Нұр-Сұлтанда блок бекеттер алынды – видео

0

1 маусымға қараған түні Қазақстанда облысаралық блок бекеттер алынып тасталды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда олар 78 күн жұмыс істеді

Екі айдан астам уақыт оқшауланған елордадағы блок бекеттердің қалай алынғанын Sputnik Қазақстан видеосынан көріңіз.

Күн сайын полицейлер, дәрігерлер, құтқарушылар мен әскери қызметшілер және қарапайым қазақстандықтар коронавируспен күресуге көмек көрсету үшін блок бекеттерде кезекшілік атқарды. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, республика бойынша қойылған 400 блок бекетте 52 мыңға жуық адам жұмыс істеді.

Олар карантин кезінде 3,2 миллионнан астам көлік пен 5 миллион жолаушыны тексерді.

Оқи отырыңыз: «Ешқайда шықпайды»: пойыздағы жаңа тәртіп туралы айтылды

Қазақстандықтар блок бекеттер алынғаннан кейін автокөлікпен өңірлер арасында еркін жүре алады. Ал қалааралық автобустар 5 маусымнан бастап жолға шығады деп жоспарланған. Бұдан былай қалаға кіре берісте азаматтардың дене қызуы өлшенбейді, сапар мақсатын растайтын құжаттары тексерілмейді.

Бақылау бекетінен бетон қоршаулар, қызметкерлерге арналған шатырлар мен жол белгілері алынды.

Билік өкілдері оқшаулау аяқталғанымен, коронавирус жойылған жоқ деп ескертеді. Індеттің қайта өршуінің алдын алу үшін азаматтар әлі де санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс.



sputniknews.kz