біз қарастырып отырған тақырып үшін қажет саналады [47].

Келесі, Мұстафа Шоқайдың тарихи портретін айшықтауға көмектесетін деректер тобына М.Шоқайдың жарық көрген «Таңдамалысы» [18], «Туркестан под властью Советов» [48], «Түркістанның қилы тағдыры» [24] және М.Шоқай мен зайыбы Мария Шоқайдың «Естеліктері» [27] жатады.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері:  Диплом жұмысының мақсаты – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының большевиктік Кеңес үкіметіне қарсы, оның отарлық саясатына қарсы шығып, ұлт-азаттық күресін жан-жақты, сол кездегі ұлттық мерзімді басылымдарға талдау жасау негізінде ашып көрсету; сонымен бірге азаттық күрестің өкілі Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси қызметтегі рөліне өзіндік баға беру.

Осы мақсаттарға сәйкес мынадай міндеттерді шешуді көздедік:

  • қазақ зиялыларының большевизмге қарсы күресі тарихын зерттеу;
  • ХХ ғасыр басындағы ұлттық-бейресми басылымдарды большевизмге қарсы күрес дерегі ретінде қарастыру, олардағы мәліметтерді талдау;
  • Ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси көзқарасын және күрес жолындағы әрекетін зерттеулер мен деректерге сүйене отырып зерттеу және оған бүгінгі таным тұрғысынан ғылыми баға беру.

Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері:  Диплом жұмысының алғашқы тарауы негізінен қазақ зиялыларының ұлттық мерзімді басылымдары шығып тұрған кездерді – 1917-1918 жылдарды қымтыса, Мұстафа Шоқайдың тарихи қызметі ол қайтыс болғанға дейін (1941 жыл) созылады.

Диплом жұмысының құрылымы: диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған деректер мен зерттеулер тізімінен тұрады.

 

 

    І. Қазақ баспасөзі – Алаш зиялыларының большевизмге қарсы күресі   тарихының дерек көзі

 

Бұрынғы Ресей империясының құрамындағы халықтар, соның ішінде Қазақстан тарихына үлкен өзгерістер мен қоғамдық сілкіністер әкелген 1917 жылғы ақпан-қазан төңкерісінің ХХ ғасыр тарихында алар орны ерекше. Бұл мемлекеттік төңкерістерден соң  Ресей және оның құрамындағы елдердің тағдырын түбегейлі өзгерістерге ұшыратты. Осы кезден бастап кеңес үкіметі толық орнағанға дейінгі қоғамдық құбылыстарға қатысты мол мағлұмат жинаған, мұқият талдауды қажет ететін деректердің үлкен бір тобын мерзімді басылымдар құрайды. Бұл уақытта елімізде әр алуан партиялардың, саяси топтар мен ұйымдардың газеттері мен журналдары бірнеше тілде шығып тұрды [14; 254].

 

 

Скачать