Жүкті әйел босануы қалай өтеді? (+18)
Көбіне, босанатын уақыт толғақтан басталады.
Толғақ – бұл жатыр мойнының ашылуына әкелетін жатырдың қысылуы. Олар бірнеше сағат бойы іштің төменгі жағында және бел жақта созылыңқы түрде, жиі қайталанады. Мұндай кезде әйел ішінің қатая бастағанын сезеді. Толғақ бірнеше секундқа созылады да соңынан жатыр босаңсиды. Бірінші толғақтар ауырсынуды сезінбегендіктен, байқалмай қалады. Толғақтың арасындағы үзілістерде әйел ешқандай ауырсынуларды сезінбейді. Бірінші туу толғағын босану «хабаршыларынан» ажырату үшін жатырдың қысылу ұзақтығын және толғақ арасындағы ұзақтықты бірнеше рет өлшеп отыру керек. Нағыз туу толғағы әрбір 10-12 минут сайын 1 рет болып отырады. Егер сіз толғағыңыздың ұзақ және жиі қайталанғанын байқасаңыз, демек босанатын уақытыңыз тақалды.
Босанар алдында ұрық айналасындағы судың (амниотикалық сұйықтық) төгілуі жүреді. Су түссіз сұйықтық сияқты болады. Төгілетін судың мөлшері – 250-300 мл. Оның бірден қайтуы мүмкін немесе бірнеше сағат бойы ағуы мүмкін.
Есіңізде болсын! Егер суыңыз қайтса (үйде болсаңыз), босану үйіне толғақтың басталуын күтпей-ақ баруыңыз қажет. Себебі ұрықтың жатырда қорғанышсыз (бұл қорғанысты оған тоғыз ай бойы ұрық маңайындағы су қамтамасыз етті) ұзақ уақытқа қалса, босанатын кезде және босанғаннан соң түрлі қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан ұрық маңайындағы су мен жүктіліктің соңында күнделікті бөлінетін сұйық, көп мөлшерде бөлінетін іріңді затты айыра білу керек.
Іріңді бөліністің мөлшері судың мөлшерінен айтарлықтай аз екенін айта кету керек. Егер су бір уақытта ақса, онда ішкиіміңіз кәдімгідей суланады. Егер де қандай да бір күмәніңіз болып жатса, міндетті түрде дәрігеріңізбен кеңесіңіз.
Босану әрекетінің негізгі кезеңдері
Ашылу кезеңі (1-сурет). Сіз енді толғақ басталғанда әйел адамның не сезінетінін білесіз. Ал оның ағзасының ішінде не болып жатады екен? Толғақ не үшін қажет екен? Осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.
Толғақ кезінде бұлшықеттердің жиырылуы және жатыр мойнына ұрық қапшығының қысым түсіруінің нәтижесінде жатырдың ашылуы басталады. Босану уақыты басталғанға дейін жатыр мойны ені 2,5-3 см, ал ұзындығы 2-3 см цилиндр тәрізді көрінеді. Олардың ортасынан жатыр кеңістігіне апаратын цервикальды канал өтеді. Жүктілік кезінде цервикальды канал жұмылып тұрады, бірақ босанатын уақыт басталмай тұрып оның сыртқы ауызы ашыла бастайды (ішкі акушерлік тексеруде 1-2 саусақ еркін өте алады). Босанатын уақыт басталғанда алғашқы 4-6 сағатта цервикальды каналдың ішкі ауызы арқылы жатыр мойны қысқарады және толықтай тегістеліп жіңішкереді. Нәтижесінде бұрынғы жатыр мойны енді төменгі жатыр сегментін береді. Бұдан соң босанудың белсенді фазасы басталады – ұрықты шығару кезеңі. Ол шамамен 4-6 сағатқа созылады. Бұл кезде толғақтың қарқындылығы мен ауырсыну белгілері артады. Бұл уақытта әйел босанатын залда болу керек.
Толғақ кезінде босанушының хал-жағдайын қалай жеңілдетуге болады?
Жеңілдетудің бірнеше қарапайым жолдары бар:
- Толғақ кезінде мұрын арқылы дем алып, ауыз арқылы шығарып, терең тыныс алу керек. Дем алу бір қалыпты, толғақ күшіне байланысты болуы керек.
- Әйел адам толғақ кезінде өзін судың ішінде жақсы сезінеді. Егер мүмкіндік болса, жылы душ қабылдап алуға болады (бірақ ыстық емес!).
- Ішке массаж жасау: шалқаңыздан жатып, екі қолыңыздың саусақтарының ұшымен іштің төменгі жағын асықпай, нәзік түрде жан-жаққа сипалаңыз.
- Нүктелі массаж:
а) аяқтың кішкентай саусағын жайлап қысу;
б) екі саусағыңызбен құлағыңыздың жұмсақ жерін екіге бөліп, бір минуттай қысып ұстап тұрыңыз.
— Жайлап жүруге болады, арасында төртаяқтап тұруға да болады немесе мықты нәрсеге асылып тұрыңыз (ең жақсысы – сүйіктіңіздің иығына).
— Беттің бұлшықеттері (әсіресе ауыз) жатыр мойнымен тығыз байланысты. Сондықтан ішіңіздің ауырсынғанын басу үшін бетіңізді босаңсыту керек. Қабағыңызды түймей, күлімдеуге тырысыңыз. Тіпті өлең айтуға да болады.
— Сүйікті әуеніңіз де ауырсыну белгілерін сездірмейді.
Қуып шығу кезеңі (2 және 3-суреттер)
Жатыр мойны толықтай ашылған соң, ұрықтың босану жолдары арқылы өтуі басталады. Бір уақытта күшену де басталады – құрсақ тығыршығының бұлшықеттері мен жамбас түбінің жиырылуы.
Дұрыс күшену. Күшенуді ерте бастамаңыз. Кері жағдайда сәбиіңіз не өзіңіздің босанатын жолдарыңыз жарақат алуы мүмкін. Сондықтан босанатын кезде дәрігер мен акушердің айтқанын тыңдау қажет: олар міндетті түрде күшенетін уақытты айтады.
Босанушының жағдайын жеңілдету үшін көптеген босанатын үйлерде қолданылатын арнайы үстелдер мен төсектер тұтқалармен (күшенетін кезде әйел адам ұстап тұру үшін) және аяқ қоятын тіреуіштермен (аяғын тіреп тұру үшін) жабдықталған. Бұл кезде қол мен аяқ бүгіліп тұрады, бұл іштің бұлшықеттеріне салмақтың түсуін күшейтеді.
Күшенетін кезде бойыңыздағы барлық күшіңізді жинап, терең дем алып, тынысыңызды сәл ұстап қалып, ішіңіздің бұлшықеттері арқылы сәбиіңізді жатырдан шығаруға тырысыңыз. Келесі әрекетті дәрігеріңіздің айтуы бойынша қайталаңыз. Шамамен бір толғақ кезінде 3 рет күшенуге болады. Қатты күш салып күшенсеңіз, сәбиіңіз де дүниеге тез келеді.
Жолдастың «дүниеге келуі» (4-сурет)
Сәбиіңіздің дүниеге келуімен босануыңыз аяқталды деп ойламаңыз. 5-15 минуттан соң іштің төменгі жағында тағы да созылыңқы ауырсынулар басталады, күшенгіңіз келеді. Бұл – баланың жолдасының (плацента) шығуы басталып жатыр деген белгі. Бұдан арылу үшін дәрігердің айтуы бойынша бір рет күшену жеткілікті. Егер босанушының бұған күші жетпесе, оған дәрігер көмектеседі. «Дүниеге келген» жолдасты дәрігерлер міндетті түрде мұқият зерттейді. Егер қандай да бір бөлшегі жатырда қалып қойса, міндетті түрде оны алып тастау керек.